Accessibility links

Украин солдаттары Қырымнан кетер-кетпесін білмейді


Украина әскери теңіз күштерінің сарбазы базаны тастап шығар алдында отбасымен сөйлесіп тұр. Қырым, Феодосия, 24 наурыз 2014 жыл.

Украина әскери теңіз күштерінің сарбазы базаны тастап шығар алдында отбасымен сөйлесіп тұр. Қырым, Феодосия, 24 наурыз 2014 жыл.

Қырымдағы украин солдаттары не үй-жайын тастап, Украинаға көшеді, немесе Ресей азаматтығын алады. Украинаға барғанда, оларға үкімет жағдай жасай ма? Қалған күнде Ресейдің маңдайынан сипауы екіталай.

Ольганың жолдасы Украинаның Қырымдағы ең ірі әуе базасы – Севастополь маңындағы Бельбекте әскери маман болып жұмыс істейтін. Бірақ бұл базаны өткен сенбіде Ресей әскері басып алды.

ҚАЛҒАНДАР ҚЫСЫМҒА ҰШЫРАЙДЫ

Қырым дағдарысы бұл отбасын Украина не Ресейді таңдауға мәжбүрлеп отыр. Бүкіл өмірін Қырым түбегінде өткізген басқа да мыңдаған украин әскерилері сияқты бұл шаңырақ та екі оттың ортасында қалды.

Украина президенті міндетін атқарушы Александр Турчинов наурыздың 24-і күні елдің қорғаныс министрлігіне Қырымдағы барлық украин әскерін шығару туралы бұйрық берді.

Бірақ үкімет бір амал жасамаса, сарбаздар мен олардың бала-шағасының Украинада барар жері, басар тауы жоқ. Егер олар Қырымда қалса, онда Мәскеуге адалдық антын беруі тиіс, әрі өздері Украина азаматтығын сақтап қалуға өтініш бермесе, бірден Ресей азаматы болып шыға келеді. Ал мұнда Украина азаматы болып қалғандар қудалауға ұшырауы мүмкін.

КӨШКЕНДЕ ҚАЙДА БАРАДЫ?

Киевтегі қорғаныс саласының басшылары Ольганың жолдасы сияқты Украинаға адалдығын сақтап отырған мыңдаған сарбазды Ресей аннексиялап алған аймақтан қалай алып шығудың жолдарын әлі талқылап жатыр.

Украина басшылығы олардың әскери көліктермен көшкенін қалайды. Бірақ Ресеймен екі арада Украина қарулы күштерін құрлық арқылы көшіру жөнінде келісім жоқ.

Ольга ресейшіл күштердің қысымынан қорқып, күйеуінің атын атамауды өтінді. 22 жастағы келіншек «мәселенің шешімін Севастопольдегі жалдамалы пәтерде отырып күтетіндерін» айтады.

- Біз нақты шешім күтеміз. Нақты бұйрық, айқындық керек. Ертеңгі өмірімізге қандай да бір кепілдік берілуі тиіс, - дейді ол. Жүктерін көтеріп, Украина әскери теңіз базасынан кетіп бара жатқан солдаттар. Қырым, Феодосия, 24 наурыз 2014 жыл.

Жүктерін көтеріп, Украина әскери теңіз базасынан кетіп бара жатқан солдаттар. Қырым, Феодосия, 24 наурыз 2014 жыл.


Ресей қарулы күштері түбектегі әскери нысандарды басып алған соң, Украина президентінің міндетін атқарушы Александр Турчинов әскерді шығаруға тапсырма берді. Оның айтуынша, «украиндық солдаттар мен олардың отбасы мүшелеріне Ресей әскері қауіп төндіретіндіктен, үкімет осындай шешім қабылдауға мәжбүр болған».

Наурыздың 24-і күні Феодосиядағы Қара теңіз базасына Ресей әскері басып кірді. Ондағы Украина флотының бригадасы теңіз арқылы Украинаға өтіп кетті. Қорғаныс министрлігі олардың қайда орналастырылғанын ашық айтпайды. Дегенмен ақпарат құралдарының хабарлауынша, бригада Украинаның құрлықтық бөлігіндегі Қырыммен шектесіп жатқан Гениченск аймағындағы әскери базаға қоныстанған.

«ХАЛЫҚТАН БАСҚА ЕШКІМ КӨМЕКТЕСПЕЙДІ»

Қорғаныс министрлігі құрған арнайы комиссия Қырымнан әлі шығарылмаған солдаттарды қоныстандыратын орын сайлап жатыр. Ресей Украинаның шығыс шекарасына жақын жерде әскерін шоғырландырып жатқандықтан, Украина үкіметі Қырымнан шыққан сарбаздардың қайда қоныстанатыны туралы ақпаратты әскери құпия ретінде жасырып отыр.

Қырым дағдарысын реттеудегі қауқарсыздығы мен украин солдаттарын екі оттың ортасында қалдырғаны үшін Украина қоғамында үкіметке деген наразылық күшейген еді. Наурыздың 25-і күні Жоғарғы Рада (Украина парламенті – ред.) Украина қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Игорь Тенюхті осы үшін қатты сынады.

Ал Ольга Киевтегі үкімет таяу арада Украинаға адалдығын сақтаған солдаттарды жаңа жұмыс орнымен және баспанамен қамтамасыз ету туралы шешім шығарады деп үміттенеді. Әзірге оларға уақытша қонақүйлерде тұруға және медициналық қызмет алуға жәрдемақы берілетіні хабарланған.

- Қазір әскерилерге халықтан басқа ешкім көмектесіп жатқан жоқ. Олардың артында қолдаушы болып отырған украин халқынан басқа ешкімі жоқ, - дейді Ольга.

ТЕЛЕФОНМЕН ҚОРҚЫТУ

Ольга да, оның жолдасы да Қырым түбегінің оңтүстік жағалауындағы курортты қала – Алуштада туып-өскен. Олар өмір бойы Қырымда тұрып келеді.

Ольганың енесі әлі күнге Алуштада тұрады. Оның ол жерден кеткісі жоқ. Сондықтан, жас отбасы «бұл жерден кетсек, анамызды мүлде көре алмай қаламыз ба» деп алаңдайды. Ал мұнда қалған жағдайда Украина азаматтығынан бас тартпаған солдаттарға әлімжеттік жасала ма деген қауіптері бар.

Ресей күштері басып алған кезде қолға түскен Украинаның алты офицерінің тағдыры әлі белгісіз. Олардың арасында Бельбектегі армия командирі, полковник Юрий Мамчур да болған.

Оның зайыбы Лариса Азаттыққа берген сұхбатында «ресейшіл күштердің оларға күн көрсетпеуі мүмкін екенін» айтты. Ресейшіл күштердің қасынан өтіп бара жатқан бала жетектеген әйел. Қырым, Феодосия, 24 наурыз 2014 жыл.

Ресейшіл күштердің қасынан өтіп бара жатқан бала жетектеген әйел. Қырым, Феодосия, 24 наурыз 2014 жыл.


Ақпанның 28-і күні Ресей қарулы күштері келгенге дейін қыздары Симферопольдегі Қырым Мемлекеттік медицина университетінің ең озық студенттерінің бірі саналатын.

Бір аптадан соң ресейшіл профессор «әкесі нашар адам» деп, полковниктің қызын емтиханнан құлатып тастаған.

Бұдан соң студент алдыңғы курстарда алған балдарының негізінде Украинаның орталық аймағында орналасқан Винница ұлттық медициналық университетіне ауысып кеткен.

Ольганың айтуынша, қазір Украинаға адалдығын сақтап отырған солдаттардың әйелдеріне орысша сөйлейтін біреулер телефон соғып, күйеулерін Украинаға берген антынан бас тартуға үгіттеуді талап етіп, қорқытып жатқан көрінеді.

Ольга «өлсем де ондайға бармайтынын» айтады.

- Сарбаздың жары, әрі қарапайым азамат ретінде айтсам, алдағы бес-он жылда жағдай өзгереді. Тарих алға озады. Сонда «өз отанын сатқан адам» деген сөз күйеуімнің бетіне өмір бақи шіркеу бола ма деп қорқам. Оның жаманатқа қалғанын қаламаймын, - дейді Ольга.

(Рон Синовицтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG