Accessibility links

Алексиевич: "Біздікі - милитаристік мәдениет"


Беларусь жазушысы Светлана Алексиевич Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде. 5 қазан, 2016 жыл.

Беларусь жазушысы Светлана Алексиевич Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде. 5 қазан, 2016 жыл.

Соғыстың қарапайым құрбандары туралы жазған көркем шығармасы үшін Нобель сыйлығын иеленген Беларусь жазушысы Азаттықтың Прага кеңсесінде қонақта болып, сұхбат берді.

Нобель сыйлығының иегері, 68 жастағы Беларусь жазушысы Светлана Алексиевич Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде бүгінгі әдебиет, соғыс пен саясатқа қатысты жеке пікірін білдірді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі адамдардың көрген азаптары жайында кітап жазған Алексиевич биліктің агрессияға толы сыртқы саясатын қолдайтын ресейліктерге шошына қарайтынын айтады.

«Біздікі - милитаристік мәдениет. Соғыс адамымыз. Одан басқа (соғыстан - ред.) тарихымыз да жоқ. [Тарихта] біз не соғысқа қамданып жатамыз немесе соғысып жатамыз. Міне, осы милитаризм психологиямыздағы барлық тетіктерді басқарып тұр» дейді жазушы.

2014 жылы Ресейдің Украинаға қарайтын Қырымды аннекциялап алуын және одан кейін Ресейдің Украинаның батысындағы сепаратистерді қолдап, қолпаштауын Алексиевич «Украинасыз Ресей өзін империя ретінде сезіне алмайды» деп түсіндірді. « Бұл соғыста Украина жағындамын» деген жазушы «таңдауын әділ және дұрыс» деп санайды.

«Толстой, Достоевский мен Ремаркты тауысып оқыған, саясаттан хабарым бар, советтің «қызыл адамдары» мен олардың тарихын 30 жылдай зерттеген менің өзіме [Ресейде] не хал кешіп жатқанымыз түсініксіз» дейді Алексиевич.

Жазушы қазіргі Ресейде телевизор қосу қорқынышты екенін айтады. «Не кезекті жаңа әскери кеменің жасалғанын немесе танк пен әскери ұшақтың шыққанын көресің».

Нобель сыйлығының иегері Украина мен Ресейдің қазіргі айырмашылығын «Украина болашаққа қарайды», «Ресей керісінше, өткен шағын айналсоқтап жүр» деп бағалады. Алексиевичтің пікірінше, ресейліктерге жоқшылық пен құлдырауды елемеу үшін, өздерін қатардан қалмағандай көру үшін «үстемсіне қарау» идеясы тән. Жазушы қазіргі Ресейді осы «үстемсіне қарау» идеясы еліртіп тұрғанын,мұның қауіпті екенін айтады.

«Әлем «адамды емес, идеяны жою керек» деген ойды мақұл көреді. Жеккөрушілік бізді ештеңеден құтқармайды. Тек махаббат пен тіл табысу [құтқарады]» дейді жазушы. Алексиевич екі кітап жазуға дайындалып жүр. Оның бірі - ер мен әйел махаббатына қатысты. Екіншісі - кәрілік пен ажалдың жайы. «Пенде бұ дүниеден өтер кезде нендей ойға түседі? Осы сұрақ толғандырып жүр» деді Азаттықтың қонағы Светлана Алексиевич.

Беларусь жазушысы Светлана Алексиевич 2015 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын алды. Жазушы Нобель сыйлығы берілген соң өзіне түскен көпшілік назарын «адамдардың санасында зорлық-зомбылықсыз төңкеріс жасау үшін» пайдаланғысы келетінін айтқан еді.

XS
SM
MD
LG