Accessibility links

Ресейшілдерді дәріптеген «галерея» дәліз болып шықты


Прагадағы Коуммунистік партия кеңсесі дәлізіндегі суреттер.

Прагадағы Коуммунистік партия кеңсесі дәлізіндегі суреттер.

Ресейдің мемлекеттік телеарналары «Прагадағы өнер галереясына Украинадағы ресейшіл сепаратистерді қолдауға арналған көрме қойылғанын» үлкен жаңалық етіп хабарлады.

«Галерея» қайда дейсіз бе? «Галерея» деп жүргендері Чех коммунистік партиясы штаб-пәтерінің дәлізі екен.

Ресей мемлекеттік телеарналарының көрермендері осы аптада «Прагада ең танымал өнер галереясының бірінде фотокөрме өткенінен» хабардар болды. Ұйымдастырушылар бұл фотокөрмені «Еуропалық БАҚ жасырып келген Украинадағы шын жағдайды жария ету» деп көтермелейді. Әйтеуір, «Россия 24» арнасы бұл көрмені осылай дақпыртын асырып көрсетті.

Ресейдің «Бесінші арнасы» да әлгі дәлізді «өте танымал галерея» деп әспеттейді. Теларна суреттерде «Одесса кәсіподақ ғимаратындағы өрттен кейінгі жағдай бейнеленген» дейді. Сол кезде Одессада Украинаның тұтастығын қолдайтын шерушілер мен ресейшіл топтар қақтығысып, 40-тан аса сепаратистерді қолдайтын адам қаза болған еді.

Егер Праганың әйгілі орындары - Leica галереясы, New Town Hall немесе Прага үйі мамырдың 2-сі күні Одессада болған сұмдық өрт, яки Украина азаматтары мен ресейшілдер қақтығысы туралы көрме өткізуге ынта білдірсе бір жөн. Бірақ олардың бұған еш қатысы жоқ.

«ЕУРОПАҒА ШЫНДЫҚТЫ ӘЙГІЛЕУ»

Шараның Чех коммунистік партиясының (ресми түрде: Богемия және Моравия коммунистік партиясы) бесінші қабаттағы ұсқынсыз дәлізінде өтіп жатқаны рас.

Чех коммунистік партиясы кеңсесінің қабырғасына ілінген "Одессадағы шабуыл" туралы фотографиялар.

Чех коммунистік партиясы кеңсесінің қабырғасына ілінген "Одессадағы шабуыл" туралы фотографиялар.

Азаттық тілшісі көрме ашылғаннан екі күннен кейін барды. Түс әлетінде дәліз қаңырап бос тұрды. Коммунистердің «Czech Borderlands» клубының екі егде мүшесі креслода отырды.

Көрмеде интернеттен жиналған, стандартты параққа басылған, шыны тақтаға жапсырылған 20 шақты сурет бар. Ондағы жантүршігерлік фотолардың көбі бұрыннан интернетте жарияланған еді.

Чех коммунистік партиясының газеті «Halo Noviny» редакторы, шараны ұйымдастырушы Моника Хорени Азаттыққа «суреттерді Киев үкіметіне қарсы украиналықтардың өтінішімен ілгендерін» айтты. Ол «Өкінішке қарай, Чехия тұрғындары чех баспасөзінен шынайы ақпарат ала алмайды. Бірақ біз шын жағдайды көрсетуге тырыстық, себебі Украинада сұмдық оқиғалардың болып жатқанына сенімдіміз» дейді.

«Одессаны ұмытпа, фашизмді тойтар!» деген төсбелгі таққан 48 жастағы ер адам «көрме ашылғалы (шілденің басы) 20-30 адам келгенін» айтты. Бірақ одан кейін келуші сиреген.

(Гленн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG