Accessibility links

Бес ай толқудан соң Йемен президенті Сауд Арабиясын сағалап кетті


Әли Абдулла Салех "таңдаулы" БАҚ-пен өткізген баспасөз мәслихатында сұрақ қоятын журналисті таңдап тұр. Сана, 25 мамыр 2011 жыл
Әли Абдулла Салех "таңдаулы" БАҚ-пен өткізген баспасөз мәслихатында сұрақ қоятын журналисті таңдап тұр. Сана, 25 мамыр 2011 жыл

Reuters («Рейтерс») басылымы маусымның 5 күнгі санында Йемен президентінің биліктен кететінін жазыпты. Мемлекеттің ендігі жағдайы Сауд Арабиясы мен елдегі бәсекелес саяси топтардың іс-қимылына тәуелді болмақ.


Маусымның 3-і Санадағы резиденциясында қастандықпен жасалған шабуылдан жарақат алған Йемен президенті Әли Абдулла Салех қазір Сауд Арабиясында медициналық ем қабылдап жатыр. Ал Араб түбегінің бір бұрышында жатқан осы бір кедей елдегі бес айға созылған қоғамдық наразылық шаралары шегіне жетті деп хабарлайды Reuters басылымы.

ЭР-РИЯД АРАЛАСПАСА, АЗАМАТ СОҒЫСЫ ТҰТАНЫП КЕТУІ МҮМКІН

Ал президенттің жарақатының ауыр немесе жеңіл екендігі, оның өзінің ұлдарының бірін немесе немерелерін билікті сақтап қалуға қалдырып кеткендігі, я болмаса қайтадан оралатындығы белгісіз болып отыр.
«Біз қазір өте қауіпті жағдайда тұрмыз» дейді Йемендік саяси сарапшы Әли Сейф Хасан. Оның ойынша, жағдай екі бағыт бойынша өрбуі мүмкін. Алғашқы бағыт бойынша, 69 жастағы Али Абдуллах Салехтың қалдырған билік алаңын оның туыстары иемденуге тырысып, ол Салехтің тайпалас қарсыластарымен қақтығысқа түсуге және азамат соғысына ұласуы мүмкін. Болжамның екінші нұсқасына сенсек, Сауд Арабиясы Салехтің елді тастап шығып, билік тізгінін өткізіп беру жолында арағайындық жасамақ.

Reuters Йемендегі көп жағдай араб әлеміндегі ең ықпалды мемлекет – Сауд Арабиясының алдағы уақыттарда қалай әрекет ететіндігіне байланысты болмақшы деген тұжырым жасайды. Себебі Эр-Рияд Йеменнің қаржылай демеушісі, әрі Салех үкіметі мен әскерін жабдықтап, ауруханаларына қолдау көрсетіп отыр.
Йемендік үкіметке қарсы наразылық танытушылар президент Салехтің Сауд Арабиясына кеткеніне қуанып жатыр. Сана, 5 маусым 2011 жыл

Соңғы бес айда Йемендегі президенттің елден кетуін талап еткен үкіметке қарсы наразылықтар тоқтай қоймаған соң Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағы елдері Әли Абдулла Салех пен оппозиция арасында үш рет келіссөздер жүргізуге талпынған. Алайда, шешуші кезеңде үшеуі де сәтсіздікке ұшырады деп жазады басылым. Дегенмен, «Әл-Қаидаға» қарсы күресте өзге тайпаларды да қаржыландыратын Сауд Арабиясы биліктің кімнің қолына өтетіндігі белгісіз болғандықтан қаржылай көмек көрсету жағын нақты шеше қойған жоқ. Егер Әли Абдулла Салех Сауд Арабиясында қалып қойса, онда Эр-Риядтан пана тапқан Тунис президенті Зиин әл-Абедин Бен Әлиден кейінгі екінші бұрынғы араб басшысы болмақ. Ал биліктен кетсе, Тунис президенті мен Египет президенті Хосни Мүбәрактан кейінгі «араб көктемі» тақтан тайдырған үшінші президент атанбақ.

МЕМЛЕКЕТТІК ТӨҢКЕРІС

Саудиялық саяси сарапшы Халид әл-Дакхильдің айтуынша, егер Әли Абдулла Салех тығырықтан шығар жол іздемесе, Сауд Арабиясына келмеген болар еді. Сарапшы: «Парламент спикері, премьер-министр мен президенттің Сауд Арабиясында болғаны өте тиімді. Бұл Әли Абдулла Салехтің отставкаға кетуін оңайлатады» деген ой айтады.

Бәсекелес кландар мен саяси элиталар екі апта бұрын Сана көшелерінде қақтығысып қалғанын жазады Reuters. Қақтығыстарда 200-дей адам қаза тауып, мыңдаған адам қаладан сыртқа әкетілген.
«Мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенген - президенттің қауіпті қарсыласы, Йеменнің әскери саласындағы ескі гвардия арасында үлкен беделге ие генерал-майор Әли Мохсен әл-Ахмар болуы мүмкін.

Басылымның жазуынша, маусымның 3-і күні жүзеге асып, Әли Абдалла Салехті, премьер-министр мен оның екі орынбасарын және парламенттің қос палатасының спикерін жаралап, жеті оққағардың өмірін қиып кеткен шабуыл жасаушылар асқан дәлдік пен ептілік танытқан. Ал Stratfot («Стретфор») ұйымының сарапшылары: «Әли Абдалла Салех пен өзгелері сарай ішіндегі мешітте болған және олардың мұнда екендігін сарайдың өз ішіндегі адамы айтып берген болуы керек» дейді.

Шабуылдан кейін аудиожазба арқылы сөйлеген президент өздеріне жасалған қастандықты "заңнан тыс қарақшылардың ісі" деп айыптады. Алайда, шабуылды әзірге ешкім өз мойнына алмағанымен, президент оны төңкеріс жасаудың әрекеті деп бағалады. Ұйымның сарапшылары: «Бұл сырт тайпа адамының әрекеті емес, президент Салехқа жақын режим мүшелерінің қолдауындағы әскери адамның ісі» деген пікірде.

Stratfor-лық сарапшылар сол себептен де «Мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенген» - президенттің қауіпті қарсыласы, Йеменнің әскери саласындағы ескі гвардия арасында үлкен беделге ие генерал-майор Әли Мохсен әл-Ахмар болуы мүмкін» деп жорамал жасайды. Әли Мохсен және өзге генералдар 21 наурыз күні мергендер Сана алаңында наразылық танытқан 52 адамды атып түсіргенде, шерушілерді қолдаудан бас тартқан.

БИЛІКТЕН ТАЙДЫРЫЛҒАН БАСШЫНЫҢ «ТАЛАБЫ»

Әли Абдулла Салех биліктен кетуге бел байлауы мүмкін, себебі ол Сауд Арабиясына өзімен бірге отыз бес туысқанын алып кетті деген дерек бар. Ал қанша ұлы мен немересінің бірге кеткені анық емес. Балалары мен туыстарының көбі Йемен үкіметінің аппаратында түрлі қызмет атқарады. Әли Абдулла Салех қазір биліктен «құрметпен кетудің» жолдарын қарастырып жатқанын жеткізген. Ал Араб түбегі мемлекеттерімен билікті өткізіп беру бойынша келіссөздерде ол өзіне қылмыстық қудалауға ұшырамауға кепілдік беруді талап етіп, онысы орындалды деп жазады Reuters басылымы.

Ал Катар университетінің тарих ғылымының профессоры Махджуб Зувейри: «Шерушілер президенттің елді тастап шығуын талап етті. Оның биліктен кетуі шерушілердің талаптарының біріне жауап болуы мүмкін. Меніңше, біз соңғы күндерде болған оқиғалардың Йеменнің саяси сахнасындағы бүкіл жағдайды өзгерткеніне назар аударуымыз керек» деген пікір білдіріпті.

ПРЕЗИДЕНТТІ ҚОЛДАУШЫСЫНАН АЙЫРҒАН - ЖЕМҚОРЛЫҚ ПЕН ЖҰМЫССЫЗДЫҚ

1942 жылы Йеменнің астанасы Санаға жақын жерде туған Әли Абдулла Салех жарытып білім алмаған. 1958 жылы әскери қызмет жолын унтер-офицер ретінде бастайды. Оның саясат жолында жасаған алғашқы қадамы өзі сияқты хашед тайпасынан шыққан Солтүстік Йеменнің президенті Ахмед әл-Гашми оны Солтүстік Йеменнің екінші ірі қаласы - Таиздың губернаторы қылып тағайындаудан басталды. 1978 жылы Ахмед әл-Гашми бомба жарылысынан қаза тапқанда, Салех оның орнын басады.
Әли Абдулла Салех 1990 жылы дәстүршіл Оңтүстік Йемен мен марксшыл Солтүстік Йеменнің бірігуі кезінде бүлікшілер мен сепаратистерді аяусыз жаншып отырған.
Йеменнің саяси режиміне қарсы жұрт жұма намазынан соң дұға қылып отыр. Сана, 27 мамыр 2011 жыл

Ал 1994 жылы Салех оңтүстік Йеменнің біртұтас Йеменнен бөлініп шығу әрекетіне тосқауыл қояды. 1994 жылдың қазанында Йемен парламентінің сайлауымен билікті қолына алған Әли Абдулла Салех 1999 және 2006 жылдары жеті жыл мерзімге қатарынан екі рет президент болып сайланады.

Отыз жылдан аса уақыт билік жүргізіп келе жатқан Әли Абдулла Салех шетелдің көмегі мен әскери қолдауына ие болып, билігін нығайту үшін елдің солтүстігінде шииттермен қақтығыстарда, оңтүстікте марксистік көтерілісшілермен және шығыста «әл-Қаида» жасақтарымен күресте ішкі қайшылықтарды қолданып отырды.

Президентті қолдаған жақтастары сыбайлас жемқорлық пен жұмыссыздықтың күрт артуынан көңілі қалып, шерушілерге қосылып кетті. Халықтың шамамен 40 пайызы күніне екі доллар ғана немесе одан да аз табыс табады. Ал үштен бірі аштық деңгейінде өмір сүріп жатыр.
XS
SM
MD
LG