Accessibility links

Чехиядағы қонақ үй ресейліктерді кіргізбейді


Brioni Boutique қонақүйінің қожайыны Томаш Крчмарж. Чехия, Остава, 31 наурыз 2014 жыл.

Brioni Boutique қонақүйінің қожайыны Томаш Крчмарж. Чехия, Остава, 31 наурыз 2014 жыл.

Чехияның Острава қаласындағы қонақ үй қожайыны Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне наразылық білдірудің ерекше түрін ойлап тапты. Ол Ресей азаматтарын қонақ үйіне кіргізбейді.

Әжептәуір шығынға бататынын, заңға томпақ әрекет жасап отырғанын сезсе де, қонақ үй иесі Томаш Крчмарж алған бетінен қайтпай отыр.

ЕСІКТЕГІ ЕСКЕРТУ

Сырттан қарағанда Brioni Boutique мейманханасының басқа қонақ үйлерден аса көп айырмашылығы жоқ.

Алайда Brioni Boutique есігіне «Ресейдің Қырымды аннексиялауына байланысты 2014 жылғы наурыздың 24-інен бастап Ресей азаматтарын қонақ қыла алмаймыз. Ресейдің заңды құрметтейтін барлық азаматтарынан кешірім сұраймыз. Құрметпен, Brioni Boutique қонақ үйі» деген хабарландыру жазылған.

Қонақ үй қожайыны Томаш Крчмарж Ресейдің Украинаның Қырым түбегін басып алуына және Еуропа Одағы мен Чехияның бұған қарымта ретінде қатаң шаралар жасамауына наразылық ретінде Ресей азаматтарын қабылдамау туралы шешім шығарған.

Әжесі украин Крчмарж «Ресей Қырымда тұр, Еуропа Одағы мәселені кілем астына тығып тастап, әдеттегі қарым-қатынасын жалғастырып отыр» деп кейиді.

"Егер 1939 жылғы оқиғаны еске түсіре алмасақ, 1968 жылғы жағдайды, тіпті болмаса 2008 жылғы Грузиядағы оқиғаны еске түсірсек болады ғой" дейді ол.

Крчмарж фашистік Германия мен Совет Одағының - Чехословакияға, Ресейдің Грузияға басып кіру оқиғаларын меңзеп тұр.
Brioni Boutique қонақүйі есігіндегі хабарландыру.

Brioni Boutique қонақүйі есігіндегі хабарландыру.



«ШЫҒЫНДЫ КӨТЕРЕМІН»

Қоғамның енжарлығына ашуланған ол саяси қарсылығын осылай білдіргенді жөн санайды.

"Мұндай әрекеттерге енжар қарап отыра берсек, Ресей мұны біздің әлсіздігіміз деп түсінеді. Бұл – өктем жұрттың табиғатына тән нәрсе" дейді ол.

Дегенмен Крчмарж жалғыз өзінің бұл әрекеті саясатқа бәлендей әсер ете қоятынына сенбейді. Өткен жылы Чехияға Ресейден миллионға жуық турист келгенін білетін ол бұл әрекетінің кесірінен біраз табыстан қағылатынын да сезеді.

"Ресей туристеріне бойкот жариялаған әрекетім басқалардан гөрі менің қалтама көбірек әсер ететінін жақсы түсінемін. Дегенмен бір-екі жыл оған да көнуге дайынмын" дейді ол.

Бұл қонақ үйге түсетіндердің 10 пайызы Ресей азаматтары екен.

ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?

Томаш Крчмарж 10 пайыз табысынан айырылумен қатар заңға томпақ әрекетке де барып отырған тәрізді.

Чехия заңдары ешкімді жынысына, жасына және басқа да ерекшеліктеріне қарап кемсітуге тыйым салады. Чехия омбудсмен мекемесінің пікірінше, «Қонақ үй жария түрде қоғамдық қызмет көрсететін орын, Крчмарж мұндай шешімді жеке өзі шығара алмайды, бұл кемсіту әрекеті болуы мүмкін».

Бірақ заң баптары оның бұл әрекетіне сәл де болса мүмкіндік қалдырғандай. Себебі чех заңдары азаматтығына емес, ұлтына қарап кемсітуді жазалайды. Бірақ өз әрекетінің заңдылығын уайымдап отырған ол жоқ.

"Мүлде қорықпаймын. Ешкім мені мертіктіріп тастамас" дейді ол.
Brioni Boutique қонақүйі.

Brioni Boutique қонақүйі.



Бойкот туралы шешімін жариялаған соң Крчмаржтың электрондық поштасына реніш білдірген, қорқытып-үркіткен хаттар түсе бастаған.

Қонақүй қожайыны Еуропа Одағы Мәскеуге қарсы қатаң шараларға барғанға шейін шығын шегуге дайын.

"Соғыс аңсап отырған жоқпын, соғыс ешкімге жақсылық әкелмейді. Маған Брюссельдің сыпайы сөздері керек емес, маған олардың қатаң шаралар қолданғаны керек. Оның қандай әрекет екенін білмеймін, мамандар біледі. Меніңше, Ресейді Еуропаның есігінен сығалай алмайтындай етіп оқшаулау керек. Саясаткерлер қарекет жасамайынша, мен өз бетімше қарсыласа беремін" дейді Томаш Крчмарж.

(Андриус Кунчинаның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG