Accessibility links

Чех ғалымдары Мосулдағы жәдігерлерді түгендеп жатыр


Мосулдағы әйгілі Нұр әл-Дин мешіті, Ирак. (Көрнекі сурет)

Мосулдағы әйгілі Нұр әл-Дин мешіті, Ирак. (Көрнекі сурет)

Чехия археологтары Ирактың Мосул қаласында тарихи жәдігерлерді қиратқан «Ислам мемлекеті» тобы келтірген зардап көлемін анықтауға кірісті.

«Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобы «пұтқа табынушылар мұрасы» деп, Сирия мен Иракта өзі бақылауға алған өңірлердегі тарихи ескерткіштерді, ғимараттар мен басқа да жәдігерлерді қиратып жатыр.

Әсіресе, Мосул қаласы вандалдардан қатты зардап шеккен. ИМ ондағы тарихи жәдігерлердің біразын күл-талқан еткен.

– Өкінішке қарай, «Ислам мемлекеті» [Мосулды] жүйелі түрде талқандап жатыр. Олар қаланың өткенін, оның тарихи тамырын, дәстүрлерін, яғни Мосул тұрғындарын өткенімен байланыстырып тұрғанның бәрін мақсатты түрде жойып жатқанға ұқсайды, – дейді Чехиядан солтүстік Иракқа арнайы барған археолог ғалымдардың бірі, Батыс Богемия университетінің оқытушысы Карел Новачек.

Ирактағы «мәдени геноцидке» қатты алаңдаған чех ғалымдары бұл тағылыққа қайткенде де тосқауыл болу керек деген ниетпен Таяу Шығысқа келген.

Чехия Ғылым академиясының Шығыстану институтымен бірлескен олар Мосул қаласындағы ИМ террорлық ұйымының кесірінен қиратылған тарихи жәдігерлердің тізімін жасауға кірісті.

Қолда бар ғылыми деректерге, архив құжаттарына, жергілікті тұрғындар түсірген суреттер мен хабарларға және жер серігі арқылы түсірілген бейнелерге сүйенген олар ИМ қиратқан мұраны түгендеп жатыр.

ӨРКЕНИЕТ БЕСІГІ

Карел Новачектің айтуынша, ғалымдар бірлесіп ИМ-ның Мосулдағы жәдігерлерге келтірген зиянын жан-жақты зерделеген соң, бұл мәліметтер Ирак басшылығына және халықаралық қоғамдастыққа таратылады. Сонан кейін әлем жұртшылығы жұмылып, қаланың қалған жәдігерлерін сақтап қалудың қамын жасайды дейді ғалым.

ИМ содырлары талқандаған Жүніс пайғамбардың кесенесі. Мосул, Ирак, 24 шілде 2014 жыл.

ИМ содырлары талқандаған Жүніс пайғамбардың кесенесі. Мосул, Ирак, 24 шілде 2014 жыл.

Бағдаттан солтүстікке қарай 400 километр қашықтықта, Тигр өзенінің бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан Мосул қаласы ғасырлар бойы сауда мен мәдениет орталығы болып келеді. Бұл қала мұсылмандардың, христиандар мен иудейлер өркениетінің бесігі болған.

Бай тарихы мен мәдениетінің арқасында Мосул қаласы аспан астындағы музейге айналған, «әлемде оған теңдес тарихи қала жоқ» дейді Новачек.

Өкінішке қарай, ИМ содырлары Жүніс пайғамбардың кесенесін, ежелгі Шис мешітін жермен-жексен қылды.

Ақпан айында олар Мосул музейіндегі мүсіндерді қиратып жатқан содырлардың видеосын да жариялады.

ИМ тобы Мосулдағы тарихи ескерткіштерді қиратып жатыр:

Қолда бар ақпаратқа сүйеніп тұжырым жасаған чех ғалымдары содан бері жағдай тіпті нашарлап кеткен дейді. Карел Новачектің айтуынша, Мосулдағы маңызды деген ескерткіштердің кем дегенде 36-сы талқандалған:

– Тарихи мұрасын жүйелі түрде қиратып жатқан қалада бүтін қалған тарихи ескерткіштерді табу қиын. 12-13 ғасырлардан келе жатқан ескерткіштер із-түзсіз жоғалған, оларды қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Тіпті олар туралы толық мағлұматымыз да жоқ. Бізде бары тек фотосуреттер ғана.

Архитектуралық ескерткіштер қиратылғаны өз алдына, Мосулдың музейлері мен шіркеулерінде тұрған көптеген құнды жәдігерлер ұрланып жатыр дейді ғалым. Оларды қара базарға сатып, одан түскен ақша ИМ-ді қаржыландыруға жұмсалатын болар дейді Карел Новачек.

Десе де, содырлардың вандализмінен аман қалған ескерткіштер де бар екен. Чех ғалымының айтуынша, биік күмбезді Нур ад-Дин мешіті әзірге дін-аман.

– Мосулдың ең әйгілі мешітінің әлі күнге аман тұрғаны таң қалдырады. Оның 12 ғасырдан бері тұрған әл-Хадба мұнарасы – Ирактағы ең бағалы архитектуралық ескерткіш саналады. Білуімше, «Ислам мемлекеті» оларды былтыр шілдеде қиратпақ болған. Алайда, таратылған ақпараттарға қарағанда, жергілікті халық ерікті түрде жиналып, оны қоршап тұрып алған. Ол әлі де сүрілетін ғимараттардың тізімінде тұр, бірақ ИМ идеологтары белгісіз себептермен ойланып отырған сияқты. Бұл таңқалдырады, себебі бұл мешіт – Ирактың басты символдарының бірі, оның суреті тіпті елдің ұлттық ақшасында бейнеленген, – дейді ғалым.

Новачек пен оның серіктері қаладағы христиан ғимараттарының да бұзылмай тұрғанын байқаған:

– Оларға зақым келіп, тоналған, ішіндегі заттары қиратылып, жиһаздары қолды болған. Бірақ, ғимараттардың өздері тұр.

«Ислам мемлекеті» содырлары өздері жасап алған Исламға сай келмейтін мұсылман жәдігерлерін қиратуға көп мән беріп, христиандарға онша көңіл бөлмей жүргенге ұқсайды.

Чех археологы Карел Новачек.

Чех археологы Карел Новачек.

Новачектің айтуынша, чех археологтары жүргізіп жатқан зерттеудің нәтижесі бірнеше айдың ішінде жарыққа шығады. Ғалымдар оған дейін террорлық ұйымдар бұл қаладан шығарылады деп үміттенеді.

Оның үстіне, көне қалада жиырмасыншы ғасырдың басынан бері археологиялық зерттеулер жүргізілмепті. Сондықтан, ғалымдардың қолында тарихи жәдігерлерге қатысты толық ақпарат жоқ.

– Нақты қандай құнды жәдігерлерді жоғалтқанымызы толық айта алмаймыз, және бәлкім мұны енді ешқашан білмейтін де шығармыз, – дейді Карел Новачек.

Койлин О'Коннордың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG