Accessibility links

Чехия мен Словакиядағы таланттар шоуында қырғыз бишіcі бас жүлде алды


Қырғыз бишісі Атай Өмірзақов "Чехия мен Словакия таланттары" байқауында. Братислава, 20 қараша 2011 жыл

Қырғыз бишісі Атай Өмірзақов "Чехия мен Словакия таланттары" байқауында. Братислава, 20 қараша 2011 жыл

Қарашаның 27-і түн ортасына жуық аяқталған "Чехия мен Словакия таланттары" атты байқауда финалға жеткен ондықтың арасында қырғызстандық жас биші Атай Өмірзақов үздік шықты. Еуропалық екі ел тұрғындары шетелдік өнерпазды жергілікті таланттардан да биік бағалап, басым дауыс берген.


Қырғызстанның Қарақол қаласында туған 21 жастағы биші Атай Өмірзақов бұған дейін Ресей (2009) мен Украинада (2010) осы сипаттас шоудың финалына шығып, жергілікті аудитория мен жюри мүшелерінің ерекше назарына түскен еді. Әйткенмен бұл елдердегі көрермендер соңғы сәтте Атайға емес, өз отандастарына басым дауыс берген болатын.

Биші биыл Чехияда тұратын досының шақыруы бойынша Орталық Еуропаға келді. Виза алуға қатысты туған кедергілерге қарамастан ол Словакия астанасы Братиславаға жетіп, күтпеген жерден екі елдің телекөрермендері үшін сенсацияға айналды. Дәл осы қалада өткен байқаудың ақтық сынында чехиялық Prima және словакиялық JOJ телеарналарының көрермендері СМС дауыс беру арқылы қырғызстандық өнер иесін бас жүлдеге лайық деп тапты.

Жюри мүшесі, чехиялық танымал актер Мартин Дейдар жартылай финал кезінде Атай Өмірзақовқа:
Қай елден келгеніңде шаруам жоқ. Тіпті басқа планетадан келсең де бәрібір. Егер сенің финалға шыққаныңды көрсем, мен үшін зор бақыт сол болмақ.

- Қай елден келгеніңде шаруам жоқ. Тіпті басқа планетадан келсең де бәрібір. Егер сенің финалға шыққаныңды көрсем, мен үшін зор бақыт сол болмақ, - деген еді.

Ал финалда тағы бір жюри мүшесі, словакиялық продюсер Яро Славик қырғыз бишісіне Чехия мен Словакия елдеріне, нағыз фанаттарының ортасына қоныс аударуды ұсынды. Екінші орын алып көңілдері пәс болып қалған жергілікті акробаттар дуэтіне қаратып: "Мұңаймаңдар, сендер - Чехия мен Словакиядағы ең талантты адамсыңдар. Ал Атай - біздің байқауымыздың ең талантты өнерпазы" деді.

Чехия мен Словакия елдері бірлесе өткізетін байқаудың бас жүлдегері ретінде Атай Өмірзақов 100 000 (жүз мың) евро иеленіп, АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өнер көрсетуге жолдама жеңіп алды. Жеңімпаз бұл ақшаны анасына пәтер әперуге жұмсамақшы. Буынсыз биші ретінде чехтар мен словактарды тәнті еткен Атай Өмірзақов бір композициясында "Ұлытау" тобы тартқан Құрманғазының "Адай" күйін музыкалық тақырып етіп алған.

"Чехия мен Словакия таланттары" байқауы - ұлыбританиялық халық арасынан талантты адамдар іздейтін шоудың версиясы. Ресейде бұл жоба "Минута славы", ал Украинада "Украина мае талант" деп аталады.


Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG