Accessibility links

Холокост куәгерін марапаттамаған Земанға жұрт наразы


Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Освенцим лагерінен тірі шыққан Джордж (Иржи) Бради.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Освенцим лагерінен тірі шыққан Джордж (Иржи) Бради.

Чехия президентінің Холокосттан аман қалған қарияға мемлекеттік медаль беруден бас тартқаны отандастарының ашу-ызасын тудырды.

Елдегі ондаған азаматтық ұйымдар мен топтар Холокост зардабынан аман қалған 88 жасар Джордж Брадиге өздерінің балама марапаттарын ұсынатындарын мәлімдеді. Олар Қытайдың көңілінен шығу үшін Брадиді мемлекеттік құрметтен айырған Милош Земанның әрекетіне наразы.

Чехияда туып-өскен, қазір Канадада тұратын Бради - «өлім лагері» атанған нацистердің Освенцим (неміс тіліндегі атауы - Аушвиц) лагерінен аман қалған көзі тірі еврейлердің бірі. Қазанның 28-і күні өтетін мемлекеттік марапатты тапсыру рәсіміне қатыспайтын Бради көптеген шақырту алғанын, олардың бәріне баруға үлгерем бе деп күдіктенетінін айтады.

«ҚЫТАЙДЫҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҒУ ҮШІН»

Біраз уақыт бұрын оған президент кеңсесінен хабарласып, Прагаға келіп, қоғамдық қызметі үшін мемлекеттік марапатты алып кетуін сұраған. Чехия президенті Земан табыстайтын бұл сыйлықты алуға қария қазір құштар болып отырған жоқ.

Чехия президенті Милош Земан.
Чехия президенті Милош Земан.

Ол қазанның 24-і күні чехиялық «Радиожурналға» берген сұхбатында «Медальға енді қызықпай қалдым. Басқа жоспарларым бар. Шақырса да бармаймын» деді. Дегенмен ол басқалардың өзін марапаттауға әзір екеніне қуанады, «мұның бәрі чех халқының Холокост азабы туралы білетінін көрсетеді» дейді қария.

Торонто тұрғыны Джордж Бради Холокостты есте сақтау мақсатында ғаламдық акция өткізуді қолдап танылған еді. Брадиді осы бағытта жасаған жұмыстары үшін Ұлырбитания ханшайымы Елизавета және Германия үкіметі мен тағы басқа саясаткерлер мен ұйымдар марапаттаған.

Қазанның 28-і күні өтетін Чехия күні мерекесі алдында Земанның Брадиді марапаттаудан бас тартуына Брадидің туыс інісі, Чехия мәдениет министрі Даниил Германның әрекеті себеп болса керек. Герман өткен аптада Тибеттің рухани басшысы Далай Ламамен кездескен, оған Земан қарсы болған.

Чехия президенті Қытаймен сауданы күшейтуді қалайды, ал Қытай Далай Ламаны сепаратист санайды. Қазанның 22-сі күні Герман Чехия қоғамдық телеарнасына «Президент Далай Ламамен кездессең, ағаңды марапаттау тізімінен алып тастаймыз деп өз аузымен айтты. Енді соны істеп отыр» деп мәлімдеді.

«ПРЕЗИДЕНТ ЕЛДІҢ БЕДЕЛІН ТҮСІРДІ»

Земанның тосын әрекетіне наразы болғандардың ішінде Прага мэрі, елдегі екінші ірі қала Брно мэрі және Оломоуцтегі Палацкий университеті ректоры бар. Прага мэрі Адриана Крначова жеке сайтына «Бради мырзаға қатысты оқиғаны ұят деп санаймын. Сондықтан өзімдегі билікті пайдаланып, оған (Брадиді айтады – ред.) құрмет ретінде Праганың ресми кілтін табыстаймын» деп жазды.

Палацкий университетінің ректоры Ярослав Миллер де бұл пікірге қосылады. Ол Facebook парақшасында «Президент оны мағынасыз сылтаумен марапаттау тізімінен шығарса, Палацкий университеті Иржи Бради мырзаға академиялық марапат ұсынуға әзір. Тым құрығанда Чехия республикасының абыройын сақтап, елі үшін еңбек еткен адамға құрмет көрсетейік» деп жазды.

Президент оны мағынасыз сылтаумен марапаттау тізімінен шығарса, Палацкий университеті Иржи Бради мырзаға академиялық марапат ұсынуға әзір. Тым құрығанда Чехия республикасының абыройын сақтап, елі үшін еңбек еткен адамға құрмет көрсетейік.
Ярослав Миллер

Чехия қаржы министрі Андрей Бабиш президент шешіміне Германның әрекеті ықпал етті дегенді теріске шығарады. Бірақ ол Герман мен Далай Ламаның кездесуін президенттің құптамағанын растайды.

Земан Пекинмен экономикалық байланысты жақсартуға күш салып келеді, ал елдегі адам құқығын қорғау ұйымдары Қытайдың Тибетке қарсы репрессиялық саясатын сынайды. Тибетті 1951 жылы Қытай аннексиялап алған болатын.

Пекин Тибеттің рухани жетекшісі, Үндістанды паналап отырған Тибет үкіметінің басшысы Далай Ламаны басқа мемлекеттердің шақырғанын жақтырмайды. Земан мен оның алдында президент болған Вацлав Клаус Нобель сыйлығының лауреаты Далай Ламамен кездеспеді. Ал дүниеден өткен чехословакиялық диссидент драматург, 1990-жылдардың басында Чехословакия, кейіннен Чехия президенті болған Вацлав Гавел адам құқығын қорғауға халықаралық дәрежеде үлес қосты, тибеттік буддист монахтың досы болды.

Үкіметтегі төрт министр мен басқа да чех саясаткерлері қазанның 28-і күні президент резиденциясы орналасқан Праға қамалында өтетін шараға қатыспайтындарын мәлімдеді. Олар Праганың ескі алаңында Земанның шешіміне наразылық танытып, Чехия күнін бөлек атап өтпек.

БРАДИДІҢ ТАҒДЫРЫ

Джордж Бради 1928 жылы бұрынғы Чехословакияның шағын қаласы Нове-Местода өмірге келген. Қаладағы жалғыз еврей үйі саналған оның отбасы 1939 жылы нацистік Германия шабуылдағанша бақуатты өмір сүрді. Брадидің ата-анасы соғыс басталғанда жер аударылды, олар Освенцимде қаза тапса керек. 13 жасқа толғанда Джордж бен қарындасын Чехословакияның басқа жеріндегі католик туыстарына жібереді, бірақ оларды 1944 жылы бәрібір Освенцимге апарған.

Освенцимде жұмыс істеген Джордж лагерьден аман шығады. Бірақ қарындасы Хана 13 жасында газ камерасында қаза тапқан. Кейін ол туысқан ағасының үйіне оралып, мектеп бітіреді, 1951 жылы коммунистік Чехословакиядан қашып кетеді.

Канада азаматтығын алып, Торонтода сантехника компаниясын құрады. Брадидің басынан өткен оқиғалар туралы 2002 жылы Карен Ливайн ағылшын тілінде «Хананың шабаданы» атты кітап жазды. Кітап 20 шақты тілге аударылған.

Аушвиц-Биркенау лагерінде гитлершіл нацистер Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында бір миллион бір жүз мыңнан артық адамды қырған. Олардың 960 мыңы - Венгрия мен Польша еврейлері, поляктар, сығандар мен совет әскери тұтқындары. Еврейлерді жаппай қыру науқаны Холокост аталып кеткен.

Чарльз Рекнагельдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG