Accessibility links

Украин босқындарының балалары мектепке әзірленіп жатыр


1 қыркүйек күні әлемнің түкпір-түкпіріндегі мектептерде алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталады. Ал Украинаның шығысындағы соғыстан қашып, үйлерінен жырақта жүрген босқын балалардың көбінің мектеп партасына отыруы неғайбыл.

Эдуард Леонтьев есімді бозбала биыл Ресейдің Ульяновск қаласында мектепке бармақшы.

Әке-шешесі және төрт бауырымен олар өткен айда Украинаның соғыс болып жатқан аймағынан Мәскеуден 700 шақырым жерде орналасқан осы өндірістік қалаға көшіп келген. Бұл соғыс оның өмірін түп-орнымен өзгерткеніне қарамастан, Эдуард болашағына үлкен үмітпен қарайды. Ол Ульяновск мектебіндегі жаңа сыныптастарын көруге асық.

– Ол - керемет мектеп, маған қатты ұнады. Мектептің пластик терезелері, кең дәліздері, екі бірдей спортзалы бар, - дейді Эдуард.

Украинаның шығысындағы үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер арасында болып жатқан әскери қақтығыстардың кесірінен мыңдаған адам үйлерін тастап, елдің басқа аймақтарына не шетелдерге босып кеткен. Босқын балалардың мектепке баруы үлкен проблемаға айналды. Жаңадан өмір бастауға ұмтылып жатқан олардың көбі балаларының 1 қыркүйекте партаға отырар-отырмасын білмей дал болып отыр.

– Балаларымның мектепке барғанын қалаймын, бірақ әзірге мектептерден ешқандай жауап жоқ. Белгісіздік деген қиын екен, - дейді Сібірдегі Томск қаласына көшіп келіп, украиналық босқындарға лық толы жатақханада ғұмыр кешіп жатқан Марина Кононова.

Мектепке қажетті керек-жарақты алудың өзі – үлкен мәселе. Мектептен орын тапқан ата-аналардың көбінің балаларын мектепке дайындауға жағдайы жоқ. Сондықтан олар демеушілердің көмегіне зәру.

РЕСЕЙГЕ БАРҒАН БОСҚЫНДАР

БҰҰ-ның мәліметтеріне қарағанда соңғы бірнеше айда Украинадан 700 мыңға тарта адам кетіп қалған. Солардың басым көпшілігі – бала-шаға.

Ресей басшылығы қабылдаған квота жүйесіне сәйкес босқындар елдің түкпір-түкпіріндегі қалаларға қоныстандырылып жатыр. Олардың көпшілігі экономикалық тұрғыдан мешеу қалған шалғай аудандарға жіберілген.

Босқындар. Магадан, Ресей. 26 тамыз 2014 жыл.

Босқындар. Магадан, Ресей. 26 тамыз 2014 жыл.

Осы аптада 180 босқын арнайы рейспен әлемдегі ең суық қала саналатын Сібірдегі Якутск қаласына ұшып келді. Және 200-ге тарта украин босқыны Совет заманында түрме лагерьлерімен әйгілі болған оқшау аймақ – Магаданға барды.

– Бізге Магадан мен Якутскінің бірін таңдаңдар деді, мен Магаданды таңдадым. Бұл бәрібір төбеден бомба жауып жатқан жертөледе ұлымды құшақтап отырғаннан әлдеқайда жақсы, - дейді өткен аптада арнайы әуе рейсімен осында ұшып келген украиналық босқын Ирина Грачева.

ІШКІ БОСҚЫНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ТӘУІР

Украинаның өз ішінде мектеп жасындағы 29 мыңнан астам бала елдің басқа аймағына көшіп барған.

Соғыстың саябырситын түрі жоқ, ал елдің басқа аймағына барған босқын балаларды тез арада мектепке орналастыру науқаны жүріп жатыр.

Анна Гузь 12 жасар қызы Иринамен бірге маусым айында Донецк қаласынан қашып кеткен. Оларға Киевтің шетіндегі уақытша баспанадан бөлме берді, қызы Ирина осы жердегі мектепке баруға қамданып жатыр.

– Бұл қызыма басында өте ауыр тиді. Ол Донецкіден кеткісі келмеді, достары сонда қалды, олар мектепке бәрі бірге баратын.

Содан бері Ирина өзі сияқты босқын қыздармен танысып, достасып кетті, бұл оның көңіл-күйін едәуір көтеріп тастады.

– Киевке келгенде қызым сансырап қалған еді. Мұнда келген соң ол босқын балалармен танысты, енді мектепке солармен бірге барады. Қазір жағдай біршама түзелді, - дейді Анна Гузь.

Өртеніп жатқан мектеп ғимараты. Донецк, Украина, 27 тамыз 2014 жыл.

Өртеніп жатқан мектеп ғимараты. Донецк, Украина, 27 тамыз 2014 жыл.

Ирина Донецкіде мектепті украин тілінде оқыған, Киевте де сол тілде оқи береді.

Шығыс Украинаның соғыс болған аймақтарындағы басқа ғимараттармен бірге мектептерге де көп зақым келген. Донецк және Луганск облысындағы 117 мектеп толық не жартылай қирап қалған. Яғни, аймақтардағы мектептердің оннан бірі жарамсыз деген сөз.

Киев билігінің бақылауындағы аймақтарда жергілікті әкімшіліктің, қайырымдылық ұйымдары мен еріктілердің арқасында олқылықтың орны толтырылып жатыр.

ҚОЛДЫ БОЛҒАН МЕКТЕП МҮЛКІ

– Славянскідегі мектептердің көбі жөнделіп бітті, жұмыс қызу жүріп жатыр. Мектептердің көбі 1 қыркүйек күні оқушыларды қарсы алуға әзір деп ойлаймын. Ал жақында ғана азат етілген қалаларда күрделі жағдай қалыптасқан, - дейді жергілікті мектептерді қалпына келтірумен айналысатын ерікті топтың басшысы Федор Меньшаков.

Қаржының жоқтығы мектептерді қалпына келтіруге қолбайлау болып отыр.

Тіпті Меньшаковтың қатысуымен жөнделіп жатқан мектептердің өзінде тек қабырға мен шатыр жөнделіп, ең қажет деген жиһаздар қойылып жатыр. От пен оқтың ортасында қалғаны аздай, бұл мектептердің көбі тоналған. Ондағы компьютерлер, оқулықтар, тіпті есік-терезелер де қолды болған.

Мұғалімдер соғыстан қашып кеткендіктен, мектептерде мұғалім жетіспейді.

Әлі де бүлікшілердің бақылауында тұрған аймақтарда 1 қыркүйек күні балалар мектепке бармайды. Соғыс жүріп жатуына байланысты сабақтар кейінге қалдырылды.

Украина білім министрі Донецк және Луганск аймақтарындағы мектептердің жартысы – шамамен 900 білім мекемесі 1 қыркүйекте ашылмайтынын айтты. Бұл мектептердің көпшілігі қирап жатқандықтан, мұнда оқып келген балалардың болашағы не болатыны әлі беймәлім.

Клэр Бигтің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG