Accessibility links

«Әр тіл дүниені көруге әртүрлі әсер етеді»


Лингвист ғалым, «Тілдің көзілдірігімен қарағанда: Тілдер әлемді не себепті әртүрлі көреді?» деп аталатын кітаптың авторы Гай Дойчер.

Лингвист ғалым, «Тілдің көзілдірігімен қарағанда: Тілдер әлемді не себепті әртүрлі көреді?» деп аталатын кітаптың авторы Гай Дойчер.

«Тіл адамның қоршаған ортасын, географияны, тіпті түстерді де өзінше қабылдауына әсер етеді» дейді лингвист ғалым.

Мамандар көптен бері «адамның сөйлейтін тілі жеке көзқарасы мен мәдени дүниетанымының қалыптасуына әсер етеді» деген пікір жайлы таласып келген еді.

Лингвист ғалым, «Тілдің көзілдірігімен қарағанда: Тілдер әлемді не себепті әртүрлі көреді?» деп аталатын кітаптың авторы Гай Дойчер бұл теорияны ары қарай дамытады.

Азаттық тілшісі Дэйзи Синделер Гай Дойчермен сұхбаттасып, одан осы пікірлері туралы сұрады.

– Бірінші нақты нәрседен бастасақ. Сіз неше тілде сөйлейсіз?

– Бала кезімде Израильде ивритше ғана сөйлейтін ортада өстім. Кейін мектепте ағылшын, неміс және араб тілдерін оқыдым. Аздап латынша да үйрендім. Скандинавияда студент боп жүрген кезімде дат және швед тілдерін де әжептеуір меңгеріп алдым. Негізінен менің академиялық жолмен оқып, терең маманданған салам – осыдан төрт мың жыл бұрын ұмытылған көне Месопотамия тілдері. Мен ол тілде жазып, оқығанмен сөйлей алмаймын. Сөйлей алғанда да ол тілде әңгімелесетін адам табылмас еді.
Жарнама мәтінінің қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқасы. (Көрнекі сурет)

Жарнама мәтінінің қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқасы. (Көрнекі сурет)


– «Тіл адамның ойлау формасын қалыптастырады» деп пікір айтушылар көп. «Бір тілде айтып жеткізуге оңай идеяларды басқа тілде айту мүмкін емес. Себебі ол тілде ондай мағынаны беретін сөздер жоқ боп шығады» дейді. Осыдай уәждің қаншалықты негізі бар?
«Кей тілдерде сөйлеушілер "демократия", "еркіндік" немесе осыған ұқсаc тағы басқа концепцияларымызды ұқпайды. Олардың тілінде бұл ұғымдарды беретін сөздер жоқ» деген – қате пікір.

– Басқа тілде сөйлейтін халықтың оп-оңай түсінетін нәрселерін ұғуға ана тіліміз кедергі болады деп ойламаймын. Көп жерден еститін уәжіміз – осы. Бірақ бұл уәжді лингвист мамандардан ести алмайсыз. «Кейбір тілдерде сөйлеушілер біздің "демократия", "еркіндік" немесе осыған ұқсаc тағы басқа концепцияларымызды ұқпайды. Олардың тілінде бұл ұғымдарды беретін сөздер жоқ» деген – қате пікір. Белгілі бір тілде сөйлейтін адамдар кейбір ойларды өз тілдерінде соған ұқсас сөз болмағандықтан ғана ұқпайды дегенді растайтын дәлел жоқ. Олардың барша ұғымды түсінетіндей дайын үлгісі болмаса да, [сол ұғымды] өз тілдеріндегі басқа сөздермен айтып түсіндіруге болады.

– Бірақ сіз «тіл ойлау жүйемізге әсер етеді, «мидың әдеті» деп атайтын процесті қалыптастырады» дейсіз ғой.

– Бәлкім, мұның ең айқын мысалы әртүрлі тілдердің қоршаған ортаны әртүрлі сипаттайтыны болса керек. Мысалы, «сол жақ» не «оң жақ», «арт жағымда» немесе «алдымда» деген мағынаны білдіретін терминдері жоқ тілдер де бар. Олар тараптарын айыру үшін географиялық бағыттарды пайдаланады. Мысалы, мен «телефонның алдында сөйлесіп тұрмын» деймін. Олар «мен телефонның оңтүстігінде тұрмын» дейді. Мен «оң жағымда бір кесе шай тұр» деймін. Олар «шығысымда бір кесе шай тұр» дейді. Бұл бізге өте тосын естіледі. Бірақ әлемде дәл осылай сөйлейтін халықтар да бар.

– Өзіне бейтаныс жаққа барған адамның географиялық бағыттан адасып қалатыны туралы айтып отырсыз ғой.
Мұғалім оған «оңтүстікке қарай бір қадам жаса» немесе «батыс жақтағы қолыңды көтер» деген сияқты нұсқаулар берген.

– 1930 жылдары Индонезияның Бали аралында болған бір оқиғаны – кішкентай дарынды биші бала мен осы аралда тұрған канадалық музыкатанушы ғалым туралы әңгімені айтып берейін. Канадалық мұғалім баланы әртүрлі ауылдарға апарып, биден арнайы сабақ алуына септеседі. Себебі ол баланың өз ауылында биден сабақ беретін лайықты мұғалім табылмаған. Ғалым баланы бөтен ауылдағы басқа ұстазға тапсырып, бірнеше күннен соң «балақай биді тәп-тәуір меңгеріп алған шығар» деген үмітпен қайтып келсе, бала әлі ешнәрсе үйренбеген екен. Өйткені ол жаңа ұстаздың нұсқауларын түсінбеген. Жаттығулардың бәрін географиялық бағытқа байланысты түсіндіргендіктен бала ұстаздың айтқандарын ұға алмаған. Мұғалім оған «оңтүстікке қарай бір қадам жаса» немесе «батыс жақтағы қолыңды көтер» деген сияқты нұсқаулар берген. Егер ол бала биді өз ауылында үйренгенде бұлай қиналмас еді. Себебі ол өз ауылында батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік деген тараптардың қай жақта екенін жақсы біледі. Басқа ауылға барғанда тараптардан шатасып, жаттығу жасай алмаған.
Жарнама мәтінінің қазақ және орыс тіліндегі нұсқасы. (Көрнекі сурет)

Жарнама мәтінінің қазақ және орыс тіліндегі нұсқасы. (Көрнекі сурет)


– Ағылшын тілі сияқты кейбір тілдер жансыз заттар жайлы айтқанда ол сөздерді аналық тек (латынша – Femininum), аталық текке (латынша – Masculinum) деп бөлмейді. Бірақ көптеген тілдерде ондай ереже бар. Осындай ереженің ойлауға әсері бар ма?

– Егер тіліңіз сізді «орындық», «ағаш», «терезе» деген сияқты жансыз заттарды жынысқа бөліп сөйлеуге мәжбүрлеп тұрса, бұл әдет ойыңызға осы заттармен бірге әйелге не еркекке қатысты айтылатын сөздерді әбден бекітеді.
Тіл ойлаудың логикалық қасиетіне әсер етпейді, бірақ айналамыздағы бүкіл нәрсені елестетуге қатты ықпал етеді.

Бұл мәселе көптеген тілдерде мұқият зерттелген. Мысалы, сіздің ана тіліңізде «көпір» деген сөз неміс тіліндегідей аналық текте тұрса, сіз де әйелге қатысты ұғымдарды көпірмен байланыстырып сөйлейсіз. Олар көпірді әйелге тән «әдемі», «әсем», «көркем» деген сөздермен сипаттауға бейім болады. Ал «көпір» сөзі испан тіліндегідей аталық текте айтылса, ондай тілдің өкілдері көпірді көбінесе «мықты», «берік», «күшті» деген сөздермен байланыстырады. Тіл ойлаудың логикалық қасиетіне әсер етпейді, бірақ айналамыздағы бүкіл нәрсені елестетуге қатты ықпал етеді.

– Сіз «тіл адамдардың түстерді де әртүрлі көруіне әсер етеді» дейсіз. Осыған мысал айта аласыз ба?

– Мысалы, орыс тілі – өте қызық тіл. Өйткені ағылшын тіліндегі «dark blue» («қара көк») және «light blue» («ашық көк») деген сөздерді орыс тілінде мүлде басқаша, «синий» және «голубой» деген екі түрлі сөзбен айтады. Бұл сөздер этимологиялық жағынан да бір-бірімен байланыспайды. Олар ағылшын тіліндегі «көк» және «жасыл» деген сияқты мүлде бөлек екі түрлі түсті сипаттауға арналғандай. Бірақ көктің осы реңктерін «ашық көк» және «қара көк» деген сөзбен сипаттайтын ағылшын тілді адамдар көк түс пен көгілдір түсті ажырата алмайды деген пікір тумауы керек.

Бұл орыстардың (орыс тілді адамдардың, орыс тілді ортада өскен жандардың) миы «синий» мен «голубой» деген түстердің айырмашылығын ажырата білуге жаттығып кетеді дегенді дәлелдейді. Ал ағылшын тілінде сөйлеушілердің ойлау жүйесі мұны ажыратуға жаттықпаған.

Мақаланы аударған Сағынай Кәрім.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG