Accessibility links

Түркияда Орталық Азиядан барған ондаған мигрантты ұстаған


Түркия қауіпсіздік күштері қызметкерлері.

Түркия қауіпсіздік күштері қызметкерлері.

Стамбул полициясы соңғы күндері Орталық Азиядан барған 140-тай азаматты ұстаған. Олардың көбі – Өзбекстан азаматтары. Шеттегі өзбек диссиденті ұсталғандар депортациялануы мүмкін деп қауіптенеді.

Шілденің 29-ы күні Түркия қауіпсіздік қызметтері Стамбулда жүргізген тексеру шараларының алғашқы кезеңінде Өзбекстанның 29 азаматын ұстаған. Кейін тағы 100 шақты өзбек мигранттарын қамаған.

Өзбекстан халықтық қозғалысы ұйымының және оқиғаны зерттеп жүрген журналистердің мәліметінше, ұсталғандардың 80 пайыздайы қамаудан босатылған, 40 адамға бір ай мерзім ішінде Түркиядан шығып кету жөнінде талап қойылған.

«Озодлик» (Азаттық радиосының Өзбек қызметі) тілшісімен сөйлескен «Эрк» өзбек оппозициялық партиясының жетекшісі, қазір Түркияда эмиграцияда жүрген Мухаммад Салих жағдайдан хабардар екенін айтқан. Оның сөзінше, қазір Стамбулдың Кумкапы ауданындағы депортациялық орталықта 60 адам отыр.

– Олардың төртеуі – Тәжікстанның, алтауы – Қырғызстанның азаматы, тоғыз ресейлік және бір қазақстандық бар. Ал қалғандары түгелдей өзбектер. 40 адамды Түркия жерінен шығуға міндеттеп, босатқан. Кумкапыдағы 60 адамның 17-сі бала, төртеуі – жүкті әйел. Балалардың арасында туғанына 15 күн болған және үш айлық сәбилер бар, - дейді Мухаммад Салих.

Азаттықтың Өзбек қызметіне Стамбулдан ақпарат берген адамдардың дерегінше, тамыздың 11-і күні тағы да бірнеше өзбек азаматы қамауға алынған.

Кумкапыдағы депортациялық орталықта отырған өзбекстандық азаматтардың бірінің туысқаны қамаудағыларға әзірге ешқандай да ресми айып тағылмағанын айтады.

– Біз полиция өкілдерімен сөйлестік. Олар ешқандай айып тағылмағанын айтты. Оларды депортациялаймыз деді. Не себеппен екенін түсіндірген жоқ, - дейді ол.

Оның сөзінше, Өзбекстан арнайы қызметтері Түркияда қамалған азаматтардың көбінің үйін тінткен.

Мухаммад Салих «Озодлик» радиосына Түркияда ұсталған өзбекстандықтарды «діни көзқарасы үшін елден кетуге мәжбүр болғандар» деп сипаттаған. Сондықтан, өзбек оппозициясының жетекшісі оларды Түркиядан Өзбекстанға депортациялауға мүлдем болмайды деп санайды.

– Бұл азаматтар діни көзқарасы үшін Өзбекстанда қудаланып, қысымға ұшырап қашып келгендер. Олардың көбі Стамбулда соңғы 5-6 жылдан бері тұратын өзбектер. Ешқандай да партия мүшелері емес. Сенімі үшін қорлыққа ұшырап, қудалауға түскен. Олар егер Өзбекстанға оралса қамалатындары анық. Тіпті азапталып, өлтірілуі де мүмкін. Бұған мүлдем жол бермеу керек. Қоғам қарсы тұруға тиіс. Amnesty International, Human Rights Watch тәрізді ұйымдар осы іспен айналысып, Түркия үкіметінен бұл азаматтарды Өзбекстанға бермеуді сұрауы қажет, - дейді Мухаммад Салих.

Стамбул полициясы Азаттық тілшісіне бұл мәселе бойынша ешқандай ақпарат бермеді.

Түркияға Орталық Азиядан келген мигранттарды ұстау, қамау шаралары тек Стамбулда жүргізілген. Тамыздың 11-інде Стамбулдан өзге қалалардағы өзбек азаматтары «Озодлик» радиосына шілденің ортасында болған әскери төңкеріс жасау әрекетінен кейін өздері тұрып жатқан аймақтарда оларға қатысты төтенше тексеру болмағанын айтты.

Түркияда шілденің 15-і күні әскерилердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған әрекеті іске аспай қалған соң, 21 шілдеден бастап төтенше жағдай жарияланған. Тамыздың басында Өзбекстанның «Өзбектуризм» ұлттық туристік компаниясы ел азаматтарын жағдай тұрақтанғанша Түркияға сапар шегуден бас тарта тұруға шақырған еді.

(Азаттықтың Өзбек қызметі материалдары негізінде дайындалды.)

XS
SM
MD
LG