Accessibility links

Олимпиада кезіндегі оразаның дауы


Лондонға жолдама ала алмай қалған ирандық футболшы әйелдер. Иордания, 3 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Лондонға жолдама ала алмай қалған ирандық футболшы әйелдер. Иордания, 3 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Биыл Лондонда өтетін жазғы олимпиада ойындары Рамазан айына сәйкес келеді. Осыған байланысты мұсылман спортшылары сайыстар кезінде «ауыз бекіту керек пе, жоқ па?» деген диллемаға кез болды.


Лондонда өтетін жазғы олимпиада ойындарына 3 мыңға жуық мұсылман спортшы қатысады.

Шілденің 27-сінен тамыздың 12-сіне дейінгі сайыстардағы 17 күннің бәрі қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп тұр. Бұл уақытта мұсылмандар күні бойы ауыз бекітуі тиіс.

Бірақ бұл міндет жолаушы мұсылмандарға жеңілдетілген. Жолда жүрген мұсылмандар оразасын кейінге қалдырып, артынан өтей алады.

Ислам ғалымдарының кейбірі Лондондағы олимпиада ойындарына баратын спортшылар осы жеңілдікті пайдалануы тиіс дейді.

Ауған таэквондошысы Несар Ахмад Бахауидің айуынша, бұл мәселе өте маңызды. 27 жастағы Бахауи 2008 жылғы олимпиадада өз салмағы бойынша 7-орын алған.

«СУ ІШУІМІЗ КЕРЕК»

2007 жылы таэквондодан әлем чемпионаты мен 2010 жылғы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алған Бахауи оразасын кейінге қалдыратынын айтады.
Ауған спортшысы Несар Ахмад Бахауи (ортада) Азия біріншілігінде Лондон олимпиадасына жолдама алды. 27 қараша 2011 жыл.

Ауған спортшысы Несар Ахмад Бахауи (ортада) Азия біріншілігінде Лондон олимпиадасына жолдама алды. 27 қараша 2011 жыл.


- Бұл - өте маңызды жарыс. Әрбір спортшы олимпиада медалін ұтуды армандайды. Сол себепті біз ораза ұстамауымыз керек. Бірақ оразаның қаза кеткен күндерін кейін өтейміз. Біз күнде жаттығамыз. Жарыс кезінде ауыз бекіту – мүмкін емес, себебі біз су ішуіміз керек, - дейді ауған спортшысы.

Сауд Арабиясы немесе Иран сияқты консервативті ислам мемлекеттеріндегі олимпиада комитеттері спортшылардан ораза тұтуды талап етуі мүмкін. Оразаны кейінге қалдыру мәселесі кейбір мұсылман елдерінде айыпталуы ықтимал.

Дегенмен олимпиадаға қатысатын мұсылман спортшылардың көбі ораза ұстау міндетін кейінге қалдыруға дайын екендіктерін айтады.

ОРАЗАНЫ КЕЙІН ӨТЕУ

Ислам ғалымы Сиддиқуалла Федауидің айтуынша, Құранда жолаушы мұсылмандардың оразаны кейінге қалдыруына мұрсат берілген. Осыған байланысты ол Құранның "әл-Бақара" сүресін келтіреді.

- Мәселе ойындардың қай жерде болатынында. Спортшы тұратын ауылда ма, әлде оның қаласында ма? Әлде ол басқа жерде өтеді ме? Егер спортшы жарысқа қатысу үшін басқа жерге баратын болса, онда Құранда былай жазылған: «Егер сіз ауырып қалсаңыз немесе сапарға шықсаңыз, оразаңызды кейінірек ұстаңыз», - дейді Федауи.
Австралиялық модель Мекки Лаала ислам талаптарымен тігілген спорттық жүзу киімін киіп тұр. Сидней, 12 қаңтар 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

Австралиялық модель Мекки Лаала ислам талаптарымен тігілген спорттық жүзу киімін киіп тұр. Сидней, 12 қаңтар 2007 жыл. (Көрнекі сурет)


24 жастағы Мо Сбихи Ұлыбританияның алғашқы мұсылман ескекшісі болмақ. Ол оразасын қараша айына қалдыратынын айтты.

Сбихи олимпиада ойындарын оның командасы үшін «өмірде бір рет берілген мүмкіндік» деп атап, «жарыс кезінде ораза ұстау қауіпті» дейді.

Газада тұратын 20 жастағы желаяқ Баха әл-Фарра ислам ғалымынан олимпиададағы жаттығулар мен сайыс кезінде оразасын бұзуға рұқсат алды. Фарра оразаны кейінірек ұстайды.

Медицина мамандарының айтуынша, ораза ұстау әсіресе бұлшық ет күші мен табандылықты талап ететін спорт ойындарында кері әсерін беруі мүмкін.

Спорт медицинасы туралы ұлыбританиялық басылымда жарияланған зерттеуге қарағанда, 2007 жылы Рамазан айында ораза тұтқан Алжир футбол командаларының жылдамдығы мен ептілігі айтарлықтай кеміген.

«ОРАЗА ҰСТАСАҚ, ЖАҚСЫРАҚ ОЙНАЙМЫЗ»

Дегенмен Халықаралық олимпиада комитетінің қоректену бойынша жұмыс тобының басшысы Рональд Моэннің мәлімдеуінше, осыдан шамамен 10 жыл бұрын ешбір мемлекеттен шағым түспеген.
Олимпиада ойындарының уақытын Лондондағы жергілікті ұйымдастыру комитеті таңдаған. Мүмкіндік берілген, бірақ кезінде осыған ешбір қарсылық айтылмады.

- Әрине бұл - маңызды мәселе. Халықаралық олимпиада комитеті әрбір спортшының қолайсыздығына алаңдайды. Олимпиада ойындарының уақытын Лондондағы жергілікті ұйымдастыру комитеті таңдаған. Мүмкіндік берілген, бірақ кезінде осыған қатысты ешбір қарсылық айтылмады, - дейді Моэн.

Лондондағы олимпиада барысында мұсылман спортшылардың ауыз бекітулеріне жағдай жасалады деп хабарланып отыр.

Рональд Моэн кейбір спортшылар жарыс кезінде ораза ұстау пайдалы деп санайтынын да атап өтті.

- Біз сөйлескен кейбір спортшылар «Ораза ұстаған кезімізде жақсырақ ойнаймыз, себебі рухымыз көтеріліп, өзімізді Құдайға жақынырақ сезініп, мықтырақ ойнау үшін одан сайын жігерленеміз» дейді. Бұл - қызық, - дейді Моэн.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG