Accessibility links

Қырым мұражайларындағы «скиф алтындары» дауы


Украинаның Херсон облысындағы скифтер дәуірінен қалған мүсін.

Украинаның Херсон облысындағы скифтер дәуірінен қалған мүсін.

Голландия соты Ресей аннексия жасаған Қырымдағы мұражайлардың скифтер дәуіріндегі жәдігерлерін шетелдегі көрмеден кімге қайтарылатынын шешпек.

Амстердамның аймақтық соты Қырымдағы скифтер алтынына қатысты іс бойынша сәуірдің 9-ы күні шешім шығаруы тиіс. Бұл сот ісі Қырымдағы бірнеше мұражай Амстердамдағы Allard Pierson Museum музейіне қарсы шағымданған соң қозғалған.

Allard Pierson Museum музейінде былтыр ақпаннан тамызға дейінгі аралықта «Қырым. Қара теңіздің алтыны мен құпиясы» көрмесі өтіп жатқан кезде Ресей Қырымды аннексиялап ады. Бұдан соң музей басшылығы құнды жәдігерлерді Украина мен Ресейдің қайсысына қайтарарын білмей абдырап қалған еді.

Заңгерлер кеңесі бойынша, көрме жабылған соң ондағы барлық құнды экспонаттар (бірнеше жүз зат) Нидерландта уақытша сақтауға қалдырылды. Бұл шешімге келіспеген тараптар соттасып жатыр.

Әуел баста Амстердам соты Қырымдағы төрт мұражайдың Allard Pierson Museum музейіне қарсы шағымын қараған еді, бірақ қаңтардың соңында мүдделі тараптар ретінде Украина мен Нидерланд мемлекеттері қосылды.

Дельфин бейнесіндегі әшекей бұйым. Амстердамдағы «Скифтер алтыны» көрмесіндегі экспонат

Дельфин бейнесіндегі әшекей бұйым. Амстердамдағы «Скифтер алтыны» көрмесіндегі экспонат

Скифтердің Қырымдағы алтыны қай елге бұйыратынын анықтау ісі әлі бірнеше жылға жалғасатын сияқты. Allard Pierson Museum өкілі Яша Лангенің айтуынша, Амстердам соты «бұл іске Украина мен Нидерландтың араласуы заңға қайшы емес пе?» деген сауалға жауап береді.

Судьялар оң шешім шығарса, іс басқа арнаға ауысады. Украинаның мүддесін қорғайтын адвокат Маартен Сандерс Нидерландтың NOS телеарнасына берген сұхбатында «Украинаның әрекеті заңға сай екенін дәлелдеу қиынға түспесе де, процесс бірнеше жылға созылуы мүмкін» екенін айтты.

Ол келісімшарт украиналық мұражайлармен және Украина мәдениет министрлігімен жасалғанын алға тартады. «Украина өзіне тиесілі мәдени мұра нысандары Allard Pierson Museum аумағында қалғанын айтады, олар жәдігерлерді қайтармай отыр. Украинаның сотқа жүгінгеннен басқа амалы қалмады» дейді Маартен Сандерс.

Нидерланд сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдемесінде «Нидерланд тарабы өздерінің халықаралық міндеттемесіне судьялардың назарын аудару үшін» іске араласқанын айтқан. Әңгіме мәдени мұралар жайлы халықаралық келісімдер мен Қырым мәртебесі туралы болып отыр. Процеске Нидерланд араласқандықтан, Амстердам сотының шешіміне қарсы жоғары инстанцияға шағымдануға мүмкіндік бар.

Скифтер дәуіріндегі алтын сапты темір қылыш (б.д.д. 4-ғасыр)

Скифтер дәуіріндегі алтын сапты темір қылыш (б.д.д. 4-ғасыр)

Қырым мұражайларының қорғаушысы Михил ван Леувен Нидерландтың іске араласуын «күтпеген жағдай» екенін айтып, мұны «Амстердам аймақтық сотына сенбеушілік нышаны» ретінде сипаттаған. Ван Леувен енді бұл «процесс ұзаққа созылып, Қырым мұражайлары жылдар бойы бос тұрады» дейді. Оның пікірінше, «мәдени-тарихи тұрғыда бұл экспонаттар табылған жері – Қырымға тиесілі, ал түбекті Ресейдің аннексиялап алуы ештеңені өзгертпейді».

Ван Леувеннің сөзін Қырым археологы, көрменің ғылыми жетекшісі Валентина Мордвинцева да құптайды.

«Көрме экспонаттары Қырымға қайтарылуы тиіс. Олардың кейбірі 19-ғасырда табылған, содан бері түрлі саяси жағдайларға қарамастан Қырымда сақталып келген» деген ол осыдан бір жыл бұрын Азаттық радиосына.

Сол кезде Allard Pierson Museum қызметкері Амбер ван Схахен шиеленіс жайлы түсінік берген болатын.

Жауын жеңген скиф жауынгері бейнеленген алтын дуылға.

Жауын жеңген скиф жауынгері бейнеленген алтын дуылға.

«Экспонаттар бізге Қырымдағы төрт музей: Симферополь, Севастополь, Керчь және Бақшасарай мұражайларынан жинақталып, Киев арқылы келді. Әр музейден алынған заттар саны шамалас. Заттардың көбі алтыннан жасалған (алтын дулыға мен алтын сабы бар қылыш б.э.д. 4-ғасырдың мұрасы, т.б.)» деген Амбер ван Схахен.

Оның пікірінше, нақты Қырымнан келген заттардың заңдық мәртебесін анықтау керек. «Бұл экспонаттар Қырым музейлеріне тиесілі ме, әлде Украина мәдениет министрлігіне қарасты ма? Әдетте бұндай жағдайда екі келісімшартқа қол қойылатын: біреуі музеймен, екіншісі мәдениет министрлігімен жасалатын. Біз кезінде Украина министрлігімен және музейімен келісімге отырдық. Осы уақытта Қырым Ресейге қосылып кетті. Бұндай жағдай бұрын болып көрген емес. Жәдігерлердің басқа мұрагерлері жоқ, скифтерге тиесілі заттар, ал скифтер қазір жоқ, оларға ештеңе қайтара алмаймыз. Қырым музейлерімен жеке келісімге отырдық. Оған қоса Нидерланд пен Украина арасында жасалған келісімшарт бар. Заңгерлер соның қайсысы басым күшке ие екенін анықтасын» дейді ван Схахен.

Көрмені тамашалаған адамды сикфтер моласынан табылған шетелдік заттардың көптігі таң қалдырады. Мысалы, бейітке жерленген әйел адамның аяғына Қытайда жасалған, лак жағылған қобдиша қойылған, оның ішінде марқұмның сүйікті заттары: рим шөлмектері, Мысырда жасалған қи қоңыз, теңіз ұлуларының тасқа айналған қалдықтары мен қабыршақтары бар.

Скиф әйелі жерленгенде қабірге бірге көмілген Қытайда жасалған қобдишаларға оның жеке заттары салынған.

Скиф әйелі жерленгенде қабірге бірге көмілген Қытайда жасалған қобдишаларға оның жеке заттары салынған.

Балалар моласынан ойыншық шелектер мен түйреуіштер табылған. Оған қоса, ғұндардың, готтардың қабірлері, ежелгі понтийліктер мен гректердің әшекей бұйымдары бар.

Бұлардың бәрін ресейлік немесе украиналық мұра деуге ауыз бармайды. Allard Pierson Museum музейіндегі көрме тарихи тұрғыда Қырым көптеген халыққа тиесілі болғанын, оның алуан қырлы бай мәдениеті түбектің қазіргі жағдайына үйлеспейтінін көрсетеді.

Қырым экспонаттары бойынша процеске Украина және Нидерландтың қатысы туралы Амстердам сотының шешімі бейсенбі, сәуірдің 9-ы күні жариялануы тиіс.

Софья Корниенконың мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG