Accessibility links

Счастье қаласының жабырқау тұрғындары


Луганск облысы аумағында тұрған қарулы адам. Фото авторы - Дарья Костенко.
Луганск облысы аумағында тұрған қарулы адам. Фото авторы - Дарья Костенко.

Украин тілінде «Бақыт» деген мағына беретін «Счастье» қаласы Луганскіден бірнеше километр жерде орналасқан. Соғыстан күйреген қалада көңіл қуантарлық жайт жоқтың қасы.

Украинаның шығысында, Луганск қаласынан бірнеше километр қашықтықта орналасқан Счастье қаласына кіре берістегі жол бойындағы белгіде «Бақыт осы жерден басталады» деп украинша жазылған. Бірақ, украиналық сарбаздар мен ресейшіл сепаратистердің ұрыс алаңына айналған қаланы қазір бақытты деу қиын. Бүгінде оны украинашыл күштер бақылауда ұстап отыр.

ӨЛІМДІ КӨРІП ӨСКЕН БАЛАЛАР

Бұл қалада қарулы қақтығыстан екі жақ та шығынға ұшырады. Өткен аптада автокөліктеріне мина түсіп, төрт украиналық солдат қаза тапқан. Бейбіт тұрғындар да опат болды. Ақпан айында Минскідегі бітімгерлік келісімнен соң қалада тыныштық орнағандай.

Бірақ, соғыстан зәрезап болған тұрғындар әлі өз өздеріне келе алмай отыр. «Қыркүйек айында сабақ өтіп жатқан бөлмеге мерген оғы тиді. Абырой болғанда, оқ мұғалімнің қасындағы тақтаға тиіпті» дейді Счастьедегі 1-бастауыш мектептің директоры Антонина Щеголькова.

Счастье қаласындағы 1-бастауыш мектептің директоры Антонина Щеголькова. Фото авторы - Дарья Костенко.
Счастье қаласындағы 1-бастауыш мектептің директоры Антонина Щеголькова. Фото авторы - Дарья Костенко.

Мектепті әскерилер үш рет атқылаған. Аулаға снаряд түскен, терезелер сынған, бас ғимаратқа зақым келтірген. Ақпанда мектептің алдында мина жарылған, әйтеуір ешкім жапа шекпеген. Бірақ, Щеголькова балалардың әбден үрейленіп қалғанын айтады. Оқушыларға ата-аналарының сепаратистерді немесе Украинаны қолдайтыны да әсер етеді.

«Сендердің міндеттерің – аман қалу, білім алу, ересектер өз мәселесін өздері шешсін деп айтамын» дейді директор. Щеголькованың өзі украиналықтарды қолдайды, бірақ Киевтегі жаңа билікті сынайды.

Оның пікірінше, бейбіт тұрғындардың опат болуына украиналық солдаттар да айыпты. Былтыр тамызда әкесі оққа ұшқан, Антонина Щеголькова оны кім атқанын білмейді.

«Оны жібергім келмеген еді, бірақ қарт адамдар айтқанынан қайтпайды ғой. Снаряд автобус аялдамасына тиіпті, бес адам көз жұмды. Оққа қарап ештеңе айта алмайсың, мүмкін біздің адамдар атқылаған шығар» дейді ол.

СОҒЫС ЗАРДАБЫ

Бүлікшілер көбіне Счастьенің шетіндегі «Веселая гора» тауынан атқылайды, оның ар жағында сепаратистер басып алған екінші үлкен қала – Луганск жатыр.

арулы қақтығыстар басталғанға дейін Счастьеде тұрған 14 мыңға жуық адамнан қазір қалада үш мыңдайы қалған, көбісі – зейнеткерлер. Соғыс бітті, бірақ айналаның бәрі қирап-бүлінген. Қалада сау қалған бір де бір ғимарат жоқ, барлығының терезелері сынып, қабырғалары құлаған.

Счастье қаласындағы соғыстан бүлінген тұрғын үй. Фото авторы - Дарья Костенко.
Счастье қаласындағы соғыстан бүлінген тұрғын үй. Фото авторы - Дарья Костенко.

«Мына жерге түскен снарядтың жарықшағы бір әйелге тиіп, ол содан көз жұмды» дейді украиналық жауынгерлердің дәрігері Андрей көп қабатты пәтерді көрсетіп. Оның сөзінше, әлгі әйелдің қаны шашыраған жарықшақ біраз уақыт сол жерде жатыпты. Аурухана да оқтан аман қалмады. Оған өртеніп кеткен жедел жәрдем көлігі дәлел.

Аурухананың бір қабаты жаралы жауынгерлерді емдеуге арналған. Бірақ, хирургтер мен басқа мамандар әлдеқашан Счастьеден қашып кеткен. Бұрын анестезиолог болған әйелдің күйеуі сепаратистерге қосылып, атыста опат болған соң, ол әйел де қаладан кетіп қалған.

Қаланың ортасында балаларын ерткен жас әйелдер жүр, олар балаларға бәрі жақсы екенін көрсеткісі келеді. Большевиктер көсемі Владимир Лениннің ескерткіші тұрған тұғыр қазір бос, оны жергілікті тұрғындар «Көрінбейтін адамның ескерткіші» деп әзілдейді.

Сол алаңның қасында Айдар батальонының штаб-пәтері орналасқан. Шығыс Украинадағы басқа батальондар тәрізді онда ерікті жауынгерлер мен украина қарулы күштерінің ресми тобы бар. Гуманитарлық көмек көрсететін қызметкерлер қақпа алдындағы автокөліктен дәрі-дәрмек пен құралдарды түсіріп жатыр.

Счастье қаласында алаңда ойнап жүрген бүлдіршін және кептерлер. Фото авторы - Дарья Костенко.
Счастье қаласында алаңда ойнап жүрген бүлдіршін және кептерлер. Фото авторы - Дарья Костенко.

Балдаққа сүйеніп олардың жанына келген қартаң әйел «Ауруды басатын дәрі беріңдерші, буыным қақсап барады, дәрі алатын ақшам жоқ» деп жалынды. «Сізге беретін дәрім жоқ» деп күңкілдейді күзетші жігіт. «Бұлардың бәрі бірдеңе сұрап келеді, ал туыстары сепаратистер жағында соғысып жүр» дейді ол.

Қартаң адамның жалынышты сөзіне шыдамай кеткен ерікті бір қорап ауруды басатын дәріні қолдары дірілдеген әлгі әйелге ұстатты, күзетші оны көрмеген кейіп танытты.

КҮРДЕЛІ ҚАТЫНАС

Жергілікті тұрғындар мен украиналық солдаттардың қарым-қатынасы күрделі. Счастье халқының көбі – этникалық орыстар, сондықтан сепаратистерді қолдайды.

«Кемпірге жаның ашып, нан алсын деп 10 гривен бересің, ол теріс айнала бере сені қарғайды» деп шағымданады Айдар батальоны жауынгерлері.

Счастье мэрінің орынбасары Владимир Тюрин. Фото авторы - Дарья Костенко.
Счастье мэрінің орынбасары Владимир Тюрин. Фото авторы - Дарья Костенко.

Атауы жақсы қаланың әкімшілігі Бейбітшілік алаңында орналасқан. Мэрдің орынбасары Владимир Тюрин де көңілді, ойнақы адам. «Атыс кезінде үйлері бүлінген отбасыларға материалдық көмек жинаймын» дейді ол үстелдегі үйілген құжаттарды көрсетіп.

Алайда өзі қаланы қалпына келтіруге жетерлік қаржы жинай алатынына сенбейді. Қазір Украина үкіметі бүлікті тоқтатып, экономикалық апаттың алдын алуға тырысып жатыр. Қала әркімнің қолына бір өткен кезде де Тюрин амал-әдіске жүгініп, қаланы басқара берді.

Оның айтуынша, Украина сарбаздары басында жергілікті халыққа күмәнмен қараған. Бірақ, кейін мемлекет тарабынан еш көмек болмаған соң, армия адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге, қоқыс жинауға көмектескен. «Небір жағдайлар болды ғой» дейді Тюрин ойға шомып.

Счастье қаласына кіре берістегі белгіде: «Бақыт осы жерден басталады» деп украинша жазылған.
Счастье қаласына кіре берістегі белгіде: «Бақыт осы жерден басталады» деп украинша жазылған.

Украиналық жауынгерлерді «тонаушылар» деп атаған Тюриннің өзі біраз уақыт түрмеде отырған. «Шу көтермес үшін мені 20 күн қамауда ұстады. Кейін Айдар батальонының командирі келіп, кешірім сұрады» дейді ол.

Тюриннің айтуынша, Счастье халқының жартысы Украинаны, жартысы сепаратистерді қолдайды. Былтырға дейін бейбіт өмір сүріп келген шағын халықтың осылай жікке бөлініп, бір-біріне жауығып шыға келгенін ол түсінбейді.

Ол Счастьенің бір тұрғыны сепаратистер қатарына өтіп, бейбіт келісімге келердің алдында туған қаласын атқаны туралы әңгімелеп берді.

Содан соң әлгі тұрғын бұрынғы көршісіне хабарласып: «Менің сәлемімді алдыңдар ма?» деп сұрапты. «Бейбіт заманда аспанымыз ашық болсын, тыныштық болсын деп тілек айтушы едік, - дейді Тюрин мұңайып, - тек сол сөздердің шын мағынасын ол кезде жете түсінбеппіз».

Дарья Костенко мен Клэр Биггтің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG