Accessibility links

«Мурси жастарды өзіне тарта алмады»


Тахрир алаңында Мұхаммед Мурсиге қарсы наразылық танытып тұрғандар. Каир, 28 маусым 2013 жыл.

Тахрир алаңында Мұхаммед Мурсиге қарсы наразылық танытып тұрғандар. Каир, 28 маусым 2013 жыл.

Шілденің 4-і күні Египеттің уақытша президенті қызметіне кірісті. Сәрсенбіде жергілікті әскер биліктен шеттеткен Мұхаммед Мурси не себепті халық наразылығын тудырды? Азаттық қазақстандық саясаттанушымен сұхбаттасқан еді.

«Араб көктемінің» символдарының біріне айналған Тахрир алаңындағы миллиондаған шеруші екі жыл бұрын Египеттегі саяси өзгеріске себеп болған еді. Хосни Мүбәрәкті биліктен тайдырған соң өткен сайлауда көпшілік дауыспен исламшыл «Мұсылман бауырлары» ұйымының жетекшісі Мұхаммед Мурси президент болып сайланған. Биылғы маусымның соңында басталған исламшыл үкіметке қарсы миллиондаған египеттіктің жаңа наразылығын әскер қолдап, шілденің 3-і күні Мурси биліктен шеттетілген.

Осыған орай Азаттық радиосы саясаттанушы-арабтанушы Мұхит Асанбаевпен сұхбаттасты.

Азатық: Екі жыл бұрын Хосни Мүбәрәкті биліктен тайдырып, орнына Мұхаммед Мурсиді сайлаған халықтың биыл қайта өзгеруіне не себеп болды?

Мұхит Асанбаев: Мұхаммед Мурси қоғамды біріктіре алмады. Билікке кездейсоқ келгендей көрінді. Египеттегі азаматтық қоғамның, әсіресе бір жыл бұрын Тахрир алаңында табандап тұрып, революция жасаған жастардың көңілін өзіне аудара алмады, тіпті аударуға тырысқан да жоқ. «Мұсылман бауырлар» мен оған діни көзқарас тұрғысынан жақын адамдардан құралған электоратқа, негізінен консервативтік көзқарастағы адамдарға сүйеніп, тек қана солардың мүддесін қорғай бастады.

Ең басты назарын революция жасаған жастарға аударғанда, қазіргідей жағдайға жетпеуі де мүмкін еді. Қазір де алаңға шыққандар негізінен жастар.
Оның үстіне Мұхаммед Мурси президент болып алғаннан кейін бұрынғы қарсыластарына, журналистерге қысым көрсетуге кірісті.
Ең басты назарын революция жасаған жастарға аударғанда, қазіргідей жағдайға жетпеуі де мүмкін еді.

Азаттық: Мұхаммед Мурси билікке кездейсоқ келгенге ұқсайды дедіңіз. Мұндай өзгерістер кезінде билікке кездейсоқ адамдар келуі мүмкін бе?

Мұхит Асанбаев: Кездейсоқ адамның билікке келетін заманы өтті. Қазір кездейсоқ ешкім билікке ешқашан жете алмайды. Қандай бір себептермен кездейсоқ болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде билікке баратын адамдар түрлі мүдделер мен лоббилердің бірінен шығады.

Мурси ислам оппозициясы белсенділерінің арасында жүргенде де ерекше харизмасымен танылған тұлға емес-тін. Бірақ дәл сол кездегі жағдай билікке біршама бейтарап адамның келуіне қолайлы мүмкіндік туғызды.
Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурси сайлауда дауыс беріп тұр. Каир, 15 желтоқсан 2012 жыл

Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурси сайлауда дауыс беріп тұр. Каир, 15 желтоқсан 2012 жыл


Азаттық: «Мұхаммед Мурси демократиялық қоғам орнатам деп мәлімдей тұра президентік өкілеттігін күрт күшейте бастады, сөйтіп авторитарлық билік орнатуға ұмтылды» деген айыптау пікірлер де айтылып жатыр.

Мұхит Асанбаев: Иә, оның авторитарлық билік белгілерін көрсете бастағаны рас. Дегенмен билікті түгел қолына алып үлгерген жоқ. Енді бір жыл отырғанда өзіне шын берілген атқарушы билікті күшейтіп алуы да мүмкін еді. Египетте әскери элитаның ықпалы күшті. Олардың айтқанынан шыға алмағандықтан құлашын кеңге сермей алмады.

30 жылдан бері жалғасып келе жатқан азаматтық қоғам мен күштік құрылымдар арасындағы текетірес бар еді. Мурси бұл мәселені де шеше алмады.
Мурсидің авторитарлық билік белгілерін көрсете бастағаны рас. Енді бір жыл отырғанда өзіне шын берілген атқарушы билікті күшейтіп алуы да мүмкін еді.

Азаттық: Мұхаммед Мурсидің қызметінен кету жолына заңдық тұрғыдан қандай сипаттама беруге болады?

Мұхит Асанбаев: Заңдық тұрғыдан алғанда бұл – төңкеріс. Өйткені Мұхаммед Мурсиді орнынан кетірген халық емес, әскерилер. Ол сайлаушылардың жартысынан астамының дауысын алып, сайлау арқылы билікке келді.

Ал халырақаралық баға ЕО басшылығы тарапынан әскерилердің бұл қадамына жасайтын реакцияға байланысты. Бірақ Батыс қазірдің өзінде әскерилерге қолдау көрсетіп отырғанға ұқсайды.

Араб елдеріндегі жаңа басшылық демократиялық қозғалыс арқылы жетті ғой билікке. Соның нәтижесінде мұсылманшыл саяси күштер Тунисте, Египетте күшейді. Бұл тенденцияны ұнатпайтын сыртқы күштер халық наразылығын қолдайды.
Мұхаммед Мурсиге қарсы египеттіктер Тахрир алаңында ұрандап тұр. Каир, 3 шілде 2013 жыл.

Мұхаммед Мурсиге қарсы египеттіктер Тахрир алаңында ұрандап тұр. Каир, 3 шілде 2013 жыл.


Азаттық: Египетте халық екі жылда екі рет алаңға шығып, биліктің кетуін талап етті. Бұл кейбір пост-советтік елдерде сипатталатындай «саяси тұрақтылықты шайқалту», «бұзақылық», «бүлік шығару» емес пе?

Мұхит Асанбаев: Алаңға шыққан халық өздерін азамат ретінде сезінеді. Халық өз мақсаты мен саяси талаптарын іске асыру үшін шығып отыр. Ал оны билік қалай қабылдайды, қалай бағалайды – басқа мәселе.

Егер алдыңғы көтеріліс кезінде Хосни Мүбәрәк қызметінен кетпесе, онда бұл оқиғаға басқаша баға берілер еді. Ал қазіргі Египет билігі алғашқы төңкерісті мақтан тұтады. «Халықтың тілегі бойынша билігі өз еркімен орнынан кеткен тұңғыш араб елі» деп Қазақстандағы Египеттің мәдени елшілігінде істейтін азаматтардан бірнеше рет естігенмін де.

Ал бүгінгі оқиғаға келесі билік қалай баға береді, оны уақыт көрсетеді.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет!
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG