Accessibility links

Египетте шерушілерді атуға тіке бұйрық берген адамды әлі іздеп жатыр


Бұрынғы Египет президенті Хосни Мүбәрәкті зембіл үстінде сот залынан сыртқа әкетіп барады. Каир, 2 қаңтар 2011 жыл

Бұрынғы Египет президенті Хосни Мүбәрәкті зембіл үстінде сот залынан сыртқа әкетіп барады. Каир, 2 қаңтар 2011 жыл

Үш айға жуық үзілістен соң Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәктің үстінен қозғалған қылмыстық істі сотта қарау қайта жалғасты. 83 жастағы Мүбәрәк Каирдегі полиция академиясының ғимаратына жеткізілді. Оған «жемқорлықпен айналысты» және былтыр қыста болған демонстрация кезінде «бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық берді» деген айып тағылып отыр.


Демонстранттарға оқ атуға пәрмен бергені дәлелденсе, Мүбәрәк Египет заңдарына сәйкес өлім жазасына кесілуі мүмкін. Былтырғы 18 күнге созылған наразылық шаралары барысында полицейлердің қолынан 840 адам опат болған еді. Сол бүліктің ақыры ұзақ жыл ел билеген саясаткердің тақтан түсуіне әкеп соқтырған еді.

840 АДАМНЫҢ ҚАНЫ КІМНІҢ МОЙНЫНДА?

18 күн бойы жалғасқан наразылық шаралары кезінде Каир, Александрия, Суэц қалаларында және елдің басқа да аймақтарында мыңдаған адам көшеге шығып, демократиялық реформаларды талап еткен еді. Ақпан айының 2-сінде Каирдің Тахрир алаңына ондаған мың демонстрант жиналып, оның ақыры полиция жасақтарымен қақтығысқа ұласқан.

Демонстранттар таяқпен, пышақпен шабуыл жасаса, оларға біреулер тас және жанғыш сұйықтық құйылған бөтелкелер лақтырған. Жергілікті «Ахрам» газетінің жазуында, үйлердің шатырларына, көпірлердің үстіне бекінген снайперлер белсенді демонстранттарды атып өлтірген. Көп адам шығыны осы кезде болған.

Содан бері биліктегі Ұлттық демократиялық партия мүшелері, Мүбәрәк режимінің министрлері сияқты біраз адам халыққа оқ атуға бұйрық берді деп айыпталғанымен, олардың кінәлары мойнына артылған жоқ. Мүбәрәк тұсындағы ішкі істер министрі де, кейін келген министр де «бұл мекеменің снайперлерге еш қатысы жоқ» деген мәлімдеме жасады.
Полициямен қақтығыс кезінде өлген ұлын жоқтап отырған египеттік әйел. Каир, 10 қазан 2011 жыл

Полициямен қақтығыс кезінде өлген ұлын жоқтап отырған египеттік әйел. Каир, 10 қазан 2011 жыл


Жоғары әскери кеңестің басшысы Мұхамед Хусейн Тантауи Мүбәрәк кеткен соң билік тізгінін қолға алып тұрып сөйлеген сөзінде: «Әскерилер оқ ату туралы бұйрыққа бағынбай, революцияны жақтады» деп Мүбәрәкті кінәлағандай болған. Бірақ, былтыр қыркүйекте сотқа куәгер болып келгенде Тантауи «Мүбәрәк оқ атуға ешқандай бұйрық берген жоқ» деп мәлімдеп, сотты тығырыққа тіреді. Тантауидің сөзінен соң сот үзіліс алуға мәжбүр болды.

ПОЛИЦЕЙЛЕР АҚТАЛДЫ

Былтырғы желтоқсанның 29-ы Каир қаласының қылмыстық соты өткен қыста болған наразылық шеруі кезінде «бейбіт халыққа оқ атты» деп айыпталған бес полицейді ақтау туралы үкім шығарды. Олар бес адамды өлтірді және алты адамды өлтірмек болды деп айыпталған еді. Полицейлердің адвокаттары атыс кезінде түсірілген бейнежазбаны дәлел ретінде көрсетті. Онда тәртіп сақшыларының өздерін қорғау үшін оқ атуға мәжбүр болғаны анық байқалады.

Бұл сот үкімі Мүбәрәктің ұзақ билігінен соң ел тізгінін қолға алған Жоғары әскери кеңеске деген наразылықты күшейте түсуі ықтимал. Себебі революциядан соң демократиялық өзгерістерден үміт күткен халықтың шыдамы таусылып бара жатқанға ұқсайды.
Революциядан соң демократиялық өзгерістерден үміт күткен халықтың шыдамы таусылып бара жатқанға ұқсайды.

Оның үстіне, революция өте салысымен әскерилердің бұқара халыққа жасаған әлімжеттігі, демонстранттарды ұрып-соғуы сияқты фактілер жиілеп кеткен. Әскерилердің қолынан жапа шектік деп бірнеше адам арызданған. Кейбір куәгерлердің айтуынша, әскерилер оларға «Мүбәрәкті қолдап ұранда» деп бұйырған. «Тахрир күнделіктері» деп аталған интернет-сайтта революциядан кейін «коменданттық сағат тәртібін бұзды», «бұзақылық жасады» деп ұсталған мыңдаған адамның шын мәнісінде саяси көзқарасы үшін жазықты болғаны туралы деректер келтіріледі. Бұған қоса, наразылық акцияларын күштеп тарату да тыйылмай отыр. Қазан айынан бері түрлі наразылық шаралары кезінде жүзге жуық адам оққа ұшқан.

"ҮШІНШІ КҮШ" КІМ?

The Daily News Egypt басылымының жазуына қарағанда, бұрынғы президентті қорғау үшін құрылған ерікті заңгерлер тобы революциядан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де демонстранттарды өлтіру әлі де жалғасып жатқанын алға тартып, Мүбәрәкті қандықол қылмыскер емес деп ақтағысы келеді. Осы топ жетекшісі Юсри Абдел Разактың айтуынша, революцияға дейін қолданылған қару түрлерінен осы жолы да оқ атылған. Бұл топ Мүбәрәктің қорғаушысы Фарид әд-Дибпен бірлесе жұмыс істеп, бұрынғы президенттің бұл қылмысқа қатысы жоқтығын дәлелдейтін айғақтарды жинап жатыр.

Олардың айтуынша, әлдекімдер атқан оқтан демонстранттар ғана емес, полицейлер де қаза болған. «Синай бәдәуилерінің қолдауымен «Хезболла» және «әл-Қассам бригадасының» өкілдері Египет шекарасынан өтіп кетіп, түрмелерге кіріп алған. Сөзінің дәлелі ретінде ол қауіпсіздік мақсатына пайдаланылатын жүк көліктерінің қолды болып, Газа секторынан бір-ақ шықққанын және оларды Египеттің дипломаттары кері қайтартқызғанын айтады.
Египеттің бұрынғы ішкі істер министрі Хабиб әл-Әдли сот залында отыр. Каир, 14 тамыз 2011 жыл

Египеттің бұрынғы ішкі істер министрі Хабиб әл-Әдли сот залында отыр. Каир, 14 тамыз 2011 жыл


Мүбәрәктің билігі тұсында ішкі істер министрі қызметін атқарған Хабиб әл-Әдли де демонстранттарды қырып салған «үшінші күш» дейді, бірақ ол күштің атын атап, түсін түстемейді.

Ал жапа шеккен жақтың адвокаттары болса, бұл екі кезеңдегі оқиғаларды бір-бірімен байланыстыру қисынсыз, әрі заңсыз деп отыр. «Әр оқиғаның өзіне тән ерекшеліктері бар және биліктен кетірілген президент өзіне бағынышты күштік құрылымдардың әрекеті үшін жауап беруі тиіс» дейді адвокат Мұхаммед Абдел Уахаб.

Сот енді және бір жоғары лауазымды әскери тұлға - жоғарғы әскери кеңестің штабтар басшысы Сами Ананды тыңдауы керек. Қаңтардың 3-і сейсенбі күнгі сот отырысында Египеттің бас прокуроры Мустафа Сүлеймен 83 жастағы Хосни Мүбәрәкті тирандық режим орнатты деп айыптады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG