Accessibility links

Мохаммед Мурси Египеттің жаңа президенті болды


Мохаммед Мурси. Каир, 22 маусым 2012 жыл.
Мохаммед Мурси. Каир, 22 маусым 2012 жыл.
Египетте 17 маусым күні өткен ақтық кезеңдегі президент сайлауының қорытындысы бүгін жарияланды. "Мұсылман бауырлар" қозғалысы қолдаған кандидат Мохаммед Мурси 51,7 пайыз дауыс жинап жеңіп шықты.

Мурсидің қарсыласы, Хосни Мүбәрәк үкіметі тұсындағы соңғы премьер-министр болған Ахмед Шафиқ 48,2 пайыз дауыс алған деп хабарлады Египеттің орталық сайлау комиссиясы.

Сайлау нәтижесін хабарлау мерзімі бірнеше рет шегерілген. Бірақ президент сайлауына түскен екі кандидат да өздерінің жеңіске жеткендерін алдын-ала жариялап қойған. Әуелі Мохаммед Мурси «сайлауда 52 пайыз дауыс алғанын» хабарлаған. Одан кейін Ахмед Шафиқ та «сайлауда 51,5 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткенін» мәлімдеген.

Мохаммед Мурси сайлаушыларға экономикалық және саяси реформалар жасап, былтырғы көтеріліс кезінде айтылған мақсаттар мен идеалдарды қорғаймын деп уәде еткен. Ал Шафиқ тұрақтылыққа қайтып оралу деген тұрғыда үгіт-насихат жүргізген.
Мохаммед Мурсидің жақтастары бір-бірін құттықтап жатыр. Каирдің Тахрир алаңы, 24 маусым 2012 жыл
Мохаммед Мурсидің жақтастары бір-бірін құттықтап жатыр. Каирдің Тахрир алаңы, 24 маусым 2012 жыл

Египеттіктер бұл сайлауда екіге жарылды. Бірі «Мұсылман бауырлардың» кандидаты Мохаммед Мурси жеңіске жетсе, елді исламшыл мемлекетке айналдырып, басқа дін өкілдерінің құқы шектеледі» деп алаңдады. Тағы біраз жұрт «бұрынғы биліктің соңғы премьер-министрі Ахмед Шафиқтың билікке келуі Мүбәрәк билігінің жалғасы болар» деген екіұдай пікірде жүрген.

«Мұсылман бауырлар» қозғалысының мүшелері Египеттің жаңа сайланған парламентінде де көп орын алған. Өткен аптада елді уақытша билеп отырған әскери кеңес «былтырғы парламент сайлаулары заңсыз өтті» деген жоғарғы конституциялық сот шешімінен кейін жаңа парламентті таратуды бұйырған.

Әскери билік сонымен қатар өзінің билік құзыретін күшейтетін конституциялық декларация қабылдады. Уақытша билік жаңа конституция дайындау үшін 100 мүшесі бар комиссия құруды да өз бақылауына алып, «жаңа конституция қабылданғанша елде парламент сайлауы өтпейтінін» айтқан.

Президент сайлауында жеңгені бүгін мәлім болған Мурсиді қолдайтын «Мұсылман бауырлардың» мыңдаған жақтастары бірнеше рет Тахрир алаңына шығып, әскери кеңестің билікті ұстап отырғанына наразылық танытқан еді.

Қазір ел астанасы Каирдің орталығына шоғырланған полиция жасағы сайлау қорытындысына байланысты қарсылық шеруі немесе тәртіпсіздік шаралары өте ме деген қауіппен сақадай сай тұр.
XS
SM
MD
LG