Accessibility links

Eni компаниясы қазақ мұнайын игеруде пара берді деп айыпталды


Каспий шельфіндегі Қашаған кенішіндегі D аралы. 2009 жыл.
Каспий шельфіндегі Қашаған кенішіндегі D аралы. 2009 жыл.

Милан прокуратурасы италиялық Eni компаниясының Қазақстандағы жұмысын тоқтатуды талап етті. Компания өкілдері әзірге бұған түсінік бермеді.


Халықарапық коррупцияға барды деп айыпталған Eni компаниясының жұмысын тергеген Милан прокуратурасы Италия сотынан компанияның Қазақстандағы жұмысын тоқтату туралы шешім шығаруды талап етті. Сот бұл талапты мамырдың 29-ында талқылайды.

КОМПАНИЯ ҮНСІЗ

Бұл шешімге балама ретінде прокуратура Еni мемлекеттік мұнай компаниясының Қазақстандағы филиалы Eni SрA-ны арнайы бақылауға алуды немесе жаңа мәмілеге бармас үшін компанияның қызметін тоқтатуды ұсынды деп хабарлады Fox агенттігі.

Италияның Corriere Della Serа басылымының жазуынша, прокуратураның талабы компанияның кен орындарын игеруде бастапқы инвестиция ретінде 20 миллион долларды пара ретінде жұмсады деп айыпталып, тергелген кезінде қойылып отыр.

Пара Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, мұнай-газ саласындағы топ-менеджер Тимур Құлыбаевқа арналған деп жазады Corriere Della Sera газеті.

Eni компаниясы Қазақстанда 1992 жылдан бастап жұмыс істей бастаған еді. Компания Каспий шельфіндегі Қашағандағы мұнай және Батыс Қазақстандағы Қарашығанақ газ кенішін игеруге қатысып жүр.

Осы компанияның Agip KCO атымен танылған Agip Kazakhstan North Operating Co. NV филиалы Қашағандағы кен орнын игерудің бірінші кезеңімен айналысып жатыр. Eni компаниясы Қашағанды игеруде 16,8 пайыздық үлеске ие.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, тергеу Eni компаниясының бірнеше менеджеріне қатысты жүргізілген. Мәліметтерге қарағанда, сондай менеджерлердің бірі, компанияның Қазақстандағы жұмысына жауапты болған компанияның бұрынғы вице-президенті Гидо Микелоттиге де тергеу жүргізіліп жатыр. Оны баспасөз өкілдері таба алмады. Ал компанияның Италиядағы өкілдігі қандай да бір түсінік беруден бас тартты.

Компанияның Қазақстандағы өкілдері де әзірге осыған түсінік бермей отыр. Компанияның Атыраудағы Eni SрA филиалы Азаттық тілшісіне барлық сұрақтарды Ақтау филиалындағы менеджерге жіберуді кеңес қылды. Бірақ Ақтаудағы компания телефонына ешкім жауап бермеді.

Қашаған және Қарашығанақ кеніштері Қазақстан үкіметі шетелдік мұнай компанияларымен келісімдерді қайта қарауы кезінде назар аудартқан болатын. Ендігіде Қашағанды игеріп жатқан консорциумда "ҚазМұнайГаз" компаниясы 16,8 пайызға ие болып отыр.

"Самұрық-Қазына" ұлттық қорын басқарып жүрген кезінде, өткен жылы Тимур Құлыбаев баспасөзге "ҚазМұнайГаздың" Қарашығанақтағы консорциумның 9 пайыздық үлесін алғалы жүргенін айтқан еді.

МҰНАЙ ЖӘНЕ ГАЗ МИНИСТРЛІГІНІҢ АЙТҚАНЫ

Мұнай және газ министрлігінің жауапты хатшысы Қанатбек Сафинов пара жөніндегі мәселенің Қашаған жобасын жүргізуде операторлық үшін ішкі таластан туындағанын айтты деп хабарлады "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі.

"Мен жобаны біреу тоқтатады деп ойламаймын... Мен сізге айтайын, Қашағанның өзі ішінде операторлық үшін күрес бұрыннан жүріп келеді. Сондықтан үнемі осыған тырысады" деген ол жұма күні агенттік тілшісіне. Ол сот үкімін күте тұру керектігін айтқан.

Сафиновтың айтуынша, концорциуммен күрделі келіссөздер жүріп жатыр. "Бұрын мердігерлер өздері қаржыны шығындап, бізді ыңғайсыз жағдайға қалдыратын. Содан негізгі және пайдаланатын шығын өсіп кетті. Республиканың үлесі азайды, бұл бізге қолайлы емес. Бәлкім, бұл да мердігерлердің кейбіреуіне жақпайтын шығар. Бірақ біз осыған бекіндік, одан қайтпаймыз" деді жауапты хатшы Қанатбек Сафинов.
XS
SM
MD
LG