Accessibility links

Ержан Досмұхамедов: Ақорданы жанжалды жаңа әшкерелеулер күтіп тұр


Ержан Досмұхамедов, "Атамекен" партиясының қуғындағы жетекшісі. Прага, 13 қаңтар 2009 жыл.
Ержан Досмұхамедов, "Атамекен" партиясының қуғындағы жетекшісі. Прага, 13 қаңтар 2009 жыл.

Қуғында жүрген оппозиция көшбасшыларының бірі Ержан Досмұхамедов Қазақстанға жіберілетін халықаралық бақылаушыларды пара арқылы сатып алу үшін, сайлауға дейін елшіліктерге нұсқау беріліп, тіпті арнайы қаражат бөлінгенін де мәлімдейді. Досмұхамедов мырза Азаттық радиосында қонақта болған еді.

Қазақстан басшысының Лондондағы сапарын "Қазақмыс" төлеген


- Ержан мырза, Сіз Прагаға қандай мақсатпен келген едіңіз және сол мақсатыңызға жете алдыңыз ба?

-Мен өткен жыл кібісе жылы болғандықтан барлық астрологиялық болжамдарға сүйеніп, күрделі жыл болар деп ойлағам. Дегенмен Жаңа жыл қарсаңында өткен жылдың нәтижелеріне қарап отырып, ол сәтті, тіпті табысты жыл болды деген қорытындыға келдім. Біз Қазақстандағы болып жатқан оқиғаларды осында, АҚШ пен Ұлыбританиядағы журналистер, саясаткерлер арасында түсіндіруде үлкен серпіліс жасадық...

Нәтижесінде Қазақстан туралы, Ресейден артық болмаса кем қылмай, демократияландыру көзқарасы тұрғысынан жазып жатты. Бұл да үлкен жетістік. Тіпті бұған Ұлыбританияның өзінде қазақ режимінің Лакшми Миттал, Уильям Хейг және басқа да лоббилері болғаны кедергі келтіре алмады. Мен оқиғаны алдын ала жария етпей-ақ қояйын, бірақ тағы да журналистік зерттеу нәтижесінде жарияланатын жаңа материалдар сөзсіз болады.

Журналистік зерттеу Кұлыбаевтың ақшасына қатысты, "Қазақмыс" компаниясының листингісіне де байланысты, тіпті Нұрсұлтан Әбішұлының сапары барысында Лондондағы өте қымбат қонақ үйге тоқтағаны туралы да жүргізіліп жатыр.
Оның 70 мың ағылшын фунт стерлингке түскен сапарын "Қазақмыс" төлегені мәлім болды. Қазақстан басшысының жекеменшік қонақ үйдегі жамбасақысын Лондондағы металл биржасында тіркелген бір листинг компаниясы төлепті!?

Мен қазір журналистердің тұтас бір тобы жүргізіп жатқан журналистік зерттеудің егжей-тегжейі мен әрбір сәттерін айта алмаймын. Сондықтан да бұл жыл да өте табысты болады деп ойлаймын. Мен Чехиядағы өзімнің басты «жоспарымды» асыра орындадым деп ойлаймын. Прагада жетекші саясаткерлермен кездесулер өткіздім, сонымен бірге ТМД елдерінің оппозициялық қозғалыстарының көшбасшыларымен де кездесудің сәті түсті.

Батыстың ресми және үкіметтік емес ұйымдарымен жұмыс жасау мақсатында бар күшімізді біріктіру үшін орталықтандырылған үйлестіру құрылымын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Менің Хельсинкиге алғашқы сапарымда постсоветтік оппозициялық қозғалыстар көшбасшыларымен алғашқы кездесуім бұл жұмысымыздың бір бөлігі немесе нәтижесі болып табылады. Осы жерден мен ЕҚЫҰ-ға кірген «үштіктің» бірі - Швецияға аттанамын, біз швед саясаткерлерімен де жақсы қарым-қатынас орнатқанбыз. Осылайша біртіндеп жүйелі жұмыс жалғасуда, жетілдірілуде, кеңейтілуде, бұл бір сәтте шешілетін мәселе емес.

Дегенмен, біз жұмысымызды жүйелі түрде жолға қойдық, әрине біздің «Атамекен» партиясын президент әкімшілігі тіркемейінше, елге оралған соң, өзімнің конституциялық құқығымды жүзеге асыра отырып, саясаткерлікпен еркін шұғылдану үшін өмірімнің қауіпсіздігіне кепілдік берілмейінше, біздің партияның белсенділері мен қатардағы мүшелерін қорқытып-үркіту мен тергеулер тиылмайынша, «мадридтік уәделердің» барлық бөлімдері орындалмайынша жұмысымызды жалғастыра береміз. Көзбояушылықпен емес, нақты іс-әрекетпен.

Қазақстан халқының жүрегі шайлығып қалған, ал баспасөзі толық «ауыздықталған»...

- Ержан мырза, Қазақстанның 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік ұйымына төрағалық ететін «Үштігінің» құрамына қағаз жүзінде кіргені белгілі. Алайда қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының, сонымен бірге қазақ оппозициясының ортақ пікірі бойынша, бұл жерде ең алдымен, БАҚ туралы заңға, саяси партиялар туралы заңға, сайлау туралы заңға өзгертулер енгізу туралы сөз болмақ. Ақорда күні бүгінге дейін 2007 жылы «Мадрид саммитінде» берген уәдесін, жүктелген міндеттерін орындаған жоқ және орындауға құлық танытар емес. Сіздің осы жөнінде қосарыңыз бар ма?


- Мен халықаралық сарапшылар мен тәуелсіз журналистердің пікірімен толық келісемін. Және Қазақстан басшылығы бұл міндеттерді орындауы тиіс деп ойлаймын. Ал сіз жоғарыда атап өткен заңдарға көзбояушылық үшін енгізген өзгертулер халықаралық қоғамдық пікірді тағы да бір алдап соғу үшін жасалған, алайда ол қитұрқысы іске аспайды деп ойлаймын.

Қазақстанда бұл «әдіс» табысты қолданылып жүр, себебі онда халықты қорқытып, барлық тұрғындарды шегіне жеткізе үрейлендіріп тастаған, баспасөздің тілі кесілген, оның тілі әу баста-ақ кесілген, - қараңызшы, “Алма-Ата-ИНФО” басылымының бас редакторымен не болып жатқанын, қорлыққа, кемсітуге душар болып отыр, оның конституциялық құқығы ғана емес, адами құқығы бұзылып отыр, жүрегі ауыратын адам психологиялық және дене азабын тартып жатыр - мен ол әдістің осында да «табысты қолданылуына» мүлдем жол бермеу керек деп ойлаймын.

Сондықтан мен осы жылдың басынан бастап, Еуропа одағы елдері бойынша тағы да сапар жасаймын. Мен бұған дейін Норвегияда болдым. Осында, Чехияда, чех саясаткерлерімен кездестім. Чехияның вице-премьері Александр Вондрмен кездестім, өзіңіз білетіндей, ол ЕуроОдақта Чехия төрағалығын үйлестірушілердің бірі. Және ол Чехияның Америка Құрама Штаттарындағы бұрынғы елшісі. Батыста беделді адам.

Мен оған барлығын толық айтып бердім. Ол социалистік формацияда туылған адам ретінде, астаналық үгіт-насихаттық айланың барлық «қатпарларынын» жақсы түсініп отыр деп ойлаймын. Сонымен бірге ол неге баса назар аудару қажет екенін, қайсысы негізгі, қайсысы қосымша екенін де жақсы түсінді ғой деп ойлаймын.

Егер Батыстағы саясаткерлер түсінгісі келмесе, біз олардың есіне салатын боламыз. Себебі біз мұнда жалғыз емеспіз. Құдайға шүкір, мұнда олардың үкіметтік құрылымдары, халықаралық ұйымдары және нағыз тәуелсіз баспасөзі бар. Біз де осы бағытта жұмыс істейтін боламыз.

Ақорда қомақты қаржыға халықаралық арандатушыларды жалдап отыр

- Ержан мырза, Рахат Әлиевтің белгілі мәлімдемесінде Ақорданың Миртчев, әлде Мирчев деген мырзаға оның қызметі үшін және «өте сақтықты талап ететін» бір тапсырманы орындағаны үшін әжептәуір қомақты қаржы, бірнеше ондаған миллион доллар берілгені туралы айтылып еді. Ол осынша қомақты қаржы беретіндей, Ақорданың тапсырмасын қаншалықты табысты орындады екен?

- Мен бұл сұрақты Ақорданың өзіне қойған дұрыс болар деп ойлаймын. Өйткені мен Миртчев мырзамен ешқашан кездескен емеспін және онымен «жұмыс істеу құрметіне» ие болып көргенім жоқ. Бірақ мен ол ақшаның бәрі халықтікі екенін айтуым қажет.

Бұл біздің Ақорданың өз интеллектісімен немесе адал еңбегімен тапқан ақшасы емес. Бұл біз бен сіздің – қарапайым қазақстандық азаматтардың ақшасы. Бұл қаржы, өкінішке орай, ешқандай моральдық ұстанымдары жоқ және ол ақша тағдыры тәлкекке түскен мыңдаған адамның ақшасы екеніне түкіріп те қарамайтын адамдарға қызмет көрсетілгені үшін төленіп отыр. Бұл болашақ ұрпақтың жоғалтқан мүмкіндіктері. Және, өте өкініштісі, олардың осы 40 млн.долларды өздерінің саяси өмірлерін барынша ұзарту үшін жұмсағаны. Өте қасіреттісі, біздің биліктің санасының әлсіздігі сондай дәрежеде, бұл қаржыны милиондаған қазақ жастарын әлемнің ең үздік университеттерінде оқытуға жұмсамай отыр.

Бұл қаржыны олар қазақстандық аналар өз сәбилерінен айырылмау үшін атам заманғы, санитарлық талаптарға жауап бере алмайтын перзентханаларды қазіргі заманға лайық жабдықтауға, мүгедектер мен балалар үйлерін қайта жөндеуге жұмсамайды.

Керісінше ол қаржыны, американдық немесе ағылшындық төлқұжаттарын иеленген дамыған демократиялық қоғамның бар мүмкіндігін, күшін халық билігінің, жаңа және жас мемлекеттердегі демократиялық институттардың, азаматтық қоғамдардың жас билік өкілдерін құртуға пайдаланатын ұстанымсыз адамдарды, шын мәнінде халықаралық аванюристерді сатып алу үшін жұмсайды.

Мен бұл ірі қылмыс, бұл рухани қылмыс де ойлаймын. Алайда біздің партиямыз (“Атамекен”) американдық немесе ағылшындық саясаткерлердің назарын осы мәселеге аудару үшін бар күшін жұмылдыруда.
Бұл елдерде, тіпті Американың немесе Ұлыбританияның төлқұжатын иеленсе де, Александр Миртчев сияқты тұлғалардың іс-әрекетін бақылайтын қатаң жүйе жұмыс істеуі және болуы қажет.


Сондықтан мен бұл елдердің құқық қорғау орындары және БАҚ бұған ерекше көңіл бөліп, азамат Миртчевтің соңына шам алып түскеніне өте қуаныштымын.

Бұл осы сияқты қарапайым қазақтардың, өзбектердің, түркімендердің маңдай терімен тапқан ақшасынан пайда көргісі келген басқа да аванюристерге үлкен сабақ болады. Мұндайларға мүлдем жол бермеу қажет!

Тағы айта кететін бір жайт, Қазақстанның қазіргі режимі бұл жүйені жақсы меңгеріп алды деп ойлаймын. Мұнда 15-16 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан елшіліктер бар. Және олар жақсы үлгіде емес, жаман үлгіде осы жүйені меңгеріп алды.

Олар Қазақстанға халық өкіметінің, азаматтық қоғамның тәжірибелері мен артықшылықтарын енгізудің орнына, осы демократиялық елдерді сол елдердің халқын, бұқаралық ақпарат құралдарын ақымақ ету үшін пайдаланады.

Олар Қазақстанға келетін шетелдік бақылаушыларды сатып алудың ебін тапты. Маған сайлауға дейін Қазақстанға жіберілетін халықаралық бақылаушыларды сатып алу үшін, елшіліктерге нұсқау беріліп, тіпті арнайы қаржы бөлгені де айдан анық.


Бұл түрлі сыйлықтар, түрлі түскі ас пен кешкі тамақтарға шақырулар...
Біздің партиямыздың шетелдегі қызметінің бағыттарының тағы бірі - құқық қорғау және басқа да үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен осында, Батыс қоғамында, жұқалап айтқанда, демократияға қарсы, халыққа қарсы тәртіптердің, мысалы, Қазақстандағы сияқты, үнсіз агенттері ретінде сатып алуға «мүмкіндік беретін», сыбайлас жемқорлықпен айналысатын саясаткерлер мен шенеуніктерді анықтау болып табылады.

Менің Чехиядағы сапарымның ақтық нүктесі, бұл – сіздермен – атап айтар едім, ең тәуелсіз радиостанциясының – журналистерімен кездесуім болды. Мен сіздердің тұғырнамаларыңыздың арқасында Қазақстандағы президент әкімшілігінің тарапынан үнемі тұншықтырылып отыратын, оқшауланып тасталатын біздің даусымыз елде естілетін болады деп ойлаймын. Рахмет сіздерге!

- Сізге де сұхбатыңыз үшін рахмет!
XS
SM
MD
LG