Accessibility links

Қырғызстан өнімдеріне ЕО нарығына жол ашылды


Қырғыз фермерлері алма бағында. Ош облысы, 8 қазан 2015 жыл.

Қырғыз фермерлері алма бағында. Ош облысы, 8 қазан 2015 жыл.

Еуропа Одағы «GSP+» мәртебесін берген соң Қырғызстан ЕО елдеріне жеті мыңға жуық тауар түрін баж салығынсыз шығару мүмкіндігіне ие болды.

Өзіне берілген «GSP+» (Generalized System of Preferences - жалпыға бірдей жеңілдік жүйесі) мәртебесінен айырылып қалмау үшін Қырғызстан енді басқару, адам құқын қорғау, экология және еңбекке қатысты халықаралық міндеттемелерді орындауы тиіс.

ЕО ӨЗ НАРЫҒЫНА ЖОЛ АШТЫ

Еуроодақтың бұл шешімі Қырғызстанға экспортты ұлғайтып, экономикалық мүмкіндігін арттыруға мүмкіндік туғызады. Қырғызстандағы Еуропа Одағы өкілдігінің саяси бөлімі жетекшісі Яап Ораның Азаттыққа айтуынша, мемлекет экономикасын дамыту және инвестиция үшін жағдай жасау – екі жақты қарым-қатынастың негізгі мақсаты болмақ.

– Қырғызстан осы мәртебені алуға ниет білдіріп, өткен жылы бізге өтініш жасады. Брюссельге келген сапарында президент Алмазбек Атамбаев тиісті хат қалдырды. ЕО комиссиясы оны қарап, Қырғызстанға «GSP+» мәртебесін тағайындау туралы шешім қабылдады. Осылайша, Қырғыз елі өз тауарларын Еуропаға баж салығының 91 пайызын төлемей экспорттау мүмкіндігіне ие болды, - дейді Яап Ора.

Қырғызстан биыл қаңтардың 27-інен бастап ЕО елдеріне жеміс-көкөністер, кептірілген және қайта өңделген ауыл шаруашылық өнімдері, тоқыма, жүк және былғарыдан жасалған өнімдер және тағы басқа да алты мыңнан аса тауар түрлерін баж салығынсыз экспорттауға мүмкіндік алды. Еуроодақтан Қырғызстанға әкелінетін тауарларға бұрынғысынша салық салынады.

Бірақ, Қырғызстаннан өнімдерді экспорттау үшін ЕО жекелеген талаптар қояды. Яап Ораның айтуынша, ол көбіне азық-түлік өнімдеріне қатысты.

– Қырғызстандық кәсіпорындардың бәрі өз өнімдерінің барлық талапқа сай болуы үшін тырысуы керек. Әр тауарға қойылатын жеке талап бар. Егер кәсіпкерлер өз өнімдерін Еуроодақта сатқысы келсе, бізге хабарласуына болады. Біз оларға толық ақпарат беріп, бұл мәртебені қалай пайдалану керектігі туралы айтамыз, - дейді ол.

ҚУАНУҒА ӘЛІ ЕРТЕ…

Қырғызстандық кәсіпорындар өздері шығарған өнімді ЕО елдеріне қазір де сатып отыр, бірақ олардың көлемі өте аз. Себебі, Еуроодаққа шығарылатын тауарлар халықаралық стандарттағы бірнеше сертификатқа ие болуы керек. Сондықтан мамандар ЕО-тың 500 миллиондық нарығы есігін ашты деп алақайлауға әлі ерте деп санайды. Қазіргі кезде қырғыз тауар өндірушілерге тауарларының сапасын еуропалық стандартқа жеткізіп, ЕО нарығына қажетті мөлшерде тауар шығаруға қабілеттіміз бе деген сауалға жауап беру міндеті жүктеліп отыр.

Жол бойында алма сатып отырған әйелдер. Ош, 9 желтоқсан 2014 жыл.

Жол бойында алма сатып отырған әйелдер. Ош, 9 желтоқсан 2014 жыл.

Қырғыз кәсіпкері, экономист Бақтыбек Тұрдыбаевты Қырғызстан Еуроодақтың мұндай қадамына лайықты жауап бере ала ма деген сұрақ толғандырады.

– Еуроодақтың Қырғызстанға қақпасын ашқаны қуантады. Ал біз қалай жауап береміз? Біздің тауарларымыз Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) талаптарына жауап бермейді, ал ЕО талаптары одан да қатты. Сондықтан қуануға әлі ерте. Бізде еуропалық стандарт зертханалары жоқ. Екіншіден, ЕО нарығына тауар жеткізу мәселесі шешілмеген. Оны теміржол, автокөлік немесе ұшақпен жеткізе аламыз. Әуе жолы өте қымбат, ал темір немесе автокөлікпен ЕАЭО мүше елдердің аумағынан өтуге мәжбүр боламыз. Бұл – қиын мәселе. Бұның бәрі ниетіміз бар, мүмкіндігіміз жоқ екенін көрсетеді, - дейді Тұрдыбаев.

ИСО ЖӘНЕ ХАССП

Баткендік кәсіпкер, «Баткен байлығы» кәсіпорнының төрағасы Чолпон Асыранқұлов кептірілген жемістер мен күрішті Ресей мен Қазақстанға экспорттаумен айналысады. Ол өз өнімдерін Еуроодақ елдеріне шығаруға бірнеше рет талпынғанын айтады.

– Біз тырысып көрдік, бірақ ЕО нарығына шығу үшін тауарларымыз ИСО және ХАССП стандарттарына сай болуы керек. Әзірше ол талаптарға сай болмай тұрмыз. Себебі, ол өте қымбатқа түседі. Тағы бір талап бар: Еуроодақ нарығына енген соң өз әріптестеріңді уақтылы және қажетті көлемде қамтамасыз етіп отыру міндетін аласың. Өкінішке қарай, қажетті өнім көлемін белгіленген уақытқа әзірлеу үнемі қолымыздан келе бермейді. Мысалы, Баткенде бір жылы өрік жақсы піседі, келесі жылы дұрыс шықпай қалады, - дейді қырғыз кәсіпкері.

Оштағы орталық базарда. 16 тамыз 2012 жыл.

Оштағы орталық базарда. 16 тамыз 2012 жыл.

Еуроодақ талабына сәйкес, оның аумағына кіретін өнімде ИСО (ISO) халықаралық сертификаты болуы керек. Оған қоса, ол ХАССП талаптарына сай болуы керек. Бұл жүйе өнім өндірудің барлық кезеңінде қауіпті факторларды анықтау және тиісті бақылау жасау арқылы қауіпсіз өнім өндірісін қамтамасыз етеді және азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі үшін негізгі жауапкершілікті өндірушіге жүктейді, ол негізінен азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорындарда қолданылады.

ХАССП жүйесін енгізу үшін өндірушілер өзі шығаратын өнімді және оны өндіру жолдарын зерттеп ғана қоймай, бұл жүйе мен оның талаптарын шикізат жеткізушілерге, қосымша материалдарға, көтерме және бөлшек сауда жүйесіне қатысты қолдануға міндетті.

АЛДА ҚЫРУАР ЖҰМЫС БАР

Қырғызстан халықаралық алаңда өзін экономикалық таза, органикалық өнім өндіретін мемлекет ретінде көрсетуге тырысады. Кейбір мамандардың пікірінше, елдің еуропалық нарыққа осындай тауарлармен енуіне мүмкіндігі бар. Ал жоғарыда айтылған ИСО және ХАССП стандарттарына өнімнің лайық болуы – басқа мәселе.

Үкімет әзірше «GSP+» мәртебесін отандық бизнес пен мемлекет экономикасының игілігіне пайдаланудың нақты шаралары туралы ештеңе айтқан жоқ. Бұл мәселе ынтымақтастықты кеңейтуге арналған Брюссельдегі екіжақты кездесуде талқыланбақ.

(Замира Кожобаеваның мақаласын орысшадан аударған Динара Әлімжан.)

XS
SM
MD
LG