Accessibility links

Еуропа одағы ортақ ақшасыз қалуы мүмкін


Еурокомиссия штаб-пәтерінің ғимаратындағы еуро монетасы бейнеленген баннер. Брюссель, 19 желтоқсан 2011 ж.

Еурокомиссия штаб-пәтерінің ғимаратындағы еуро монетасы бейнеленген баннер. Брюссель, 19 желтоқсан 2011 ж.

Еуропаның ортақ валютасының басына бұлт үйірілді. Еуро аймағындағы кедей елдердегі қаржылық қиындықтар еуроны құрдымға тартып барады, ал ортақ ақшаны құтқармақ болған бақуатты елдердің басшылары бір-бірімен тіл табыса алмай жатыр.


Саяси және монетарлық интеграция бір деңгейде жүрмегендіктен еуроны құтқару дауы кәрі құрылықтағы одақтастар арасында кикілжің тудыруы мүмкін деген болжамдар айтыла бастады.

НАУРЫЗДА ЕУРО НЕ БҮК, НЕ ШІК БОЛАДЫ

Бұл жыл – жақында Германия мен Франция бірлесіп ұсынған еуроны құтқару жоспарын безбенге салатын жыл болмақ. Не «Біртұтас Еуропа» идеясы басым түсіп, ол жоспар қабылданады, не ұлтшыл ұрандардың кесірінен құрдымға кетеді. Осы жоспардың наурызға дейін мақұлдану, я мақұлданбауына байланысты Еуропа екі жолдың бірін таңдайды. Не тығыз экономикалық және саяси интеграцияға көшеді, не бұрынғы кездегідей өзара қырықпышақ дүрдараз елдерге айналады.

Мұнымыз тым әсірелеп айтылғандай көрінуі мүмкін. Бірақ, үш жылға созылған валюта дағдарысынан соң мұның жай сөз еместігін жұрттың бәрі, соның ішінде Еуропаның көшбасшылары да түсінеді.

Желтоқсанның 9-ында жариялай салысымен Еуропа одағының басшылары бұл жоспарды еуро аймағындағы 17 ел ғана емес, ұйымға кіретін 27 елдің барлығын алға бастайтын бір ғана жол деп дәлелдеумен келеді және оның бірауыздан мақұлдануынан үміт етеді.

Жаңа жоспар еуроны қолданатын елдерді бұдан да үнемді ете түсумен қатар қатаң талаптарды бұзғандарына санкция салуды көздейді. Сонда ғана инвесторлардың еуроға деген сенімі артады дейді құжат авторлары. Басқаша айтсақ, бұл - Еуропа одағы елдері Брюссельдің алдында біраз егемендігінен айрылады деген сөз.

«ЖАҢА ЖОСПАР НАРАЗЫЛЫҚТЫ КҮШЕЙТЕДІ»

Жасыратыны жоқ, ұйымның кейбір мүшелері, атап айтсақ Ұлыбритания, бұл жоспарға қарсы шыға отырып, мұны «еуроинтеграцияны асығыс жеделдету
Егер олардың үкіметтері осы ортақ жоспарға сүйеніп бұрынғыдан да бетер қатаң шаралар қолданса, елдің қаржылық егемендігін орталыққа бергенін ашық байқатса, бұл халықтың ашу-ызасын туғызып, наразылығын күшейтуі мүмкін.

әрекеті» деп бағалады. Басқа елдер «бұл жобаны алдымен өз ішімізде мақұлдап алуымыз керек» деп отыр.

Лондондағы «Легатум» институтының экономисі Дэлибор Рохачтың айтуынша, қаржылық қиындықтарға ұшырап жатқан елдер ел мүддесінен Еуропа мүддесі күштірек деген тұрғыда саясат ұстана берсе, өз ішіндегі халық наразылығы өршіп кетпек.

– Грекия, Италия, Португалия сияқты елдер қаржылық мәселелерін реттейміз деп әлеуметтік саласын құлдыратып алды, экономикалық өсімдері тежелді. Меніңше, егер олардың үкіметтері осы ортақ жоспарға сүйеніп бұрынғыдан да бетер қатаң шаралар қолданса, елдің қаржылық егемендігін орталыққа бергенін ашық байқатса, бұл халықтың ашу-ызасын туғызып, наразылығын күшейтуі мүмкін, –деді ол.

«ГЕРМАНИЯ ТЫҚПАЛАҒАН ЖОБА»

Ұлтшыл көзқарастарды өршітіп жіберуге және бір себеп – бұл құжат жалпы көпшілікке құрлықтың мәселелерін шешу мақсатында тықпалап отырған Германияның жеке стратегиялық жоспары іспетті көрінеді.

Еуроны құтқару үшін қыруар қаражат жұмсаған Германия үкіметінің өзі де титықтаған елдерге көмек қаржы жөнелткен сайын ел ішінде үлкен қарсылыққа тап болып келеді. Қысқаша суреттегенде бұл құжат немістердің ұлттық ерекшеліктері – үнемшілдік пен тынымсыз еңбекті жалпыға ортақ модельге айналдыруды көздейді. Еуропа орталық банкінің штаб-пәтері алдындағы еуро валютасының белгісі жанында түсірілген суреттегі адамның қолында 1 еуролық монета көрсетілген. Франкфурт, Германия, 29 сәуір, 2010 ж.

Еуропа орталық банкінің штаб-пәтері алдындағы еуро валютасының белгісі жанында түсірілген суреттегі адамның қолында 1 еуролық монета көрсетілген. Франкфурт, Германия, 29 сәуір, 2010 ж.

Германияның формуласы бойынша, кедей елдер қатаң үнемдеу саясатына көшеді, ал Германия Еуропаның экономикалық моторы ретінде өзінің экспорттық өнеркәсібін күшейтіп, экономикалық дамуды қамтамасыз етеді, сөйтіп, шалажансар еуроға жан бітеді. Бірақ, бұл жоспарды жүзеге асыру қиынға соқпақ.

– Кедей елдердің бәсекеге қабілеті төмендеп барады. Германия экспортын ұлғайтты делік, бірақ әлемнің басқа елдері және Еуропаның қалған мемлекеттері дағдарысқа ұшыраса, экспорттайтын бағыттары да азаяды. Сондықтан, меніңше бұл модельдің жұмыс істей қоюы екіталай, – дейді Рохач.

Германияның орталық банкі алдағы жылы елдің экономикалық дамуы күрт құлдырайды деген болжам жасады. Бундесбанктің есебі бойынша, 2012 жылы экономикалық өсім бар болғаны 0,6 пайыз болады. Ал биыл бұл көрсеткіш 3 пайыз болған еді.

ЕУРОАЙМАҚҚА КІРМЕЙТІН СЕКЕМШІЛДЕР

Мәселе тек жаңа валюталық келісім-шартқа күдіктене қараудан шығып тұрған жоқ. Тағы бір үлкен проблема – еуро аймағына кіре қоймаған одақ мүшелерінің секемшілдігі.

Мәселен, Чехияның премьер-министрі Петр Нечас сыртқы қарызы көп елдерді қолдау үшін Халықаралық валюта қорына Еуропа одағы аударатын 200 миллиард еуроны одақ мүшелерінің барлығы бөліп төлеуі керек деген шартпен келіспейтінін айтты.

Ал Польша астанасы Варшавада желтоқсанның 13-інде Еуропа одағымен тығыз интеграцияға қарсы наразы халық шеру өткізді. Мұның барлығы жаңа жоспардың алда қандай қарсылыққа ұшырауы мүмкін екендігінен хабар береді.

БАЙ МЕН КЕДЕЙ БОЛЫП БӨЛІНУ ҚАУПІ

1997 жылы еуро әлі айналымға шықпай тұрып әлемдегі белгілі экономистердің бірі, Гарвард университетінің профессоры, еуроскептик Мартин Фельдштейн «саяси және қаржылық одақ болмаса, еуроның болашағы жоқ» деген еді.

Фельдштейннің және бір болжамы бойынша, Еуропа ортақ валютаны қолдау үшін
Еуропа ортақ валютаны қолдау үшін интеграцияны күшейте беретін болса, бұл кері әсер беріп, кәрі құрлық елдері арасында алауыздыққа, тіпті жанжалға соқтыруы ықтимал.

интеграцияны күшейте беретін болса, бұл кері әсер беріп, кәрі құрлық елдері арасында алауыздыққа, тіпті жанжалға соқтыруы ықтимал.

Еуро аймағы елдері қаржылық одақ құруға қарсы шығып, өзара ырду-дырдумен уақыт өткізе ме, әлде жаңа шарт қабылданып, шалажансар еуроға жан біте ме, оны келер жылдың алғашқы айларында білеміз.

Егер бұл шарт қабылданбай, еуроның тағдыры қыл үстінде қалса, Берлиннің қандай әрекетке баратыны белгісіз. Алайда Германиямен қоса басқа да бақуаты Еуропа елдері өз іштерінде қаржылық бақылау жағынан біркелкі шағын валюталық аймақ құрып, кедей елдерден іргесін аулақ салуға дайын деген болжам бар.
XS
SM
MD
LG