Accessibility links

Могеринидің баспасөз хатшысының «Газпром» лоббисімен некесі


Жас жұбайлар Кэтрин Рэй мен Томас Баррос-Тастетс үйлену тойында. 19 қазан 2013 жыл.

Жас жұбайлар Кэтрин Рэй мен Томас Баррос-Тастетс үйлену тойында. 19 қазан 2013 жыл.

Еурокомиссия басшылығы Еуроодақ сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілінің баспасөз хатшысы мен «Газпромның» белді лоббисінің некесі мүдделер қақтығысын тудырмайды деп санайды.

Еуропа Одағының жақында сайланған сыртқы саясат мекемесінің басшысы Федерика Могеринидің баспасөзбен байланыс жөніндегі өкілі Кэтрин Рэй Ресейдің «Газпром» компаниясының мүддесін қорғайтын белді лоббистерінің бірі Томас Баррос-Тастетске былтыр 19 қазанда тұрмысқа шыққан.

ЛОББИСТІК ФИРМА ӨКІЛІ

G+ лоббистік фирмасының Брюссельдегі бөлімшесінің қызметкері Баррос-Тастетстің интернетте жарияланған өмірбаянында оның «әлемдік консорциумның Еуропадағы бөлімшесінің жұмысын үйлестіруге көмектесетіні, әлемдегі ең ірі энергетика компанияларының бірі саналатын мекемеде қоғаммен және ақпарат құралдарымен байланыс бойынша кеңес беретіні» айтылған.

Ресейлік "Газпром" компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде. (Көрнекі сурет)

Ресейлік "Газпром" компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде. (Көрнекі сурет)

«Әлемдегі ең ірі энергетика компанияларының бірі» дегені қай мекеме екені ашық айтылмаса да, Баррос-Тастетсті ресейлік «Газпром» компаниясының Еуропа қоғамымен байланыс жөніндегі кеңесші» деп жиі атап жатады. Ал 2013 жылғы тамызда жарияланған мәлімдемеде оның «Газпромға» Еуроодақ басшылығымен бәсекелестік мәселелері бойынша кеңес беретін G+ фирмасының әріптесі болып тағайындалғаны» жазылған.

Еуроодақтың компаниялардың транспаренттілік регистрінде G+ компаниясының басты клиенттерінің бірі ретінде Diversified Energy Communications (for Gazprom Export) компаниясы көрсетілген. Бұл фирманың жылдық айналымы 300-350 мың еуро аралығында делінеді.

Баррос-Тастетс «Еуропа парламенті ғимаратына кіруге құқығы бар қызметкер» деп көрсетілген.

29 қазанда Баррос-Тастетстің Брюссельде Ресей энергетика министрі Александр Новакпен шүйіркелесіп тұрғанын байқағандар бар. Новак мұнда Еуроодақ пен Украина өкілдерімен келіссөздер жүргізуге келген еді.

ЭТИКА ЖӨНІНДЕГІ ТАЛАПТАР

Еурокомиссияның баспасөзбен байланыс жөніндегі өкілі, Кэтрин Рэйді қызметке алуға қатысқан Маргаритис Шинас Азаттық радиосының сұрағына жазбаша берген жауабында «Кэтрин Рэй күйеуінің жұмыс орны, оның «Газпромға» қатысы туралы ескерткен» делінген.

«Рэй Еурокомиссияның этика жөніндегі талаптарын толық орындады» деп жазған Шинас. Ол Рэйді қызметке алуға Могеринидің өзі қатысқанын айтқан.

«Рэй Африка, Латын Америкасы және Парсы шығанағы елдерімен қоғамдық байланыс орнату мәселесіне жауап береді. Ал Еуропамен, соның ішінде Ресеймен қарым-қатынасқа Майя Косьянчич жауапты. Сондықтан, Рэйдің комиссиядағы міндеттерінен ешқандай мүдделер қақтығысы жоқ» делінген Шинастың Азаттыққа берген ресми жауабында.

Кэтрин Рэйдің өзі Азаттықтың жіберген сұрақтарына жауап бермеді.

ЖАҢА ТҰЛҒА

Еуроодақтың сыртқы саясат мекемесіне Кэтрин Эштонның орнына Италия сыртқы істер министрі болған Федерика Могеринидің сайлануы түрлі реакция туғызды. Сыншылар «оның саяси тәжірибесі жоқ, Путин билікте тұрған кезде ол Ресейдің ығына жығыла беруі мүмкін» деген болжамдар айтқан.

Италия сыртқы істер министрі Федерика Могерини (сол жақта) ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен бірге. Мәскеу, 9 шілде 2014 жыл.

Италия сыртқы істер министрі Федерика Могерини (сол жақта) ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен бірге. Мәскеу, 9 шілде 2014 жыл.

– Әсіресе оның Путиннің іс-әрекетіне көз жұма қарауы мені қатты алаңдатты. Меніңше, оған Путин ұнайтын сияқты, олар жақсы тіл табысқан, ол Ресейге іргелес жатқан Еуроодақ мүшелерінің көзқарастарын түсіне бермейтін сияқты, - деді «Экономист» журналының энергетика және табиғи ресурстар бөлімінің аға редакторы Эдвард Лукас. Ол былтыр әлеуметтік желілерде Могеринидің кандидатурасына қарсы науқан ұйымдастырған.

Басқа сарапшылар сияқты ол да Еуропа дипломатиясының тізгінін Орталық Еуропадан шыққан саясаткер ұстауы керек деген пікірді ұстанған. Ол әсіресе сол кезде Польшаның Сыртқы істер министрі болған Радек Сикорскийдің кандидатурасын қолдаған. Қазір Сикорский Польша парламентінің спикері қызметін атқарады.

41 жастағы Могерини – тәжірибесі аз саясаткер. Биылғы ақпанда ғана Италия премьер-министрі Маттео Ренци оны осы елдің сыртқы істер министрі етіп тағайындаған. Бірнеше ай өтер-өтпестен дәл сол Ренци оны Кэтрин Эштонның орнына ұсынды.

РЕСЕЙГЕ ТӘУЕЛДІЛІК

Қазан айында өткен Еуроодақ саммитінде Украинадағы дағдарысқа қатысты Ресейге қосымша санкция салуға жалғыз Ренци қарсы шыққан. Оның үстіне Ренци «Газпром» алпауытының «Оңтүстік ағыс» газ құбыры жобасын құлшына қолдап жүр.

Италия сыртқы істер министрі Федерика Могерини (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путиннің қабылдауында. Кремль, Мәскеу, 9 шілде 2014 жыл.

Италия сыртқы істер министрі Федерика Могерини (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путиннің қабылдауында. Кремль, Мәскеу, 9 шілде 2014 жыл.

Грекия, Болгария, Сербия және Румыния жері арқылы өтетін бұл құбыр Италияны және Еуроодақтың басқа елдерін Ресейден келген көгілдір отынмен қамтамасыз етпек.

2013 жылы Еурокомиссия Ресеймен арадағы осы газ құбырын салу жөніндегі мемлекетаралық келісімдер әділ бәсеке және үшінші жақты кемсітпеу шарттарына қайшы келеді деген ұйғарым жасады.

Еуропа одағының мақсаты - «Газпромға» тәуелділікті азайту. Осы күні Еуроодақ қажетті газдың үштен бірін Ресейден алып отыр.

(Роберт Коалсонның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG