Accessibility links

Еуропарламент қабылдаған қарарда Жаңаөзен алға шықты


Мартин Шульц, Еуропарламент төрағасы. Страсбург, 17 қаңтар 2012 жыл. Көрнекі сурет

Мартин Шульц, Еуропарламент төрағасы. Страсбург, 17 қаңтар 2012 жыл. Көрнекі сурет

Наурыздың 14-15 күндері Страсбургте Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтарына қатысты тыңдаулар өткізіп, бірлескен қарар қабылдады. Ол құжатта 2011 жылғы желтоқсанның 16-17 күндері Маңғыстау облысында болған толқудың күшпен басылғаны ресми түрде айыпталды.


Еуропа Одағы парламентінің Қазақстанға қатысты қарары негізінен былтырғы желтоқсанның 16-17-сі күндері Жаңаөзен қаласы мен Шетпе станциясында болған қанды оқиғаларға арналды.

Еуропарламент Қазақстанның мұнай секторындағы еңбек дауының дер кезінде шешілмеуі наразылықтардың күшеюіне себеп болды дейді.

Еуропарламент ресми құжатында Қазақстан үкіметінен аталған оқиғаның себептерін халықаралық тәуелсіз мамандарға тексертуді талап етеді. Сонымен қатар резолюция Қазақстандағы оппозицияны қудалау мен сөз бостандығын шектеу әрекеттерін айыптап, «Қазақстан билігін азаматтардың жиналу құқығын құрметтеу бойынша ахуалды жедел түрде жақсартуды» сұрайды.

КІРІСПЕ

Наурыздың 14-і күні кеңінен талқыланған қарардың сипаттама бөлімінде Жаңаөзендегі қақтығыстан кейін жарияланған төтенше жағдай 31 қаңтарға дейін созылып, бұл қалаға тәуелсіз ақпарат құралдары мен бақылаушылар жіберілмей қойғаны айтылған. Содан бері де аймақта жағдай шиеленісіп, тұрғындарды қорқытып-үркіту мен қудалаулар жалғасып, шамамен 43 адамның қамауға алынғаны жазылған.

Атап айтқанда, Жаңаөзен оқиғасына қатысты қамалған ереуілдеуші мұнайшылардың белсенділері - Талғат Сақтағанов, Роза Төлетаева мен Наталья Әжіғалиевалардың 6 жылға дейін мерзімге сотталуы мүмкін екені баяндалады. Биыл ақпанның 3-інде Орал қаласында «исламшыл белсенділер» ретінде тұтқындалған жастардың Жаңаөзенде тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікке ілінгені де сипатталады.
Еуропарламенттің бірлескен отырысы. Страсбург, қаңтар, 2012 жыл.

Еуропарламенттің бірлескен отырысы. Страсбург, қаңтар, 2012 жыл.


Страсбургтегі Қазақстанға қатысты тыңдаулардың бірінші күні – наурыздың 14-інде Еуропалық комиссияның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілінің орынбасары, даниялық саясаткер Вилли Совндал Қазақстандағы жағдайды саралаған баяндама жасады. Оның айтуынша, ақпанның 9-ында Астанада болған Еуропа Одағының делегациясы қамауда жатып, хирургиялық операция жасатқан «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтың денсаулығын сұрап, оның әйелімен және адвокатымен кездескен. Совндал мырза Еуропа Одағының Қазақстан билігімен жүргізген диалогының арқасында, белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис, кейін мұнайшылар заңгері Наталья Соколова да қамаудан босатылды деген пікірде.

Қазақстанның сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановпен кездесуде Жаңаөзен оқиғасына байланысты қамалған бірнеше оппозиция жетекшілері мен тәуелсіз журналистерді босатуға шақырдық деді Вилли Совндал.

ЖАРЫССӨЗ

Еуропарламент депутаттарының Қазақстанға қатысты пікірлері екіге жарылды. Бір жарым минуттық жарыссөзге шыққан бір топ депутат биліктің Жаңаөзендегі ереуілшілерге ұрыс қаруын қолданғанын айыптап шықты. Ал екінші топ Астананың экономикалық жетістігін алға тартып, Маңғыстау облысындағы қанды оқиғалардың себептерін мұқият зерттеуге шақырды.

Қазақстан үкіметі адам құқықтарын ғана емес, халықтың әлеуметтік құқықтарын да сыйлау керек деген кеңестер айтылды.
Қазақстан үкіметі адам құқықтарын ғана емес, халықтың әлеуметтік құқықтарын да сыйлау керек.

Финляндиядан сайланған депутат Лиза Яконсари Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтарын жақсартуға ықпал етуі керек деді.

- Өткен жылдан бері біз Қазақстандағы азаматтық наразылықтар мен бейбіт шерулердің куәсі болып қана қоймай, азаматтық қоғам белсенділерінің, тәуелсіз журналистер мен оппозиция жетекшілерінің қалай қудаланып, қамауға алынып жатқанын көріп, соған алаңдап отырмыз, - деді Яконсари.

Еуропалық депутаттар Жаңаөзенде алты жылға түрмеге жабылған мұнайшылар заңгері Наталья Соколованың босатылғанын қоштай келе, қамауда отырған тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов пен тәуелсіз журналист Игорь Винявскийді де тез арада босатуды сұрады.

ЕКІ ТҮРЛІ КӨЗҚАРАС

Еуропарламенттің польшалық депутаты Януш Войчековский «Астана - Еуропа Одағының Орталық Азиядағы ең маңызды әріптесі» деп мәлімдеді. Ол:

- Жаңаөзендегі оқиғаның қалай болғанын білмейміз, сондықтан Қазақстан билігін кінәлай алмаймыз. Айыптыларды анықтап, жазасын беру тек биліктің өз қолында, - деді.

Қазақстанға жақсы таныс ирландиялық депутат Пол Мерфи Жаңаөзендегі жағдайға келгенде, сөзден іске көшуді ұсынды. Ол Еуропа Одағының жетекшілеріне адам құқықтарын сақтау жөніндегі міндеттемелерін орындап, айтарлықтай өзгеріс жасап, Владимир Козлов пен Вадим Курамшин сияқты белсенділерді босатпайынша, Қазақстан үкіметімен әріптестік пен ынтымақтастық келісімін тоқтату керек деген пікір айтты.
Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфи, «Жұмысшы интернационалы комитеті» халықаралық жұмысшы қозғалысының мүшесі Роберт Джойнс, Еуропа Парламентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Таня Немейр Маңғыстау мұнайшыларымен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.

Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфи, «Жұмысшы интернационалы комитеті» халықаралық жұмысшы қозғалысының мүшесі Роберт Джойнс, Еуропа Парламентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Таня Немейр Маңғыстау мұнайшыларымен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.


Қазақстан Еуропа Одағының стратегиялық әріптесі деген тезисті тағы бір еске салған латвиялық депутат Александр Мирский «өкінішке қарай Қазақстандағы жағдайды көп адам терең түсінбей отыр» дейді. Бұл тұрғыда ол қарарды қолдамайтынын білдіріп, шындық әрдайым екі түрлі ұстанымның орта тұсында болады деп сөзін қорытты.

Қазақстан билігіне сын айтқан литвалық депутат Леонидас Донскис Страсбургтен қайтып, еліне оралған оппозиция жетекшісі Владимир Козловтың сол сәтте қамалғаны өзіне соққы болып тигенін айтты. Ол «Қазақстан саяси тұтқындардың бәрін босатпаса, бұл елге қарсы қысымды күшейту керек» деді.

Қазақстанға жиі барып тұратынын айтқан чех депутат Мирослав Рансдорф өзінің Пол Мерфимен келіспейтінін айтты. Ол «Қазақстан халқы президенттеріне риза» деп санайды. Дәл осы депутат Жаңаөзен халқымен кездесіп қайтқанын айтқан польшалық Петр Бориске «Сіз қазақ оппозициясымен байланысы бар Мұхтар Әблязов туралы не білесіз?» деген сұрақ қойды. Оған Петр Борис өзінің сапарына бұл оппозициялық саясаткердің қатысы жоқ екенін айтты.

КӨҢІЛ АЙТУ

Болгариялық депутат Кристин Вигенин Жаңаөзенде бірнеше ай ереуілдеген бейбіт халыққа оқ атылды дей келе, Қазақстан билігі Еуропа Одағымен әріптес болғысы келсе, соған сай адам құқықтары мен еркіндіктеріне қатысты реформалар жасауы керек деді. Вигенин ЕҚЫҰ-ға төраға болған елдің халықаралық міндеттемелерді әлі де орындамауына біз күдікпен қарауымыз тиіс деп мәлімдеді.
Ана Гомес, Еуропарламент депутаты. Страсбург, 17 мамыр 2005 жыл

Ана Гомес, Еуропарламент депутаты. Страсбург, 17 мамыр 2005 жыл


Еуропарламенттің португалиялық депутаты Ана Гомес президент Назарбаев Жаңаөзендегі адам өлімінен кейін де, оппозиция жетекшілері мен тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым жасауын жалғастырып келеді деген сын айтты. Ол Еуропа Одағы Қазақстан үкіметінің есіне барлық мүдде тек экономикалық мәселеде жатпағанын салу керек деді.

Голландиялық депутат Риа Омен-Райтен: «Жаңаөзен оқиғасы көп адамға, оның ішінде маған да соққы болып тиді» деді. Қазақстан билігінің бірнеше ай ереуілдеген жұмысшыларына оқ атуы кешірілмейтін жағдай дей келе, құрбан болғандардың отбасына көңіл айтты.

РЕЗОЛЮЦИЯ

Наурыздың 15-і күні дауысқа салынып қабылданған қарар бойынша Еуропарламент депутаттары Жаңаөзендегі қанды оқиғаның себебін тәуелсіз түрде анықтау керек деген ұйғарымға келді.

Қорытынды жарыссөз кезінде депутат Пол Мерфи резолюцияға дауыс бермей қалыс қалғанын, өйткені қарарда Қазақстан билігі сабақ алатындай қатаң талаптар жоқ деп есептейтінін айтты.
Пол Мерфи резолюцияға дауыс бермей қалыс қалғанын, өйткені қарарда Қазақстан билігі сабақ алатындай қатаң талаптар жоқ деп есептейтінін айтты.

Резолюцияның 18 баптан тұратын негізгі бөлімінің 3-бабында: «Еуропарламент Жаңаөзендегі шерушілерді полицияның күшпен басқанын қатты айыптайды. Бұл оқиғаны халықаралық ұйымдарды қатыстырып, тәуелсіз, әрі сенімді тергеу жүргізуге шақырады» деп жазылған.

14-бапта Еуропарламент «Қазақстан үкіметін азаматтардың жиналу, еркін пікір айту, дін ұстану құқықтарын ЕҚЫҰ өкілдерінің ұсыныстарына сай құрметтеуге» шақырады.

Еуропарламент бұл қарарында Қазақстанмен байланыстарының бір бөлігі ретінде, азаматтық қоғам өкілдерімен диалог құру ұмтылысын жалғастыратынын айтады.

Қазақстанға қатысты Еуропа Одағының парламентінде өткен тыңдауларға бірқатар қазақстандық қоғамдық белсенділер, оппозиция өкілдері мен қамаудағы кейбір саясаткерлердің туыстары шақырылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG