Accessibility links

ЕО мен Балқанның арасына кім түсті?


"ЕО?" деген жазудың қасынан өтіп бара жатқан әйел. Сурет Сербия астанасы Белград қаласында түсірілген.

"ЕО?" деген жазудың қасынан өтіп бара жатқан әйел. Сурет Сербия астанасы Белград қаласында түсірілген.

«Жол ұзақ, Еуропа, күтпе бізді!» - сербтердің әйгілі әншісі Джордже Балашевичтің осы әні 1990-жылдар басында Югославияда жер-дүниені жаңғыртқан соғыс дүбірімен астасып кеткен еді. Енді Путиннің насихат машинасы сербтерге ЕО-ны жамандауды күшейтіп отыр.

Бұл – балқандықтардың өздерін айыптаған бүкпесіз әні болды. Ән тақырыбы «Бұл – біздің қатеміз», яғни оның астарында «Біз, сербтер, Слободан Милошевич пен оның ұлтшыл бандасының елді билеп-төстеп, көршілермен қантөгіс жасауына жол бердік, қарап отырдық» деген мағына жатыр.

Сонымен бірге бұл әнде өкініш те бар. Онда «Юглославия Еуропаның ажырамас бөлігі, демек ол Еуропа Одағының (ЕО) құрамында болады» деген үміт сәулесінің сөнгені, «Еуропа пойызының Балқанды тастап, бекеттен кетіп бара жатқаны» айтылады.

Еуропа– интеграция мен заң үстемдігі десек, сол кезде Балашевичтің отанын ыдырау, ұлтшылдық, заңсыздық және жемқорлық жайлап, елде нағыз кескілескен ұрыс жүріп жатқан (1991-95) еді. Біздің бейшара сықпытымыз осы болды, ал төзімділік, сыпайылық пен ауқатты тұрмысты құндылыққа айналдырып, ертеңін ойлаған Еуропа бізді тастап кете барды.

Жақында болған терактілерден соң Брюссельге барғанымда Балашевичтің осы әні қайта есіме түсті. Басында ЕО-ның атауы қысқарған сөздермен жазылған мекемелерінің аттарын ұқпай, үкіметінің құрылымын түсінбей, ию-қию кеңселерінде адасып жүріп, өзімді жат сезіндім. ЕО-ның кеңеюін қолдайтындар мен (әсіресе) қолдамайтындардың уәждерін екі күн бойы тыңдағанда түсінгенім – Балашевичтің сөзі рас екен. ЕО Балқан елдері үшін бұлдыраған сағымға айналып барады. Алайда бұл жолы аймақ елдерінің ЕО-ға қосылуына соғыс емес, өзара сенімсіздік, құбылмалы геосаясат және Мәскеуден жеткен дөрекі «дыбыстар» кедергі болып тұр. Путин басқаратын Ресей Батысқа қарсы күресте күн өткен сайын өлермен болып барады.

Өз қауіпсіздігіне, оған келіп жамалған экономика мәселелеріне, мұнымен қоса, жаңа және ескі мүшелер арасындағы дүрдараздыққа алаңдаған ЕО-ның өзі кеңею мәселесін талқылаудан шаршаған әрі оған қазір зауқы жоқ.

ЕО-ның өз тағдыры қыл үстінде, пойыздың «вагондары» бір-бірінен ажырап қалғалы тұр, мұндай жағдайда қатарға қосылғысы келген басқаларға көңіл бөлінбесі белгілі.

Оның үстіне сербтердің өздері де ЕО-ға өтуге құлықты емес, бұл да еуро-атлантикалық интеграцияны құбыжыққа айналдырған Ресей насихат машинасының жеңісі болса керек.

ВИДЕО: Балашевичтің әні:

Көбіне жаңа медиаға арқа сүйеген Мәскеу мұнда үйреншікті әдетімен тоңмойын әрекетін істеп отыр. Бір досымды Ресейдің Белградтағы «Спутник» радиосына жұмысқа шақырып, «бір ғана талапты орындасаң, басқа тақырыптарды жасауға еркің бар» деген шарт қойған. Олары - әр жаңалықта Путинді мақтап, ЕО-ны даттап отыру. Айқын та қарапайым әдіс. Және бұл тәсіл жұмыс істеп тұр.

Белградта (Сербия астанасы - ред.) жақында жасалған сауалнама нәтижелеріне қарасақ, ЕО мен НАТО-ға қосылуды тұрғындардың тек 11 пайызы жақтайды. Респондеттердің 55 пайызы «Сербия Ресеймен одақтасуы керек» деген пікір білдірген.

Сербияның Еуропаға барар жолын оның көршісі, соғыс кезіндегі қарсыласы Хорватия бөгеп отыр. Бұл әрине «еуроскептиктерге» жақсы. Елдегі сот және құқық қорғау жүйесіндегі мәселелерді көлденең тартқан Хорватия «Сербия аймақтық полицей ретінде әрекет етуін қоймайынша, ЕО мен Сербия арасындағы келіссөздердің келесі кезеңі басталмауы керек» дейді. Хорваттар Сербияның өз аумағынан тыс жерлерде болған соғыс қылмыстарын тергеуді тоқтатқанын қалайды.

Электрондық пошта арқылы таратқан мәлімдемесінде Сербия премьер-министрі Александр Вучич «Белградтың ЕО-ға беталысын қолдамаған Хорватия әрекетіне Сербия қатты таңғалды. Сербия Хорватияның ұстанымын ескереді, бірақ Еуропада болсын, бүкіл әлемде болсын, ешбір елдің, соның ішінде Хорватия Республикасының Сербияны бопсалауына, кемсітуіне және қорлауына жол берілмейді» деді. Бұл Балқандағы тұрақтылықтың әлсіз екенін аңғартады.

ЕО Сербияны құрамына алу туралы келіссөздерді ресми түрде 2014 жылдың қаңтар айында бастаған. Дегенмен одақ құрамына өту үшін қойылатын 35 талаптың бірде-бірі бойынша әлі ешқандай талқылау болған жоқ.

Бұрынғы Югославия республикалары арасынан ЕО құрамына өткен екі елдің бірі – Хорватия Балқандағы басқа көршілерінен іргесін аулақ салуға тырысып отыр. Хорватияның сыртқы және Еуропа істері жөніндегі министрі Миро Ковач жақында бұрынғы Югославия республикаларына қатысты айтылатын «аймақ» сөзін «көрші» сөзімен алмастыру керек деді. Бірақ ол «көрші» елдермен байланысты нығайта түсуге уәде берді.

Алайда Хорватияның «Еуропа біздің шекарамызбен аяқталады, оның ар жағындағы «аймақ» па, «көршілер» ме, әлде жай Балқан ба – олар бөтендер» деген бірбеткей ұстанымы көршісін сыйлайтын ізетті елдің ұстанымы емес.

Олардың бұл «қызғанышы» сербтердің керісінше ЕО-ға ұмтылысын күшейтуі ғажап емес. Бірақ бұл пікір де алдамшы үміт болар.

Өз ішіндегі дағдарыстан басы қатқан шаршаңқы әрі секемшіл Еуропа қалдырған Балқандағы бос кеңістікті Ресей президенті Владимир Путиннің үгіт-насихат машинасы басты, қазір Еуропа пойызының қайда бара жатқаны, ол пойызға Сербия немесе Балқан аймағының батысындағы басқа елдері «тіркеле» ме, жоқ па - мұны әлі ешкім болжап біле алмайды.

Джордана Кнезевичтің блогы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG