Accessibility links

Еуропа Януковичті салқын қабылдады


Вильнюсте өткен Еуропа Одағының "Шығыс ынтымақтастығы" саммитінде Украина президентінің Еуропа елдері басшыларымен кездесуі туралы видеодан скриншот.
Вильнюсте өткен Еуропа Одағының "Шығыс ынтымақтастығы" саммитінде Украина президентінің Еуропа елдері басшыларымен кездесуі туралы видеодан скриншот.

Интернетте жарияланған видеода Украина президенті Виктор Януковичке еуропалық жетекшілердің, соның ішінде Германия канцлері Ангела Меркельдің де «салқын қабақ» танытқаны байқалады.

Қолына шарап құйылған бокал ұстаған қалпы Украина президенті Виктор Януковичке тақау келген Германия канцлері Ангела Меркель иығын қомдап, кекесінмен:

– Сізді мұнда көргенімізге қуаныштымыз, бірақ біз әлдеқайда үлкен нәрсе күткен едік, - дейді.

– Украинада ахуал тым күрделі, - деп жауап қатты Янукович.

YouTube сайтында Литва президентінің парағында жарияланған бұл видео еуропалық елдер жетекшілерінің Вильнюстегі кездесуінде түсірілген. Өткен аптаның соңына дейін осы кездесуде Украина Еуропа Одағымен ассоциация туралы келісімге және ЕО пен Украина арасындағы еркін сауда туралы келісімге қол қояды деген үміт болған еді.

Бас-аяғы бес минуттан аспайтын видеода Украина жетекшісіне өз әріптестеріне – Еурокомисся төрағасы Жозе Мануэль Баррозу, Литва президенті Даля Грибаускайте және Ангела Меркельге – өткен аптада Еуроодақпен ассоциация келісіміне қол қоюға дайындықты тоқтататынына қатысты жауап беруге тура келген.



Айтылған әңгіменің көп бөлігін ажырату қиын болғанымен, бұл видео жиі сәті түсе бермейтін көріністі – дипломатиялық келіссөздердің қандай жағдайда өрбігенін бақылауға тамаша мүмкіндік береді. Бұған қоса, видео ЕО-пен жақындасуға талпыныс жасағанымен, Мәскеудің ашуын туғызып алудан қаймыққан Януковичке ұстараның жүзімен жүргендей қиын тиетінін көрсетеді.

Украинаны Кеден одағының құрамында көргісі келетін Ресей украин шоколадын импорттауды тоқтатып, егер Янукович ЕО-пен сауда келісіміне қол қоятын болса бұдан да қатаң шараларға баратынын айтып сес білдірді. Бәлкім, өткен айда екеуара үш рет оңаша кездескен кезде Ресей президенті Владимир Путин мен Янукович бұдан да маңызды жайттарды сөз еткен болар.

Янукович пен Путиннің соңғы кездесуінен соң, Еуроодақтың Киевпен келісімге қол қоюына қажет бірқатар заң жобаларын Украина Жоғарғы Радасы қабылдамай, кері қайтарып тастаған еді (парламенттегі көпшілік орынға президенттік Аймақтар партиясы ие). Бұдан соң Янукович ЕО-пен келісімге қол қою дайындығын тоқтататынын мәлімдеді.

Путин мен Януковичтің келіссөздері жазылған видео интернетте жоқ. Бірақ ол келіссөздер Януковичке, Ресей президенті уәде еткен жаңа санкциялардан құтылу үшін Меркельдің салқын қабағына төтеп беруге жеткілікті әсер еткен сыңайлы.

Гленн Кейтстің мақаласынан аударылды.
XS
SM
MD
LG