Accessibility links

Еуроодақты күтіп тұрған үш сынақ


Еуропалық орталық банк ғимараты маңындағы баннер. Франкфурт, Германия. (Көрнекі сурет)
Еуропалық орталық банк ғимараты маңындағы баннер. Франкфурт, Германия. (Көрнекі сурет)

Биыл Еуропа Одағы құрамындағы екі елде сайлау өтеді. Ресейге санкция салу шешімі де одақ мүшелерін екіге жарып тұр. Дәл осы мәселелер Еуроодақтағы ауызбірлікті сын тезіне салмақ.

ГРЕКИЯДАҒЫ САЙЛАУ

Биыл жаңа жылдың басын Еуропа Одағы ауыр сынақтардан бастамақ. Ел президенттігіне үміткер тұлғаны парламенттен үш рет өткізе алмаған Грекияда енді конституция бойынша мерзімінен бұрын сайлау өтуі тиіс. Қаңтардың 25-інде өтетін сайлау 2009 жылы ғана ауыр дағдарысты бастан кешірген бұл елді тағы да экономикалық құлдыраудың қайраңына батыруы мүмкін.

Бұған себеп – Грекия премьер-министрі Антонис Самарастың орташыл-оңшыл «Жаңа демократия» партиясы популистік солшыл «Сириза» партиясынан 3 пайыз дауыс артта қалып келеді. «Сириза» партиясының басшысы Алексис Ципрас билікке келген жағдайда жалақыны көбейтіп, жұмыс орындарын арттыруға және Грекияның біраз қарызын кешіруге Еуроодақты көндіруге уәде беріп отыр.

Жаппай ереуілден соң өзін бағанға кісендеп тастаған наразы мен полиция жасағы. Афин, Грекия, 27 қараша 2014 жыл.
Жаппай ереуілден соң өзін бағанға кісендеп тастаған наразы мен полиция жасағы. Афин, Грекия, 27 қараша 2014 жыл.

Бұндай әрекеттер Грекияның 2009 жылғы дағдарыс кезінде алған халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді. Оның үстіне бұл жағдай елді дефолтқа ұшыратып, ақыр соңында Грекияны еуро аймағынан шығуға мәжбүрлеуі мүмкін.

Бұлай болған жағдайда басқа экономикасы әлжуаз елдер де Грекияның әрекетін қайталауы ықтимал, ал бұл ортақ валютаға үлкен салмақ түсіріп, оны тіпті құнсыздандырып жіберуі мүмкін.

РЕСЕЙ САНКЦИЯЛАРЫ

Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысына басып кіргені үшін Ресейге салынған санкцияны соза түсу керек пе, жоқ па деген мәселе де Еуроодақтағы ауызбірлікке сын болып тұр. Мәскеу де Еуроодақ мүшелерінің арасына сына қағу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап бағуға әзір.

Жеке тұлғалардың мүліктері мен есеп-шоттарын бұғаттау, оларға виза бермеу туралы санкцияның мерзімі наурыз айында бітеді. Бұл шектеулер көбінесе ресейшіл сепаратистерге және Ресей мемлекеттік думасындағы төменгі шенді депутаттарға қатысты болғандықтан, оның мерзімі тағы да еш дау-дамайсыз ұзартылуы әбден мүмкін.

Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

Ресейдің банктері мен энергетика өнеркәсібіне қатысты санкцияларды қайта қарастыратын маусым-шілдеде Еуроодақ мүшелері жолайрыққа тірелері анық. Санкцияларды ұзарту туралы шешім қабылдау үшін Еуроодаққа мүше 28 елдің барлығы оны бірауыздан қолдап дауыс берулері керек. Бірақ одақ құрамында түрлі себептермен бұл санкцияны қолдауға тартыншақтап жүрген елдер аз емес.

Оңтүстіктегі елдер еуроаймақтағы жоғарыда айтылған қиындықтардан жапа шегіп отырғандықтан, Ресей нарығына көбірек жол ашсақ қана дағдарыстан құтыламыз деген пікірді ұстанады. Мұнымен қоса, Еуроодақтың шығысындағы елдер Ресейдің ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауға тыйым салуы олардың фермерлеріне өте ауыр соққы болып тигенін алға тартуы мүмкін.

«Ресей экономикалық күйреудің алдында тұр» деген үрей де бұл елге салынған санкцияны алып тастау туралы бастама көтеруге негіз болуы ықтимал. Жазда Брюссельде өтетін саммитте осы жайттар көп алға тартылуы мүмкін.

БРИТАНИЯ ОДАҚТАН ШЫҒА МА?

Ұлыбритания біраз уақыттан бері Еуроодақтан біршама алшақтап кетті. Ал мамырдың 7-сінде болатын сайлау бұл елдің Еуропа Одағынан түбегейлі бөлініп шығуының басы болуы мүмкін деген қауіп жоқ емес. Бұл ең аз дегенде Еуроодақтағы келісім-шарттарға қатысты аса ауыр әрі ұзаққа созылған дау-дамайлы келіссөздерге негіз болады.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон «егер мен басқаратын Консервативтік партия жеңіске жетсе, онда елдің Еуроодақтың құрамында қалу-қалмауына қатысты референдум өткіземіз» деп уәде берді. Қазіргі ахуалға қарасақ, Кэмеронның билікте қалу мүмкіндігі жоғары, ал Еуроодаққа мүшеліктен шығу туралы референдум өте ауыр сынақ болғалы тұр.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп тұр. Брюссель, 18 желтоқсан 2014 жыл.
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп тұр. Брюссель, 18 желтоқсан 2014 жыл.

Кэмерон мұндай референдум 2017 жылдың соңына дейін өткізіледі деген, бірақ кейіннен бұдан ерте ұйымдастырылуы мүмкін екенін де ескертті.

Бұған қоса ақпарат құралдарында Еуроодаққа қырын қарайтын Біріккен корольдіктің тәуелсіздік партиясы (UKIP) консерваторлар үстемдік ететін үкімет коалициясының құрамына кіруі мүмкін деген болжамдар айтылды.

Референдумге дейін премьер Кэмерон Ұлыбританияның Еуроодаққа мүшелік ету шарттарын қайта електен өткізіп, келіссөздер жүргізбекші. Әсіресе Ұлыбританиядан жұмыс іздеп келген Еуроодаққа мүше елдердің азаматтарына жұмыссыздығы бойынша жәрдемақы төлеу мәселесі қайта қаралмақ. Демек бұл жалпы Еуропа Одағы келісімін өзгерту процесінің басы болуы мүмкін.

Рикард Йозвяктың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG