Accessibility links

Жолайрықтағы Украинаның таңдауы кімге түседі?


Украина президенті Виктор Янукович. Брюссель, 25 ақпан 2013 жыл.

Украина президенті Виктор Янукович. Брюссель, 25 ақпан 2013 жыл.

Екі аптадан соң Еуропа Одағының Шығыспен әріптестік саммиті өтпек. Украина саяси блокпен ынтымақтастық шартына қол қоя ма, жоқ па, бұл жағы әлі беймәлім күйінде қалып отыр.

Украина президенті Виктор Янукович қазір екі оттың ортасында қалғандай, оған жан-жақтан қысым күшті. Сарапшылардың айтуынша, бұл мәселе 2015 жылға дейін шешілмеуі мүмкін.

РЕСЕЙДІҢ ҚЫСЫМЫ

Осы айдың соңында Вильнюс қаласында Еуропа Одағының Шығыспен әріптестік саммиті өтеді. Бұл саммиттің басты жетістігі болады делінген Еуропа Одағы мен Украина арасындағы Ынтымақтастық Шартына қол қойыла ма, жоқ па - мәселе сонда. Президент Виктор Януковичтің үкіметі Еуропамен интеграцияны нығайтуға барынша күш салып жатқандай болған. Олар реформаларды жүзеге асыратын заңдар қабылдап, Еуроодақ «әділетсіз соттың құрбаны болды» деп санайтын бұрынғы премьер Юлия Тимошенконы бостандыққа шығаруға да ынта танытқан.

Тарихи құжатқа қол қоятын сәт таяған сайын Украинаны кедендік одаққа «күштеп» қосқысы келетін Мәскеудің тарапынан қысым күшейе түсті. Соңғы екі апта ішінде президент Янукович Ресей президенті Владимир Путинмен кем дегенде үш құпия кездесу өткізді, содан бері украин басшысының еуроинтеграцияға деген құлшынысы бәсеңдеп қалған сыңайлы.
Украинаның бұрынғы премьері Юлия Тимошенко сотта тұр. Киев, 11 қазан 2011 жыл.

Украинаның бұрынғы премьері Юлия Тимошенко сотта тұр. Киев, 11 қазан 2011 жыл.

– Еуропа одағының «В» жоспарымыз жоқ» дегені – рас сөз. Себебі, қазір бұл құжатқа қоюдың дер сәті, егер Вильнюста құжатқа қол қойылмаса, онда мүмкіндікті жіберіп алғандары. 2014 жылы Украинада 2015 жылдың басында өтетін президент сайлауына дайындық басталып кетеді, - дейді Еуропа сыртқы қарым-қатынас кеңесінің сарапшысы Эндрю Уилсон.

Польшаның бұрынғы президенті, қазіргі Еуроодақтың Украинадағы өкілі Александр Квасьневскийдің айтуынша, «Вильнюсте құжатқа қол қойылмады деген – қол қою мерзімі бірнеше жылға кейінге шегерілді деген сөз».

ПУТИННІҢ САЯСИ ЖӘНЕ БИЗНЕС МҮДДЕСІ

Сарапшылардың айтуынша, Киевтің шешімі Брюссель үшін де, Мәскеу үшін де тарихи шешім болмақ. Шекарасын ұлғайту мен қаржылық дағдарыстан титықтап қалған Еуроодақ Берлин қабырғасы құлағаннан кейінгі «бүкіл Еуропа аумағын қамту және азат ету» миссиясын орындауға құлықты екенін дәлелдегісі келеді дейді Уилсон.

Владимир Путиннің «өзі ойлап тапқан» Еуразия одағы идеясы үшін де Украинаның маңызы зор дейді сарапшы.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Украина президенті Виктор Янукович. Минск, 24 қазан 2013 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Украина президенті Виктор Янукович. Минск, 24 қазан 2013 жыл.

«Путин үшін өзінің президенттік мерзімі кезінде Кеден одағын Еуразия одағына дейін ұлғайту – маңызды міндет. Сондай-ақ, Путин мен оның жолдастары үшін Украинада ресейліктердің жекеменшік бизнес мүдделерін қорғау да маңызды» дейді Уилсон.

Украинасыз Путиннің Еуразия одағы таза Азиялық жоба болып шығады. Ал Ресейдікінен анағұрлым кіші болса да, Украина экономикасы Еуразия одағына баланс әкеліп, жан бітіре алатын экономика санатында.

Киев Еуроодақпен Ынтымақтастық Шартына қол қойған күннің өзінде Мәскеу оның кәрі құрлықпен тығыз интеграцияға түспеуі үшін барлық амал-айлаға барады дейді Ресейдің бұрынғы вице-премьері, қазіргі оппозициялық саясаткер Борис Немцов.

– Еуропамен әріптестік келісіміне қол қою – өте ауыр шешім әрі ол алғашқы жылдары Украина экономикасына қиын тиюі мүмкін. Дегенмен, олар ерте ме, кеш пе, осы қиындықтардан өтуі тиіс әрі неғұрлым ерте өтсе, соғұрлым жақсы. Путиннің украин тауарларына санкция салатыны айқын. Табиғи газға байланысты жағдайдың қалай болатыны белгісіз. Оңай болады деп ешкім айта алмайды. Бірақ бұл қиындықтардан қашып құтылу мүмкін емес, - деді Немцов.

Киев-Могила академиясының саяси сарапшысы Андреас Умланд жақында: «Мәскеу өзінің ықпал ету тетіктерін толығымен іске қосса, онда Украина экономикасы бұл қысымға төтеп бере алмай, құрдымға кетеді» деп жазды.

БІР-АҚ КҮНДЕ «РАЙЫНАН ҚАЙТҚАН» САРГСЯН

Еуропаның институттары өздеріне қол ұшын беруге құлшынып тұр дегенге Янукович те онша сене қоймайды.

Жабық есіктің ар жағында өткен Путин-Янукович құпия келіссөздері Кремль қожайынының Армения президенті Серж Саргсянмен 3 қыркүйекте өткізген кездесуіне ұқсайды. Сол басқосудан кейін Вильнюсте Ынтымақтастық шартына қол қоюды бұрыннан бері талқылап, бір тоқтамға келіп тұрған Армения аяқ астынан Кеден одағына кіретінін жариялап, айды аспанға шығарған.
Украина премьер-министрі Николай Азаров (сол жақта) пен Ресей премьері Дмитрий Медведев. Калуга, 15 қазан 2013 жыл.

Украина премьер-министрі Николай Азаров (сол жақта) пен Ресей премьері Дмитрий Медведев. Калуга, 15 қазан 2013 жыл.

Осы көндігудің басы болса керек, Украина премьер-министрі Николай Азаров 13 қарашада «Ресеймен қарым-қатынасты жақсарту – біздің ұлттық саясатымыздың нөмірі бірінші міндеті» деп мәлімдеді.

Мәскеудің пәрменімен енгізілген кедендік кедергілердің кесірінен Ресейге экспорт көлемінің 25 пайызға төмендеуі елдің экономикасына ауыр тиді дегенді де айтты. Бұған қоса Украина Тимошенконы бостандыққа шығаруға мүмкіндік беретін заңды қабылдауда осымен бірнеше рет бір ұйғарымға келе алмады. Янукович те өзінің саяси қарсыласын босатуға аса құлық таныта қойған жоқ.

Украинадағы ресейшіл күштер қоғамдық пікірді басқа арнаға бұруға бар күшін салып жатыр. Путинмен жақын араласатын Украина парламентінің бұрынғы депутаты Виктор Медведьчук «Украина таңдауы» атты ұйым құрып, «Еуроодақпен интеграция жақсылық әкелмейді» деген пікірді насихаттап жүр. Бұл ұйым жақында «Еуроодақпен жақындасу дегеніміз – біржынысты некені заңдастыру» деген мазмұндағы билбордтар іліп тастады.

Бұл – Украинадағы ең «күйіп» тұрған тақырып. Қазан айында жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткеніндей, халықтың 48 пайызы гомосексуалистер мен өзге де жыныстық азшылық топтарына қолдаудың тым күшейіп кеткеніне алаңдайды.

РЕСЕЙГЕ «ЖЕМ БОЛУДАН» ҚОРҚАТЫН ОЛИГАРХТАР

Януковичке тізесіз батырып отырған тек Мәскеу ғана емес.

Украинаның ықпалды олигархтарының көбі Кремльдің қолтығына кірген компаниялардың бизнес-мүдделерінің құлқынына «жем боламыз» деп қауіптенеді, сондықтан олар Киевті Еуропаға қарай жылжытуға тырысып жатыр.

– Жағдайға қисындық тұрғыдан қарайтын болсақ, украиндықтар Ресей компанияларымен бәсекеге түсетін мекемелерде жалдамалы менеджер болып қалуы мүмкін. Қазір бұл мекемелерге иелік етіп отырған украин элитасының басым бөлігі бұл жағдаймен келіспейді. Олар көп болмағанымен, Украина экономикасын алға сүйреп келе жатқан – солар. Сондықтан, осылай жұтылып кетпес үшін олар Еуропа Одағынан пана іздейді. Бұл жағдайды жақсартуға деген ұмтылыс емес, тек Ресейдің тырнағынан құтылуға деген талпыныс, - дейді Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының профессоры Кирилл Коктыш.

Бұл дау-дамай қызу талас-тартыспен өтетін 2015 жылғы президент сайлауына дейін созылуы мүмкін.
Украинаның оппозициядағы «Удар» партиясының жетекшісі, бокстан ауыр салмақтағы әлем чемпионы Виталий Кличко.

Украинаның оппозициядағы «Удар» партиясының жетекшісі, бокстан ауыр салмақтағы әлем чемпионы Виталий Кличко.

Азаттық радиосына берген сұхбатында оппозициядағы «Удар» партиясының жетекшісі Виталий Кличко сайлауға қазірден дайындалып жатқанын айтты.

– Біздің екінші жоспарымыз бар. Екінші күрес президенттің орны үшін күрес болмақ. Президент еуропалық өмір сүру ережелерін қалыптастыруы тиіс, - деді ол.

Кличко жұртты 24 қарашада бүкіл Еуропа аумағында өтетін шеруге қатысуға шақырды, бірнеше партия қосылып ұйымдастыратын шеруде «Украина батыспен одақтасуы керек» деген үндеу тасталмақ.

– Украинаның жалауы Еуропаның жалауына айналуы керек. Себебі, Украина дегеніміз – Еуропа. Бұл бір ғана партияның басқосуы немесе партияның, әлде бір саяси күштің шарасы емес. Бұл – саяси көзқарастарына қарамастан, Еуропа мемлекетінде өмір сүргісі келетін барлық украиндардың қалауы, - дейді Кличко.

ХАЛЫҚ ЕУРОПА ОДАҒЫНА ҚОСЫЛУДЫ ЖАҚТАЙДЫ

Халықтың басым бөлігі Еуропа Одағымен одақтасуды қалайды. Қазан айында өткізілген әлеуметтанулық сауалнама нәтижесі бойынша, Украина халқының 45 Еуропа Одағымен Ынтымақтастық шартына қол қоюды жақтайды, ал тұрғындардың тек 14 пайызы ғана Ресейге қарасты Кеден одағына кіруді құптайды. Януковичтің Аймақтар партиясы мүшелерінің жартысына жуығы Еуроодақпен интеграцияны жақтаса, оппозицияда еуропашылдардың саны бұдан да көп.
Украинаның Еуропа қауымдастығы құрамында болғанын қолдау акциясында тұрғандар. Львов, 17 қараша 2013 жыл.

Украинаның Еуропа қауымдастығы құрамында болғанын қолдау акциясында тұрғандар. Львов, 17 қараша 2013 жыл.

Бокстан ауыр салмақтағы әлем чемпионы, халықтың сүйіктісі Виталий Кличко сияқты басқа кез келген еуропашыл кандидат ықпалды топтардың қаржылай қолдауына үміт арта алады. Егер Янукович Ынтымақтастық шартына қол қоюдан бас тартатын болса, ресейлік компаниялардың табанының астында жаншылып қалудан сескенетін Украинаның жетекші олигархтары Еуропалық бағытты қолдайтын кандидаттың төңірегіне бірігуі мүмкін.

Киевтегі Ғаламдық стратегия институтының директоры Вадим Карасев:

– Бүкіл олигархия ереженің шеңберінде ойнау керектігін түсінеді. Себебі, ереже немесе институционалдық тұрақтылық не ашықтық болмайынша, олардың компанияларының құны көк тиын болатынын өздері де сезеді. Бұдан елдің де қадір-қасиеті түседі. Футбол компанияларын сатып алып, ақпараттық топтарды құрып, Украинаға, оның дамуына салып келе жатқан инвестицияның күлі көкке ұшатынын бажайлай бастады, - дейді.

Роберт Коалсон, Олена Матусова, Инна Кузнецова, Виталий Еремица және Михаил Соколовтың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG