Accessibility links

«Неміс машинасын» тоқтату мүмкін болмады


Оңнан солға қарай үшінші тұрған - Германия ұлттық құрамасының үздік ойыншысы Лукас Подольски. Украина, Львов, 9 маусым 2012 жыл.
Оңнан солға қарай үшінші тұрған - Германия ұлттық құрамасының үздік ойыншысы Лукас Подольски. Украина, Львов, 9 маусым 2012 жыл.

«В» тобында Дания құрамасы ширек финалға шыға алмады. Олар шешуші ойында «неміс машинасынан» ұтылып қалды.


Матчтағы алғашқы голды Германия ойыншысы Лукас Подольски соқты. 19 минутта аутқа шығып кеткен допты алаңның оң жағынан Аггер лақтырған. Мюллер ауттан келген допты айып алаңына апарып, Подольскиге пас тастады. Ал Лукас қақпашымен бетпе-бет шығып, допты қақпаға тепті – гол!

Бес минуттан соң Дания футболшысы Микаэль Крон-Дели есепті теңестіріп кетті. Ларс Якобсен бұрыштан пас берген. Ұшып келе жатқан допты Никлас Бендтнер баспен алға асырды. Қақпа маңында тұрған Крон-Дели де бұл допты қақпаға баспен соқты. Есеп – 1:1.

Ал 80 минутта Ларс Бендер Бундес команданың жеңіс голын соқты. Мюллер қақпа маңында жүрген Бендерге пас шығарып берді. Бендер қақпашы Андерсенді алдап кетті. Есеп – 2:1.

ГЕРМАНИЯНЫҢ ОҢАЙ ЖЕҢІСІ

Азаттық сарапшыларының бәрі де «Германия қиындықсыз жеңді» деген пікірмен келіседі. Немістердің бұл жеңісі туралы футбол жанкүйері Мейірбек Нүрекеев:

- Германия күш жұмсамады. Ал Дания бар күшін салды. Бірақ шамаларыы жетпеді. Екінші таймда «неміс машинасы» керемет ойын көрсетті. Қорғаныс пен шабуыл мықты болды. Соның арқасында жеңді, - дейді.
Германия ұлттық құрамасының жанкүйерлері. Еуро-2012 чемпионаты, 9 маусым 2012 жыл.
Германия ұлттық құрамасының жанкүйерлері. Еуро-2012 чемпионаты, 9 маусым 2012 жыл.

Ол бүгінгі ойында Даниядан ерекше сый күтіп, жеңіске жетеді деп топшылапты.

«Ойын аса тартысты өтті» деп санайтын футбол төрешісі Еркін Шәкірұлы:

- Алаңда талай жанкешті жағдайлар болды. Алайда бірде-бір ойыншы тәртіп бұзып, ескерту алған жоқ. Демек, ойын «таза» өтті, - дейді.

Футбол арбитрының айтуынша, Дания үшін Еуропа чемпионатына қатысудың өзі - үлкен жетістік.

- Дания бірінші ойында Голландияны ұтып кеткенде жанкүйердің көбі бұл команда ұзаққа барады деп болжам жасады. Бірақ Голландияның бұл жарысқа нашар дайындықпен келгені көрініп қалды. Демек, даттар топтағы әлсіз құраманың бірін ұтты да, қос мықты - немістер мен португалиялықтарға есе жіберді. Негізі, Дания құрамасының осы сынға жолдама алып, қатысуының өзі - үлкен жетістік. Дәл қазір бұл құраманың финалға шығып, жүлде алуға шамасы жетпейді, - дейді Еркін Шәкірұлы.

БУНДЕС КОМАНДА ШИРЕК ФИНАЛДА ГРЕКИЯМЕН КЕЗДЕСЕДІ

Ал футбол сарапшысы Ермұхамед Мәулен бундес команданың ендігі тағдырына болжам айтты.

- «Неміс машинасы» топтан 9 ұпай жинап, ширек финалға қиналмай шықты. Енді олар Грекиямен ойнайды. Немістер мен гректердің арасындағы ойында нақты фаворит жоқ. Грекия құрамасынан бәрін күтуге болады. Ресейге жасаған сыйды немістерге де жасауы мүмкін. Олар әдеттеріне басып, бір гол салып, қорғанысқа жатып алуы ғажап емес. Сондықтан, Германияны жартылай финалға шығаруға асықпайық, - дейді ол.
Дат жанкүйерлері. Харьков, 9 маусым 2012 жыл.
Дат жанкүйерлері. Харьков, 9 маусым 2012 жыл.

Матчтан кейін баспасөз маслихатын өткізген Германия бапкері Йоахим Лев «Бұл ойын біз үшін де, даниялықтар үшін де маңызды болды. Сондықтан екі команда да сақ ойнады. Бірінші таймда біраз қателіктер жіберіп алдық. Ал екінші таймда футболшылар жоспарды толық орындап шықты. Енді Грекиямен өтетін ойынға дайындаламыз. Оларды әлсіз деп айтуға келмейді. Ресейдің күйін кешпес үшін дайындалу керек» деді.

Ал Дания құрамасының сапынан бүгінгі ойында гол соққан Микаэль Крун-Дели УЕФА сайтына берген сұхбатында «Немістер - шынымен мықты команда. Біз үшін олардың жеңу дәл қазір мүмкін емес. Команда әлі жас, болашағы алда. Топтан шыға алмасақ та биылғы жарыста жақсы ойын көрсеттік» депті.

Кездесудің ең үздік ойыншысы атағы Лукас Подольскиге берілді. Подольски бүгінгі ойында өзінің ұлттық құрама сапындағы 100 кездесуін өткізіп, 44-ші голын салды.

Дания құрамасы - 1992 жылғы Еуропа чемпионы. 20 жыл бұрынғы жарыстың финалында «дат динамиті» Германияны ұтқан – 2:0 . Міне, сол жолы кеткен есесін немістер биылғы біріншілікте қайтарды.

Ал «Еуроспорт» телеарнасының статистикасына сүйенсек, Германия осымен 14 ойында қатарынан жеңіп отыр.
XS
SM
MD
LG