Accessibility links

Португалияның жанкешті жеңісі


Дания ұлттық құрамасының жанкүйері. Украина, Краков, 13 маусым 2012 жыл.
Дания ұлттық құрамасының жанкүйері. Украина, Краков, 13 маусым 2012 жыл.

Футболдан Еуропа чемпионатының В тобындағы екінші турда Португалия мен Дания ойнады. Есеп – 3:2. Азаттықтың сарапшылары «Португалия жанданып келеді. Дания жағдайын ушықтырып алды» дейді.

Алдымен Португалия гол соқты. 16-минутта «Порту» шабуылшысы Жоау Моутинью Дания қақпасының қасында тұрған Пепеге пас берді. Баспен соққан «Реал» ойыншысы бұл пасты голға айналдырды. Осы голдан 20 минут өткенде Элдер Поштига екінші голды соқты – 2:0.

Ал 41 минутта Дания қарымта гол соқты. Пас берген - Крон-Дели. Гол соққан - Никлас Бендтнер. Есеп – 2:1.
Дания құрамасының шабуылшысы Никлас Бендтнердің гол соққан сәті. Укарина, Львов, 13 маусым 2012 жыл.
Дания құрамасының шабуылшысы Никлас Бендтнердің гол соққан сәті. Укарина, Львов, 13 маусым 2012 жыл.

80-минутта «Дат динамиті» дубль жасады. Есеп теңесті – ойын қайта басталды.

Матч осымен аяқталып келе жатқан. Ойын бітуге үш минут қалғанда португалиялық қорғаушы Коэнтрау айып алаңына пас шығарды. Силвештре Вареланың тепкен добын қақпашы ұстай алмай қалды. Есеп - 3:2.

ПОРТУГАЛИЯ ЕСЕ ҚАЙТАРДЫ

Португалия мен Дания Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде де бір топқа түскен. Сол кезде Португалия өз алаңында (Лиссабон) Дания құрамасын 3:1 есебімен жеңген. Қарымта матчта (Копенгаген) 2:1 есебімен Дания жеңді.

Дания командасы сол кезде топ жарып, Еуро-турнирге тікелей жолдама алған. Португалия қосымша іріктеу кезеңіне қатысып, Еуро-чемпионатқа айналма жолмен жетті.

Осы ретте спорт комментаторы Рауан Оқас «Португалия есе қайтарды» дейді.
Португалия ұлттық құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду. Украина, Львов, 9 маусым 2012 жыл. (Германия-Португалия матчынан алынған сурет)
Португалия ұлттық құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду. Украина, Львов, 9 маусым 2012 жыл. (Германия-Португалия матчынан алынған сурет)

- Іріктеу кезеңінде Дания Португалиядан озып кеткен еді. Енді, міне, қарымтасын жасады. Дания тең түскенде біраз мәселені шешіп тастар еді. Бірақ тең есепті ұстап тұра алмады.

Футбол шолушысы Ермұхамед Мәулен бұл матчта «Португалия шабуылды өте жақсы жасады» дейді.

- Португалия шабуылдаушы команда екенін көрсетті. Үш голы да әдемі. Дания ойынды тең аяқтауға тырысқан, бірақ жоспар орындалмады. Ольсеннің командасы бұл ойында тең түскенде, ширек финалға бір табан жақындар еді. Бірақ Португалия мықты екенін көрсетті, - дейді ол.

Футбол төрешісі Еркін Шәкірұлы арбитр Крэйг Томсонның жұмысын оң бағалады.

- Төреші Томсон міндетін жақсы атқарды. Тәртіп бұзылған сәттерді дәл анықтады. Ескертудің барлығы дұрыс жасалды, - дейді ол.

Еркін Шәкірұлының айтуынша, бұл матчта Португалия ойыншылары ширақ қимылдады.
Германиядан жеңілген соң, Португалия тактикасы өзгерген. Сол пайда берді.

- Португалияның қорғанысы әлі де әлсіздеу. Шабуылы мықты. Көп мүмкіндіктері болды. Германиямен ойнағанда да шабуылға көп шыққан еді. Бұл матчта да талай қауіпті сәттерді ұйымдастыра білді. Элдар Поштига, Пепе мен Моутинью жақсы ойнады. Ал Криштиану Роналду бұл жолы да көзге түсе алмады. Германиядан жеңілген соң, Португалия тактикасы біраз өзгерген. Сол пайда берді, - дейді арбитр.

БЕНДТНЕР ЖАЗАЛАНУЫ МҮМКІН

Футбол жанкүйері Мейірбек Нүрекеевтің болжауынша, Данияның енді топтан шығуы екіталай.

- Дания топтан шыға алмас. Ендігі қарсыласы – Германия. Жеңуі қиын. Жалпы, В тобын мамандар «өлім тобы» деп атаған. Болжауымша, осы топтан Германия мен Португалия «тірі» шығуы мүмкін, - дейді футбол фанаты.

Азаттық сарапшылары бірауыздан Никлас Бендтнерді кездесудің үздік ойыншысы деп атады.
УЕФА өткізіп жатқан "Еуро-2012" чемпионатының Польшадағы баннері. (Көрнекі сурет)
УЕФА өткізіп жатқан "Еуро-2012" чемпионатының Польшадағы баннері. (Көрнекі сурет)

Ал Goal.com порталы «Никлас Бендтнерді УЕФА жазалауы мүмкін» деген ақпарат таратты.

Дания шабуылшысы екінші голын соққаннан кейін жейдесін көтеріп, шортысын төмен түсірген. Осы сәтте іш киіміндегі фирманың таңбасы көрініп қалған. УЕФА ережесі бойынша, бұл - жасырын жарнама. Футболшылар чемпионат кезінде қандай да бір фирманың таңбасы бар киімдер кие алмайды.

Кездесуден кейін бапкерлер баспасөз мәслихатын өткізді. Дания командасының бас бапкері Мортен Ольсен «Германия құрамасы өте мықты. Ұту қиын» деді.

Ал Португалия бапкері Паулу Бенту «Енді Голландиямен ойнаймыз, барымызды саламыз. Қалай да ширек финалға шығуымыз керек» деді.
XS
SM
MD
LG