Accessibility links

Роналду Голландияны үйіне қайтарды


Португалия ұлттық құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду. 2010 жыл. (Көрнек сурет)

Португалия ұлттық құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду. 2010 жыл. (Көрнек сурет)

Сарапшылар «Өлім тобы» деп атайтын «В» тобындағы жеңімпаздар анықталды. Португалия 2:1 есебімен Голландияны ұтты. Голландия қатарынан үш кездесуде жеңілді. Азаттық сарапшылары ойынның қызықты болғанын айтты.

Ойынды үлкен тегеурінмен бастаған Голландия құрамасы 11 минутта гол соқты. Авторы - Ван дер Варт.

«АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН РОНАЛДУ»

Көп уақыт өтпей, 28 минутта Криштиану Роналду есепті теңестіріп кетті. Сөйтіп командалар үзіліске тең есеппен кетті. Екінші тайм басталған бетте голландиялықтар алға шығуға тырысты. Олар келесі кезеңге өту үшін кемінде екі гол айырмашылығымен жеңіске жетуі керек еді. Дегенмен Роналду 74 минутта тағы да айласын асырып кетті.

Ойынға тыңнан қосалған футболшылар да ештеңе істей алмады. Голландиялық бапкер Берт ван Марвейк қорғаушы Виллемстың орнына бұған дейінгі кездесулерде негізгі құраммен шыққан шабуылшы Афеллайды шығарған еді.
Португалия ұлттық құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду. Германияға қарсы ойын кезінде. Украина, Львов, 9 маусым 2012 жыл.

Португалия ұлттық құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду. Германияға қарсы ойын кезінде. Украина, Львов, 9 маусым 2012 жыл.


Осы екі команда арасындағы соңғы он ойынның біреуінде ғана Голландия құрамасы жеңіске жеткен екен. Оның өзі 1992 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде болған.

Футбол комментаторы Ермұхамед Мәулен осы күнгі екі ойынның нәтижелері бір біріне байланысты болғанын айтты. «Немістердің өз ойынында жеңіске жетуі португалдықтарға пайда берді. Дегенмен олар да қарап отырмай, жақсы нәтижеге қол жеткізді» деді ол.

- Қаһарман – Криштиану Роналду. Нағыз капитан екенін көрсетті. «Аңызға айналған ойыншы» екенін дәлелдеді. Нани оған керемет пастар берді, бірақ негізгі шешімдерді өзі қабылдады. Роналдуға сын көп айтылған еді. Өткен ойындарда гол соға алмады деген сөздер айтылды. Бірақ оның бәрі - уақытша нәрсе. Мүмкін ол осы Еуропа біріншілігінің ең үлкен «жұлдызы» болатын шығар. Тіпті Еуропаның үздік ойыншысы ретінде «Алтын допты» алуы мүмкін. Португалияның осы жеңісі – толығымен соның еңбегі, - деді маман.

«ШАБУЫЛДА - БІР ҒАНА АДАМ»

Ермұхамед Мәулен осы Еуропа біріншілігі басталмас бұрын Голландия негізгі фавориттердің бірі ретінде аталғанын еске салды.

- Голландия құрамасындағы ойыншылардың барлығы да керемет. Снайдер, Ван дер Варт, Роббен, Ван Перси, Хунтелар сияқты футболшылар алаңға шықты, Ал Дирк Кюйт сияқты ойыншылар қосалқы құрамда отырды. Меніңше, бапкер ван Марвейк ойын стилін дұрыс таңдамады. Олар мұндай стильде бұрын ойнамаған еді - үш бірдей жартылай қорғаушы ортада, шабуылда бір ғана адам. Қапталдағы жартылай қорғаушыларды көбейткені жөн болар еді. Ал қорғаушыларды - осы біріншіліктегі ең сәтсіз ойын көрсеткендердің бірі десе болады, - деді ол.
Голландия құрамасының шабуылшысы ван Персидің аяғын ауыртып алған сәті. 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Голландия құрамасының шабуылшысы ван Персидің аяғын ауыртып алған сәті. 2009 жыл. (Көрнекі сурет)


Оның сөзінше, команда жеңілсе, әрқашан бапкер кінәлі. «Футбода кез келген қателік пен жеңілістің аты бар» дейтін сөз бар - осы біріншіліктен кейін Голландия бапкері ауысатынын сөзсіз» деді Ермұхамед Мәулен. Бапкер Бауыржан Сәрсекенов болса, Марвейктің «қауқарсыз» болғанын айтты.

- Голландия ойынды керемет бастады. Тез гол соқты. Мен содан кейін келесі турға голландиялықтар шығатын шығар деп ойладым. Алайда Португалия ойынға өзгеріс енгізе білді. Ойынның бәрін Нани мен Роналду жасады. Роналду тіпті хет трик жасайтын еді. Португалдықтар толығымен ойынды басқарды. Голландия болса, психологиялық тұрғыдан осал болды. Қатарынан үш жеңіліс - Голландия үшін трагедия, - деді бапкер.

Бауыржан Сәрсекенов голландиялықтарға алғашқы ойындағы сәтсіздік қатты әсер етті деп санайды. Ол да ойындағы үздік ойыншы Криштиану Роналду деді.

- Голландия құрамасындағы ойыншылар шаршап қалды. Негізі өз елдеріндегі чемпионаттардан кейін, бірден құрлық біріншілігіне қатысу қиын. Голландия - ең мықты командалардың бірі. Бірақ футболда ондай болады - шабуылдары жүрмеді, қорғаушылары қателіктер жасады, - деді ол.
Голландия құрамасының бас бапкері - ван Марвейк. 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Голландия құрамасының бас бапкері - ван Марвейк. 2010 жыл. (Көрнекі сурет)


Жанкүйер Бабыр Бәйменов португалдықтар барлық жағынан мықтырақ болды деп санайды.

- Португалия стандартты соққылар жағынан да басым болды, олар ұжымдық ойын көрсетті. Алдында да Португалия келесі кезеңге өтеді деп ойлағанмын. Осы кездесудегі Реал Мадрид клубының ойыншыларын атап өтер едім. Роналдуды айтпағанда, Пепенің өзі ең қауіпті шабуылдарды тоқтатып отырды, екінші голдың шабуылын бастап берген де сол, - деді жанкүйер.

Бабыр Бәйменов «Голландия құрамасына сәттілік жетіспеді» дейді.

- Үш ойында да ұпай жоғалту - бапкердің кінәсі емес. Бұл біріншілікте осы құрама ойыншылары арасында өзара түсініспеушілік болған сияқты. Мысалы, Роббен «Бавария» клубында қалай ойнайды! Өз клубтастарымен ұзақ уақыт ойнап, бір-бірін бірден ұғатын ойыншылар мұндай халықаралық турнирлерде өз отандастарымен командалық ойын көрсете алмады. Бірін-бірі түсіну аз болды, - деді ол.

Бауыржан Сәрсекенов келесі кезеңде Германия мен Португалия қарсыластарын «қиналмай жеңеді» деп санайды. Жанкүйер Бабыр Бәйменов «Германияның Грекия құрамасынан басым түсетініне күмән келтірмегенімен, Чехия Португалия құрамасына тегеурінді қарсылық көрсете алады» деп есептейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG