Accessibility links

Еуропарламент сайлауы Ресейге тиімді болуы мүмкін


Jobbik партиясы ұйымдастырған шеруде венгриялық наразылар ЕО туын өртеп, таптап жатыр. Будапешт, 2012 жылдың қаңтары.

Jobbik партиясы ұйымдастырған шеруде венгриялық наразылар ЕО туын өртеп, таптап жатыр. Будапешт, 2012 жылдың қаңтары.

Еуропа Одағында Кремльге бүйрегі бұратын түрлі ұсақ партиялар бар. Сондықтан осы айда өтетін Еуропарламент сайлауы нәтижесі Мәскеуге тиімді болуы ықтимал.

Мамырдың соңындағы Еуропа парламенті сайлауында оңшыл және солшыл ұсақ партиялар басым дауыс жинауы мүмкін. Осылайша бұл сайлау Ресей президенті Владимир Путинге пайдалы болуы әбден мүмкін.

Мамырдың 22-25-і күндері өтетін сайлау кезінде Еуропа Одағына (ЕО) кіретін 28 мемлекет Еуропарламенттің 751 мүшесін бес жыл мерзімге сайлайды.

ОҢШЫЛДАР РЕСЕЙДІ ҚОЛДАЙ МА?

Сауалнамаларға сүйенсек, сайлаушылар жаһанданудан бастап Брюссельдегі элитаның орналасуына дейінгі түрлі мәселелерге үреймен қарап, қатал саясат жүргізіп келген ірі партияларды жазалап, ұсақ партияларды қолдауға бейіл болып отыр.

VoteWatch Europe-тің соңғы болжамы бойынша, осы жолы Еуропарламенттегі солшыл және оңшыл ұсақ партиялар депутаттары 2009 жылмен салыстырғанда екі есе көбейеді. Олар парламенттегі орындардың ширегін немесе бестен бірін алуы мүмкін.
Еуропарламент депутаттары дауыс беріп отыр. Страсбург, 2 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Еуропарламент депутаттары дауыс беріп отыр. Страсбург, 2 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұл - Мәскеу үшін жақсы жаңалық. Ресейді қолдайтын әсіресолшылдар бұрынғы 35 орынға тағы 16 мандат қосып алуы ықтимал. Бірақ әсіреоңшыл ұсақ партияларды да сайлаушылар қолдап, олардың парламенттегі саны 100 депутатқа көбеюі мүмкін.

Оңшыл ұсақ партиялардың Ресейге қатысты позициясы әртүрлі. Бірақ олар негізгі саяси партиялармен салыстырғанда Мәскеу әрекеттеріне «түсіністікпен» қарауға бейім. Олардың бірі ЕО мен АҚШ-ты жақтырмайтыны үшін Путинмен «жолдас» болса, басқалары Кремльді гейлер мен иммиграцияға және экономикадағы мемлекет рөліне қатысты қолдайды.

Кремль мен Еуропадағы әсіреоңшыл партиялар арасындағы қаржылық байланыс туралы нақты дерек жоқ. Бірақ Кремль олардың тілін табуға тырысатыны байқалады. Францияда бірінші орын алуы мүмкін «Ұлттық майданның» жетекшісі Марин Ле Пен биыл Ресейге екі рет барып, бұл елдің саясатын мақтап қайтты.

Австриялық «Бостандық» (Freedom Party - FPÖ) және Венгрияның Jobbik партиялары наурыз айында Қырымдағы даулы референдумға бақылаушылар жіберіп, Ресейге қолдау білдірді. Еуропа Одағының ол референдумды заңсыз деп жариялағаны белгілі. Ал италиялық Lega Nord партиясы биыл Еуропарламентке Украинадағы оқиғаларға балама көзқарастар да айтылу үшін путиншіл спикерлерді шақырды.

ЕКІ ЖАҚҚА ДА ТИІМДІ

Будапештегі Political Capital Institute сараптамалық орталығының директоры Петер Креко Ресей мен Еуропадағы әсіреоңшыл партиялардың байланысын зерттей келе, «есепке құрылған бұл «некенің» Брюссельге және ЕО-ның басқа мүшелеріне ықпал етуі мүмкін» екенін айтты.

«Бұл байланыстың екі жаққа да тиімді тұстары бар. Ресей Еуропадағы радикалды блок күшейе түссе дейді. Ол ресейшіл күшке айналады. Ал әсіреоңшыл партиялар күшті одақтас табады. Бұл партиялардың біразы сайлаушылардың жаппай қолдауына жете алмай жүргендіктен, Еуропаның саяси сахнасынан оларды ысырып тастауға жол бермейтін мықты одақтас тапқанына қуанады» дейді Креко.

Бірақ «Әсіреоңшылдар Еуропарламентте әсіресолшылдар сияқты топ құра ала ма?» деген сауал туындайды. Ол үшін ЕО-ға мүше жеті мемлекеттен 25 депутат жинау керек. «Еуропаның бостандық альянсы» (The European Alliance for Freedom) атты бірлестік «Ұлттық майдан» мен Lega Nord, FPÖ және швед демократтары, словак ұлттық партиясы, голландиялық PVV, бельгиялық Vlaams Belang ұйымдарының қолдауымен құрылды. Енді олар Венгрияның Jobbik және Грекияның Golden Dawn сияқты әсіреоңшыл партияларының қолдауынсыз-ақ парламенттік топ құра алатын тәрізді.

Инфограмма: ЕО-дағы ұсақ партиялар картасы (ағылшын тілінде)
We are sorry, but this feature is currently not available

Open Europe ғылыми-зерттеу орталығы үшін Еуропарламентті бақылап отыратын Питер Клеп «сайлаушылардың әсіреұлтшылдарды қолдауы күшейсе, негізгі партиялар бірігіп, ұсақ партиялардың саясатқа ықпалын әлсіретуге тырысады» дейді.

Оның айтуынша, «ұсақ партиялар басқа нәрсеге көңіл аударады». «Олар ақша табуға тырысады. Еуропарламентте бірлестік құруға ұмтылғанда олар осыған қызығады. Ұсақ партиялар саны көп болса да, парламенттегі мәселелерді шешуге ықпал ете алмайды, себебі көпшілік олармен жұмыс істеуден бас тартады, осылайша олардың сөздері көбінше өтпей жатады» дейді Питер Клеп.

Саяси топтар Еуропарламенттен жылына 1 миллион еуро грант ұтып алуы мүмкін. Гранттың сомасы оңшыл немесе солшыл партиялардың көлеміне байланысты шешіледі. Бірақ ол ақша ЕО орталығынан Кремльдің «саяси ықпал ету алаңын» әзірлеуге жұмсалуы мүмкін.

(Рикард Йозвиактың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG