Accessibility links

Еуропа Ресейге не істерін білмей отыр


Ұлыбритания премьері Дэвид Камерон (сол жақта) мен Германия канцлері Ангела Меркель. Лондон, 27 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ұлыбритания премьері Дэвид Камерон (сол жақта) мен Германия канцлері Ангела Меркель. Лондон, 27 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина дағдарысы Еуропа басшыларын әбігерге салды. Олар Ресей агрессиясына қалай жауап берерін білмейді. ЕО елдерінің кейбірі Ресеймен сауданы тоқтатқысы жоқ.

Етқызумен айбат шегіп, батыл мәлімдемелер айтып жіберген саясаткерлер сабырға келіп жатыр.

ЧЕХИЯНЫҢ БҰЛТАҚТАУЫ

Чех Республикасының Мәскеумен бірге өзге мемлекеттерге басып кіру тәжірибесі бар. 1968 жылы бұл елдің өзі де кеңестік озбырлық құрбаны болған. Сондықтан болар, кейбір чех шенеуніктері Ресей Қырымға әскер кіргізгенде ашуға берілді.

Чех Республикасы жалғыз атом электр станциясын 10 миллиард долларға қайта жөндеп, қуатын арттырмақ. Ол жұмысты жүргізуге АҚШ пен Ресей қатар өтініш беріп, бәсекеге түсіп отырған. Дүйсенбі күні (наурыздың 3-і) Чехия қорғаныс министрі Мартин Стропницкий «енді бұл тапсырысты Ресей орындап жатқанын тіпті елестете алмаймын» деп мәлімдеді.

Алайда сол күні кешкісін Чехия премьер-министрі Богуслав Соботка қорғаныс министрінің мәлімдемесіне қарсы уәж айтып, керісінше «Ресеймен коммерциялық байланыстарымыздың үзілгенін елестете алмаймын - мүмкін емес» деп мәлімдеді.

ҰЛЫБРИТАНИЯНЫҢ БЕТАЛЫСЫ

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Ресей президенті Владимир Путинге «Кремль Украинаға қатысты позициясын өзгертпесе, Ресейдің «айтарлықтай шығынға» ұшырайтынын» ескертті.

Дүйсенбі күні (наурыздың 3-і) премьер-министр кеңсесіне жоғары лауазымды шенеунік алып бара жатқан қағаз деп сипатталған құжаттың фотосуреті біраз жұртты дүрліктірді. Құжаттағы ақпарат бойынша Лондон Ресеймен арадағы саудаға шектеу қоймауы мүмкін екен деген хабар тарады. Құжатта «Біріккен Корольдік (Ұлыбританияны айтады – ред.) әзірге сауда санкцияларын қолданбауы тиіс... және Лондонның қаржы орталықтарын ресейліктер үшін жауып тастауға болмайды" деп жазылған. Даунинг-стрит бұған түсініктеме беруден бас тартты.

ГЕРМАНИЯ ҰСЫНЫСЫ

Германия Киев пен Мәскеу арасына «байланыс орнатушылар тобын» жасақтауды ұсынды. Берлин Ресеймен арадағы қарым-қатынастың ушықпауына мүдделі. Германия мұнай мен газдың 40 пайызын Ресейден сатып алып отыр.

Ресей президенті Владимир Путин. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путин. (Көрнекі сурет)

Алайда Берлин «Мәскеу мен Киевті жарастыратын топ мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар өкілдерінен құралуы керек» дейді. Осы себепті Германияның ұсынысы өте баяу талқыланып жатыр.

Ангела Меркельдің баспасөз хатшысы дүйсенбіде (наурыздың 3-і күні) бұл ұсыныстың Германия канцлері мен Ресей президенті арасында болған жалғыз телефон әңгімесінен ары жылжымағанын айтты.

ЕО: «САНКЦИЯ ҚАЖЕТ ЕМЕС»

Дүйсенбі күні (наурыздың 3-і) Брюссельде өткен сыртқы істер министрлері кездесуінде Еуропа Одағы (ЕО) Мәскеуден әскерін Қырымнан алып кетуді талап етті. Олар талап орындалмаған жағдайда «визалық режимді жеңілдету мен экономикалық ынтымақтастық туралы келіссөздерді тоқтататындарын» ескертті.

Алайда ЕО экономика мәселесінде АҚШ сияқты «тым қатты кетпейтіндерін» анық білдірді. Германияның сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер «дипломатия әлсіздіктің белгісі емес» екенін айтып, мәселені бейбіт келіссөздер арқылы шешуге шақырды.

Нидерланд сыртқы істер министрі Франц Тиммерманс «санкциялардың дәл қазір қажет емес» екенін мәлімдеді. Мына мәліметтен мәселенің мәнісі анық көрінеді: Ресей мен ЕО елдерінің жыл сайынғы сауда айналымы - 460 миллиард АҚШ доллары, ал АҚШ пен Ресей саудасы - небәрі 40 миллиард доллар ғана.

НАТО-ДАҒЫ «ЕСКІ» ЖӘНЕ «ЖАҢА» ЕУРОПАНЫҢ АЙТЫСЫ

Варшава дағдарыстың Польшаға қауіп төндіретінін айтып, НАТО-ның Украина жөнінде екі шұғыл отырыс өткізуіне түрткі болды.

Дүйсенбіде (наурыздың 3-і күні) өткен екінші кездесу төрт сағатқа созылған. НАТО-ға мүше елдер мәмілеге келе алмаған.

Мәскеудің ықпалынан жақында ғана құтылған мемлекеттер Ресейге қатаң ескерту жасалуы қажет екенін айтса, Франция мен Германия ұстамды болуға шақырған.

Германия «Мәскеумен әлі де ультиматумсыз сөйлесуге болатынын» айтқан.

Германия үкіметі дүйсенбі күні (наурыздың 3-і) «Германия канцлері Меркель АҚШ президенті Обамаға телефон арқылы «Путин шынайы өмірмен байланысын үзіп алды» деп мәлімдеді» деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.

(Рон Синовицтің мақаласын ағылшын тілінен аударған - Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG