Accessibility links

Еуропа жұрты неге Ресейден жасқанады?


Ресейге «Мистраль» кемелерін сатуға қарсы наразылық акциясына қатысқан қыз. Франция, Сент-Назер, 29 маусым 2014 жыл.

Ресейге «Мистраль» кемелерін сатуға қарсы наразылық акциясына қатысқан қыз. Франция, Сент-Назер, 29 маусым 2014 жыл.

Еуропа азаматтары Израильдің Газа секторын бомбалауына, электрондық бақылаудың күшеюіне қарсы шерулер өткізді. Бірақ олар Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне наразылық білдірмейді. Мұның себебі неде?

Францияның Бретани аймағында тұратын Бернард Груа бұрын саясатқа қызықпайтын, шерулерге де қатыса бермейтін. Жыл басында Франция үкіметі Ресейдің Украинаға қатысты озбыр саясатына қарамастан Кремльге екі «Мистраль» әскери кемесін сату туралы шешім шығарғанда ол үйде тыныш отыра алмады.

Содан бері 52 жастағы Груа бұл кемелерді Ресейге сатуға қарсы шерулер ұйымдастыруға кірісті. Франция президенті Франсуа Олландтың әскери кемелерді Ресейге жөнелту мәселесін кейінге қалдырғанына қарамастан, ол шеруді жалғастыра беретіндерін айтып отыр.

- Путиннің агрессивті саясат жүргізіп отырғаны анық, ал біз оның агрессиясын қолдап, керемет құралдар жібермекпіз, - дейді Груа.

Кезінде теңіз офицері болып қызмет еткен ол «Мистраль» сияқты кемелердің артықшылықтарын жақсы біледі. Бұл – жерден және әуеден шабуыл жасайтын тікұшақтарды тиісті жерге жеткізу мақсатында жасалған алып кеме.

- Бұл тек Украина үшін ғана емес, Грузия, Молдова, Румыния және Балтық елдері үшін де үлкен проблема болмақ. Егер Ресей өзінің әскери теңіз флотын күшейтіп алса, ол Батыс Еуропа елдеріне де қауіпті, - дейді Груа.

Осы жазда Еуропа халқы көп дүрлікті. Англия, Франция, Германияда ондаған мың адам көшеге шығып, Израильдің Газа секторын бомбалауына наразылық білдірді. Бір ғана Лондонның өзінде тамыздың 26-сы күні өткен демонстрацияға 45 мың адам қатысты. Тамыздың 30-ы күні Берлинде 6 мыңдай адам жиналып, федералдық үкіметтің тыңшылық әрекеттеріне наразылық білдірді.

Ал Ресейдің Украинадағы саясатына назар аударып жатқандар жоқтың қасы. Груаның «Мистраль» кемелерін сатуға қатысты наразылық шараларына қолдау білдіргендер де көп емес. Уэльсте өткен НАТО саммиті Украина мәселесіне арналғанымен, осы жиынға қатысты Ньюпортта өткен наразылық шарасына да жұрт көп жиналған жоқ.

ҮРЕЙ МЕН ТАРИХ

Берн университетінің ғалымы, әлеуметтанушы Алина Полякова Еуропа жұртшылығының Украинадағы оқиғаларға немкетті қарағанына наразы. Путин мен Еуропаның оңшыл саясаткерлері арасындағы байланысты зерттеп, World Affairs журналына мақала жариялаған ол:

- Ресейдің Украинаға шабуылына қатысты наразылықтың, демонстрациялардың тым аз болуы қынжылтады. Еуропаның тарихын, 20-ғасырдағы жаңа соғыстарды, Ресей сияқты ірі әскери державамен ұзақ кикілжіңдерді ескерсек, енжарлық үрейден туған сияқты. Израиль–Газа кикілжіңіне наразылық шаралары кезінде ондай үрейді байқамадық, - дейді.

Басқа сарапшылардың айтуынша, халықтың Палестинаны қолдап, шеруге шығуы, Украинаның мәселесіне немқұрайды қарауы Еуропаның АҚШ-қа сенімінің азайып келе жатқанын аңғартады.

Дмитрий Халби мен оның Украинада туған әйелі Оксана Киевтегі "Еуромайдан" шеруінде жүр. Киеве. 2014 жылдың ақпаны.

Дмитрий Халби мен оның Украинада туған әйелі Оксана Киевтегі "Еуромайдан" шеруінде жүр. Киеве. 2014 жылдың ақпаны.

Ресейге «Мистраль» кемелерін сатуға наразылық шараларын үйлестіріп жүрген нормандиялық компьютер инженері Дмитрий Халби Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі одақтастардың озбырлығы туралы көршілерінің әңгімесін естіп өскенін айтады. «Азат етушілер армиясы» нацистер кетіп қалған соң да қаланы бомбалай берген көрінеді. Қазірдің өзінде француздардың көбі барлық жамандыққа АҚШ-ты кінәлайды. Тіпті, Украинадағы жанжалға да Америка себепкер болды деген ортақ тұжырым орныққан.

Ол «Олар Украинадағы оқиғаларды сол елдің ішкі мәселесі деп қарастырмайды. Бұған Ресейдің үгіт-насихаты себеп болса керек. Халық мұны АҚШ пен Ресей арасындағы текетірес деп түсінеді. Сондықтан олар ортада украин халқы, Украина мемлекеті өз болашағы үшін, өзінің тұтастығы үшін соғысып жатқанын ұмытып кете береді. Француздармен сөйлесе қалсаңыз, олардың көпшілігі барлығының артында нағыз агрессор – Америка тұр деген пікір айтады» дейді.

«КӨЗІР»

Ресейге қатысты қорқыныш пен тарихты былай қойғанда, Еуропаның экономикасын уысына қысып тұрған Кремльге көпшіліктің тісі бата бермейді. Уэльстегі саммитте Ресейге қатысты кіжіне сөйлегеніне қарамастан, НАТО-ға мүше елдер басшыларының көбі экономикалық дағдарыстан әзер шығып келе жатқандарын, газдың төрттен бірін Мәскеуден алып отырғанын ескеріп, прагматикалық саясат ұстанады.

Нидерландтық бұрынғы дипломат Баренд тер Хаар «Тіпті шілденің 17-сіндегі Малайзия ұшағын құлату операциясына Ресейдің қатысы болуы мүмкін деген долбарлардың өзі Кремльге қарсы наразылықты күшейте алмады. Сол апаттан қаза тапқан 298 адамның 193-і Нидерланд азаматы болғаны белгілі. Бұл оқиға нидерландтықтардың Путинге деген наразылығын күшейткенімен, үкімет қысқамерзімді экономикалық мүдделерін ескере отырып шешім қабылдайды» дейді.

Францияның бұрынғы әскери теңізшісі Бернард Груа Сент-Назердегі наразылық шарасында сөйлеп тұр. 29 маусым 2014 жыл.

Францияның бұрынғы әскери теңізшісі Бернард Груа Сент-Назердегі наразылық шарасында сөйлеп тұр. 29 маусым 2014 жыл.

- Ұшақ апатынан соң халық бейбітшілік пен тұрақтылық тегін келмейтінін түсінді, - дейді Хаар. Жақында жарық көрген мақаласында экс-дипломат «тек экономикалық дипломатияға сүйену Нидерландтың Ресейге ықпал ету мүмкіндіктерін азайтып жіберді» деген пікір айтқан.

Оның пікірінше, ұшақ апатына дейін Нидерландта Путинді қолдаушылар да болған. Мәселен, иммигранттардың көп келуіне наразылық танытып жүрген депутат Герт Вилдерс құрған әсіреоңшыл «Бостандық үшін» партиясы Путиннің ұлтшыл саясатын жақтайтын.

- Сепаратист топтардың әрекеттеріне Путиннің қаншалық қатысты екендігі дәлелденбесе де, ұшақ апатынан соң қалыптасқан қазіргі саяси ахуал жағдайында Нидерландта ешкімнің Путинді жақтай алмасы белгілі, - дейді Баренд тер Хаар.

Ал Францияда ресми деңгейде Ресейді ешкім сынамайтын болған. Мұның себебі Ресеймен арадағы экономикалық келісім-шарттарда жатса керек. Жақында оңшыл саясаткер Филлип де Вилье Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, Қырым мен Мәскеуде парк ашу мәселесін пысықтады. Ал оның бауыры Пьер – француз армиясының штаб басшысы. Филиптің ұлы Гийом Ривьера жағалауындағы қымбат үй-жайларын Кремльге жақын адамдарға сатты деген ақпарат бар.

Президент Олландтың Украинада бітім орнап, кикілжіңнің саяси шешімі шыққанға дейін «Мистраль» кемелерін сатуды тоқтата тұру шешімі тек тактикалық қадам сияқты.

Наразылық шарасына дайындалып жатқан Груа мен оның серіктері дау болған кемелердің бірі жасырын түрде Ресейге жөнелтілгелі жатыр дейді. Осы уақытта Францияның Сент-Назер портында Ресейдің 400 теңізшісі француздармен бірлескен жаттығу өткізіп жатыр.

Жексенбіде өтететін наразылық шарасы кезінде демонстранттар қыркүйектің 10-ы күні өтетін жаттығуларды болдырмауды, құны 1 миллиард 700 миллион долларлық кемелерді сату келісімінің күшін жойып, оларды НАТО мүшелеріне сатуды талап етпек. Сент-Назер портында өтетін шара барысында шерушілер Ресейдің әскери теңізшілерімен көзбе-көз көрісуі мүмкін. «Шағын да болса бір топ халық жиналып, наразылық білдірсе, соның өзіне қанағаттанған болар едім» дейді наразы топ жетекшісі Груа.

- Адам саны үлкен проблема емес. Парижде 500 адаммен де демонстрация ұйымдастыра бересің, мұнда ешкімнің шаруасы жоқ. Ресейдің әскери адамдарының алдына барып Еуропаның, Украинаның, Грузияның, Польшаның, Францияның туларын көтеріп тұру үшін мың адам керек емес. «Иә, біз қолдаймыз» деген екі адам болса жеткілікті, - дейді ол.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен Мұхтар Екей аударды)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG