Accessibility links

Шотландия референдумы жайлы мәлімет


Жұртты референдумда Шотландияның тәуелсіздік алуын қолдап дауыс беруге үгіттеп жүрген әйел. Шотландия, Единбург, 14 қыркүйек 2014 жыл.

Жұртты референдумда Шотландияның тәуелсіздік алуын қолдап дауыс беруге үгіттеп жүрген әйел. Шотландия, Единбург, 14 қыркүйек 2014 жыл.

Осы апта Шотландия халқы Ұлыбритания құрамында қалу я тәуелсіз мемлекет болу жөнінде шешім қабылдайды. Бұған қатысты тоғыз мәселені қаперіңізге түйе жүріңіз.

Референдум қыркүйектің 18-і күні өтеді.

Жұрт не үшін дауыс береді?

Референдумда «Шотландия тәуелсіз ел болуы керек пе?» деген жалғыз сұрақ қойылады.

Шотландия референдумға қалай жетті?

Шотландияның Орталық Америкада сауда колониясын құру жоспары қыруар шығынмен аяқталады. Осыдан соң (1707 жылы) бұл ел Англиямен саяси одақ құрды.

Бірақ 20-ғасырда Единбургтің (Шотландия астанасы – ред.) өкілеттіліктерін кеңейту туралы талаптар күшейе бастады. Дербес билікті қайтарып алу туралы алғашқы референдум 1979 жылы өтті. Ол кезде бұл мәселеге халық тым енжар қараған еді.

Ал бұдан 20 жылдан кейін өткізілген екінші референдумның нәтижесінде Шотландия парламенті мен жергілікті үкіметі құрылды. Олардың құзырына денсаулық сақтау, білім беру және басқа да мәселелер берілді.

2011 жылы Шотландияда өткен сайлауда Шотланд ұлттық партиясы көпшілік дауыспен жеңіске жетті. Бұдан соң Ұлыбритания Біріккен Корольдігі мен Шотландия үкіметтері тәуелсіздік жөнінде референдум өткізуге келісті.

Дауыс беру тәртібі

Референдумға қатысу үшін ең бастысы – Шотландияда тұру. Шотландияда тұратын кез келген британ не Еуропа Одағы азаматы дауыс бере алады. Ал Шотландияда туып, қазір басқа елде тұрып жатқан азаматтар бұл шараға қатыса алмайды. Бұл елдегі дауыс беру құқығының төменгі шегі - 16 жас. Қанша адам қатысса да референдум нәтижесі шығарылады. Алайда халықтың бұл сайлауға жаппай қатысатынына ешкімнің күмәні жоқ. Сайлаушыларды тіркеу қыркүйектің 2-сі аяқталды. Тіркелген жұрттың қарасы 4 миллион 400 мың болған. Бұл – Шотландияда бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Енді екі жақтың бірі басым түсуі шарт.

Халық тәуелсіздік алуды құптаса, ол қашан жарияланады?

Халық тәуелсіздік алуды құптаған жағдайда ол 2016 жылы наурыздың 24-і күні жарияланады. Оған дейінгі 18 ай ішінде Единбург Лондонмен «ажырасудың» бүге-шүгесін анықтап болуы тиіс. Бұл күннің ерекше мәні бар. 1603 жылы дәл осы күні Шотландия королі Джеймс VI Англияның да королі атанып, екі елдің билігі біріккен еді.

Патшайымның билігі сақтала ма?

Патшайым «мемлекет» басшысы болып қала береді. Бұл референдум 1707 жылғы екі ел арасындағы саяси одақты бұзу-бұзбау мәселесін ғана шешеді. Ал бір ғасыр бұрынғы монархиялық ортақ билікті қалдыру-қалдырмау мәселесін қарастырмайды. Алайда Шотландия монархиялық құрылымнан бас тартқысы келсе, тағы бір референдум өткізе алады. Кейбір сарапшылар Шотландия тәуелсіз елге айналып жатса, бұл елге патшайымның атынан әрекет ететін генерал-губернатор тағайындалуы мүмкін дейді. Мәселен, патшайым Канада мен Австралияның да «елбасы» болып саналады.

Фунт стерлинг қала ма?

Бұл – референдум қарсаңында ең көп талқыланған мәселенің бірі болды. Тәуелсіздік алуды жақтайтындар «Шотландия фунт стерлингті қолдана береді» дейді. Олардың айтуынша, «бұл үшін Шотландия Ұлыбритания Біріккен Корольдігімен валюталық одақ құрады».

Алайда Шотландияның тәуелсіздік алуын құптамайтындар ондай одақ құруға қарсы. Бұған қоса, Ұлыбританияның орталық қаржы институты - Англия банкінің басшысы «Егемендік пен валюталық одақ - үйлеспейтін дүниелер» деп мәлімдеді. Ал тәуелсіздік алуды жақтайтындар «Шотландиямен валюталық одақ құрса, Біріккен Корольдік те ұтады» деген уәж айтады.

Шотландия мен ЕО

Тәуелсіздік алып жатса, Шотландияның Еуропа Одағына (ЕО) кіруі әбден мүмкін. Бірақ мүшелікке өту оңай процесс болмайтын сияқты. Тәуелсіздік алуды жақтайтындар «Келіссөздер кезінде ешқандай дау шықпауы керек. Себебі Шотландияның ЕО-ға кейінгі жылдары мүше болған мемлекеттерден айымашылығы сол – ЕО заңдары мен ережелері мұнда бұрыннан қолданылып келеді. Сондықтан Шотландияның бұл одаққа қосылуы оңай, процесс ұзақ созылмайды» дейді. Дегенмен өз аумақтарындағы сепаратистік қозғалыстардан мезі болған Испания мен Бельгия сияқты елдері Шотландияның ЕО-ға кіруіне кедергі болуы мүмкін.

Шотландия мен НАТО

Қазір Шотландияны «Ұлттық партия» билеп отыр. Референдум ұйымдастырып жатқандар да солар. Бұл партия тәуелсіз Шотландияның НАТО мүшесі болғанын қалайды. Одан бөлек, Ұлыбританияның Трайдент ядролық қару қоймасын елден алып кетуін де қолдайды. НАТО басшысы Андерс Фог Расмуссен «Шотландия тәуелсіз елге айналып, альянсқа кіруге сұранса, басқа мүшелердің дауысын алуы керек» дейді.

Жұрттың көбі «Жоқ» десе

Жұртты референдумда «Жоқ» деп дауыс беруге үгіттеп отырған негізгі үш саяси ұйым– консервативтік, лейбористік және либерал-демократтар партиясы. Бұлардың бәрі «Шотландия тұрғындары тәуелсіздіктен бас тартқан жағдайда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін күшейтеміз» деп уәде берді. Олар Шотландия парламентіне салық, қазына және бюджеттің жұмсалуына қатысты көбірек билік бермек. Бірақ бұны көріп, Біріккен Корольдіктің басқа аймақтары да көбірек автономиядан дәмелене бастауы мүмкін. Мысалы, қыркүйектің 12-сі күні вице-премьер Ник Клегг «Англияның құзырларын кеңейтіп, біраз билік аймақтарға берген жөн» деп мәлімдеді.

(Кэтлин Мурдың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG