Accessibility links

Ресей Страсбург сотының шешіміне сәйкес тәжік азаматына өтемақы төлейтін болды


Рахматулло Назаров Еуропа сотының шешімімен Ресейден моралдық өтемақыға қол жеткізді.

Рахматулло Назаров Еуропа сотының шешімімен Ресейден моралдық өтемақыға қол жеткізді.

Ресейде есірткіге қатысты айыптармен үш жылын қамауда өткізген 29 жасар тәжік азаматы Страсбургтегі адам құқықтары бойынша еуропалық сотқа шағымданып, Ресей түрмесіндегі көрген қиындықтары үшін 18,5 мың еуро өтемақы алатын болды. Рахматулло Назаровтың басынан кешкендері.

Душанбенің жанындағы құс фермасында ветеринар болып жүрген Рахматулло Назаровтың қолына Ресейді өзіне өтемақы төлеуге міндеттеген Еуропа соты шешімінің көшірмесі тиді. Ол бұл үкімді әділеттікке жеткен және ар-ожданын қорғаған алғашқы қадам ретінде қабылдайтынын айтты.

"Маған қырын қарап кеткен кейбір адамдар қазір келіп,“біз радиохабардан тыңдадық, саған соттағы жеңісің туралы айтайық, кешірім сұрайық деп едік. Кешір біз сен туралы жаман ойда болғанбыз” деп айтып жатыр. Бұл менің бірінші жеңісім,"- дейді ол.

ӘДІЛДІК ҮШІН АРПАЛЫСҚАН АЛТЫ ЖЫЛ

2004 жылдың сәуірінде Владимир қаласында аспирантурада оқып жүрген кезінде Назаровты полиция оны көшеден ұстап алып, өте көп көлемде есірткі ұстаған деген айып таққан.

Осылайша қамауға алынған Назаров полицияның ұрып соққанына қарамастан, тағылған айыптарды мойындамаған. Ол Ресейдің басқа да соттарына жүгініп, таза екенін дәлелдеуге тырысып, күресіп бақты.

«Ресейлік тергеушілер керісінше болғанын қалағанымен мен өзімнің кінәлі емес екенімді білетінмін. Осыдан кейін мен адам айтқысыз барлық жағдайларға көндім. Аштық, түрмедегі судың жоқтығы, адам төзгісіз жағдайлардан аман шығуға тырыстым. Бұл оқыған отбасынан шығып, аспирант болып жүрген мен сияқты адамға қиын болды. Кей кездері төрт тұтқын бір төсекте кезекпен ұйықтап жүрдік».

Тәжікстандық Назаров соты басталғанша екі жылға жуық қамауда отырған. Прокурорлар Рахматуллоға 9 жыл беруді сұрағанымен, олардың дәлел-дәйектері жеткізіліксіз болғандықтан, үш жыл түрме жазасына кесілген.

Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотының өкілі Трейси Тернер Трецтің айтуынша, Назаровтың еуропалық сотқа түсірген шағымы түрмедегі жағдайдың нашарлығы, сондай-ақ заңсыздықтар және оның апелляциялық шағымының тым ұзақ қаралуы турасында болған.

Трейси Тернер Трецтің мәлімдеуінше:
Тәжік мигранты Рахматулло Назаров


"Сот Назаровтың барлық есебін қарай келе, Ресей Қылмыстық кодекстің 3-ші және 5-ші баптарын бұзған деп тапты. Сөйтіп, Назаровқа 15 мың еуроны моралдық өтемақы, 3500 еуроны материалдық шығын ретінде төлеуді міндеттеді".

РАХМАТУЛЛО ЕНДІ РЕСЕЙДЕГІ ОҚУЫН АЯҚТАҒЫСЫ КЕЛЕДІ

Назаровтың адвокаты Михаил Овчиников Азаттық радиосына өзінің де, қорғаушысының да сот шешіміне көңілдері толатынын айтты. Олар өтемақыны үш ай ішінде аламыз деп отыр.

«Ресей тарапы Жоғары сот алқасына апелляциялық шағым бере алады. Бірақ әдетте ондай шағымдар қолдау таппайды. Барлық судьялар Назаров үшін дауыс берді, сондықтан бұл ақырғы жеңіс екеніне сенімдіміз».

Назаров Ресей абақтысынан 2007 жылы босатылды. Тәжікстанға оралған соң үйленген, қазір кішкентай қызы бар.

Енді Рахматулло Назаров аяқталуына үш ай қалған Владимирдегі оқуын жалғастырғысы келеді.

РЕСЕЙ ПОЛИЦИЯСЫ ТӘЖІК МИГРАНТТАРЫН АЙЫПТАУҒА БЕЙІМ

Ресей ресмилерінің дерегіне қарағанда, 3,500 тәжік азаматы Ресейде қамауда отыр. Олардың көбісі есірткі тасымалына байланысты айыпталған.

Мәскеудегі тәжік мигранты Саид Боев кейбір тәжікстандықтардың осындай заңсыз іспен айналысатынын мойындайды, бірақ айыптардың көп ретте негізсіз тағылатындығын айтады.

Оның айтуынша, Ресей полициясы нәпақа табу үшін келіп, заңсыз жұмыс жасап жатқан тәжіктер әдетте сотқа шағымданбайды деп біледі. Сондықтан оларға заңсыз мигранттарды айыпты деп табу оңайырақ дейді тәжік мигранты Боев.

Назаровтың ісі Еуропа сотында жеңіске жеткен Тәжікстан азаматының бірінші соты емес.

Өткен жылы тағы бір тәжікстандық Дониор Худойоров Страсбургтегі сотқа Ресейге қарсы шағым түсіріп, Мәскеуден 50 мың еуро өтемақы өндіріп алған. Ол Ресейде 1999 жылы есірткі тасымалына байланысты ұсталып, 2004 жылы тергеушілер тағылған айыптарды дәлелдей алмаған соң босатылған еді.
XS
SM
MD
LG