Accessibility links

Төрешілер тыйым салса да, Eurovision саясилана бастады ма?


Eurovision жеңімпазы Жамаланың финалға шыққан сәті. Швеция, Стокгольм, 13 мамыр 2016 жыл.

Eurovision жеңімпазы Жамаланың финалға шыққан сәті. Швеция, Стокгольм, 13 мамыр 2016 жыл.

Еуропаның жыл сайын өтетін Eurovision ән байқауында әлем-жәлем болып, ерсілеу киініп шығуға да болады, қасқырмен бірге билеуге де рұқсат, кез келген тақырыпта ән шырқау да еркіңізде - тек саясатты араластырмаңыз. Ұйымдастырушылар талабы сондай. Алайда биыл бұл талаптың орындалуына қатысты күдік күшейді.

Бірақ соңғы жүлдені алған шығарма тарихи ән бе, саяси ма, әлде жеке адамның тағдыры жайлы ма? Биылғы Eurovision байқауында Украина өкілінің жеңіске жеткені бұрын-соңды болмаған сауалдар мен дау тудырды. Ал жеңіске жеткен әнші Жамала «1944» әнін әжесіне арнағанын айтады.

Жамаланың айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде СССР көсемі Иосиф Сталин 240 мыңға жуық қырым татарын депортация жасаған кезде әншінің әжесі де солардың арасында болған. Бірақ ресейліктер бұл туындыны 2014 жылы Украинадан Қырымды аннексия жасап алған Ресейге соққы беру мақсатында шығарылған ән деп санайды және аннексиядан кейінгі Қырым татарларының жағдайын сипаттайды деп түсінді. Сондықтан ондай әннің сайысқа түскенін олар қаламады.

СЫННАН ӨТПЕГЕН ӘНДЕР

Ұйымдастырушылар Жамаланың әні тарихи оқиғаны сипаттайды деген қорытынды жасап, оны «саяси туынды емес» деп санайтындарын мәлімдеді. Шамамен 200 миллион көрермені бар Eurovision байқауының ұйымдастырушылары бұған дейін де талай рет әншілерді байқауда қалдыру үшін күрескен.

Шараны өткізетін Еуропа хабар тарату одағы (European Broadcasting Union - EBU) саяси астары бар әндерге үзілді-кесілді тыйым салады.

Бірақ әншілер арасында бұрындары саяси үндеу (дөрекі немесе астарлы түрде) жасауға талпынғандары болған. Әндерге қарап EBU сахнаға жіберілетін туындыларды барынша жіті саралағаны байқалады.

Мысалы, сепаратистік аудандар Оңтүстік Осетия мен Абхазия үшін Ресей мен Грузия соғысқаннан кейін, 2009 жылы Грузия әншісінің байқауға ұсынған әнін EBU саяси астары бар деп тіркемей тастады. EBU Стефане мен 3G айтатын «Don't Wanna Put In» әнін Ресей президентінің атына жасалған каламбур санап, әннің ішіндегі «бұл теріс әрекет шырқымызды бұзды» деген жолдар байқау талабына сай емес деп танылды.

EBU грузиндерге «не мәтінді өзгертіңдер, не басқа ән ұсыныңдар» деген екі талап қойды. Бірақ Грузия бұл шешімге қарсы шығып, аяғында сол жылы байқауға қатысудан бас тартты. Грузия ұсынған әнге қарсы Ресейде шағын шерулер өткен еді.

2015 жылы EBU Арменияның Genealogy тобы ұсынған туындыны мұқият тексерді. Бұл жолы төрешілер «әннің мәтіні талапқа сай, бірақ «Терістеме» (Don't Deny) деген атауы Осман империясы қырып салған 1 миллиондай армянды меңзеп тұрғандай» деген пікір айтты, бұл оқиғаны Түркия геноцид ретінде танудан бас тартқан еді.

Ән байқауға қатысты, бірақ атауы «Көлеңкенің келбеті» (Face The Shadow) деп өзгертілді. Әннің ресми бейнебаяны да ескертуге лайық еді, кейбіреулер онда адамдардың опат болғаны көрсетілген дейді. Яғни Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі бір отбасының суретке түсіп, біртіндеп сандары азайып жатқаны көрсетіледі.

«1944» ӘНІНІҢ САЯСИ АСТАРЫ БАР МА?

Eurovision байқауында дау тудырып жүрген тек бұрынғы советтік елдер емес. 2008 жылы Испанияның Родольфо Чикиликуатре атты әншісі Венесуэланың дүниеден өткен президенті Уго Чавес пен Испания королі Хуан Карлосқа нақты тұспал жасады.

Baila El Chiki Chiki әнінде «Аузыңды жапсаң болмай ма?» деген жолдар бар, 2007 жылы Ибер-Америкалық саммитте испан королі Хуан Карлос Чавеске осылай деген еді. EBU әннің «саяси астары бар» деп есептеп, саясатқа қатысты тұстарын алып тастамаса, әнді байқауға жібермейміз деп мәлімдеді. Мұнан соң ән EBU талабына сай жазылды.

2010 жылы Португалияның Homens Da Luta ("Күрескер жандар") тобының әніндегі «Бас иетін жандар әркез алданып жүреді» деген сөздерді EBU төрешілері жеңіл-желпі ән емес, саяси наразылық деп қабылдады. Бір жылдан соң, 2011 жылы Homens Da Luta әндегі саяси тұспалды жұмсартып, «Күрес және қуан» деген ән ұсынғанда, EBU төрешілері рұқсат берді.

Eurovision байқауын бақылаушылардың көбі төрешілердің биылғы шешіміне таңданыс білдіреді. АҚШ-тағы ойын-сауық комментаторы және Eurovision сарапшысы Джон Кеннеди О'Коннор Жамаланың әні жеңіске жеткеніне өкініш білдіреді.

«Геноцид туралы азалы ән және Ресейдің бетіне қатты соққы болып тиетін шығарманың биыл жеңіске жеткеніне қапалымын» дейді ол.

Eurovision-нің Ұлыбританиялық OGAE фан-клубының президенті Аласдэйр Рендалл Жамаланың жеңісіне жұрт реакциясы «екіұдай» болды дейді.

«Адамдардың көбі оның мықты дауысы мен әсерлі шоуын ұнатты. Бірақ музыкасының сапасы үшін емес, саяси астары басым болғандықтан жеңді деп жатқандар да жетерлік» дейді ол.

«Жамаланың әнінің 2015 жылы Армения ұсынған туындыдан не айырмашылығы болды екен?» деп таңданушылар да бар. Ондай сауалдарға EBU наурыз айында Twitter желісі арқылы «1944» әнінде саяси сөз айтылмайды, демек бұл ән байқау ережесін бұзбайды» деп жауап берді.

Тони Веселовскийдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG