Accessibility links

Eurovision финалына Украина мен Ресей қатар өтті


Ресейлік Анастасия мен Мария Толмачевалар Eurovision байқауында. Копегаген, 5 мамыр 2014 жыл.

Ресейлік Анастасия мен Мария Толмачевалар Eurovision байқауында. Копегаген, 5 мамыр 2014 жыл.

Eurovision байқауының жартылай финалы аяқталып, келесі кезеңге он елдің өнерпаздары өтті. Олардың арасында Украина мен Ресейдің әншілері де бар. Залдағы жұрт екі елдің өкілдерін екі түрлі қабылдады.

Ақпарат құралдары Ресей мен Украина арасындағы қарсылықты күн құрғатпай жазып келе жатқанына бір айдың жүзі болды. 6 мамырдағы шыққан басылымдар да осы үрдісті қайталады. Бірақ бұл жолғы майдан Мариуполь не Одесса емес, Дания астанасы Копенгаген қаласындағы «Гауһар сахна» (Diamond Stage) болды.

Бұл жерде ондаған мың көрермен Eurovision байқауының жартылай финалында украиналық әнші Мария Яремчук пен ресейлік егіздер Анастасия мен Мария Толмачевалардың өнерін тамашалады. Екі елдің өкілдері де 10 мамырда өтетін финалдық байқауға жолдама алды.

Алдымен Ресейден келген 17 жастағы Толмачевалар өнер көрсетті. Ән басталған сәтте мөлдір таяқ ұстап, әткеншекке шыққан егіздердің бұрымдары бір-біріне байланып тұрды. Кейін олар бұрымдарын ажыратып, әткеншектің екі басына жылжып, тепе-теңдік сақтап тұрып, Филипп Киркоров жазған Shine деген әнді орындап шықты. Ән мәтінінде «сәл-пәл махаббат көрсету» жайлы сөз де бар.

Бұдан соң іле-шала сахнаға Мария Яремчук шығып, махаббат туралы Tick Tock деп аталатын әнін айтты. Оның да қойылымы ерекше болды. Әншінің қасында адам бойымен бірдей алып доңғалақта кәсіби биші ән аяқталғанша үш минуттай билеп тұрды.

Байқаудың ең қызық тұсы кешке жеңімпаздардың есімдерін атау кезінде болды. Толмачевалардың жеңгені хабарланғанда жиналған жұрт ысқырып, айқайлап, бұл шешімге наразылық білдірді.

Көпшілік жұрт халықтың бұл реакциясы – Ресейдің Украинадағы әрекеттеріне қарсылық білдіруі деп түсінді. Оның үстіне байқаудың Данияда өтіп жатқанын, залға гейлердің көп жиналғанын ескерсек, бұл біржынысты некеге қатысты қатаң саясат ұстанып отыған Ресей басшылығына наразылық та болуы мүмкін.

(Финалға өткен Ресей ысқырыққа көмілді. Аудиторияңыздың 95 пайызы гей болса - осы. #Eurovision)

Финалға өткен Мария Яремчук отанына деген сүйіспеншілігін айтты. Баспасөз мәслихатында ол: «Мен – украинмын. Мұндағы іс-әрекетімнің бәрі Украина халқына арналады. Мен сахнада жалғыз тұрған жоқпын, артымда 46 миллион украин халқы тұр» деді.

Ал апалы-сіңлілі Толмачевалар «эмоциядан қатты толқып тұрғандарын» айтып, саяси пікір білдіруден бас тартты.

Финалға постсоветтік блоктан бес елдің өкілдері өтті. Олар - Черногория, Әзербайжан, Армения, Ресей және Украина. Австриялық қарсыласы Кончита Вурст туралы орынсыз пікір айтқаны үшін армениялық әнші Aram Mp3 көп сынға іліккен.

Twitter желісінде жазылып жатқан пікірлерге қарағанда, Eurovision-нің биылғы жеңімпазы дәл осы армян әншісі Арам болуы ықтимал. Мұндай жағдайда экономикасы әлсіз Армения әлемдегі ең шығыны көп байқауды өткізуге мәжбүр болады. Оның үстіне келер жылы бұл байқауға 60 жыл толады. Бірақ кейбіреулер бұл байқауда швед әншісі озық шығады деп болжайды.

Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG