Accessibility links

Украинаға «қара түнек» күндер қайта келді ме?


Бомба жарылысынан қаза тапқан журналист Павел Шереметтің автокөлігін зерттеп жатқан полиция қызметкері. Киев, 20 шілде 2016 жыл.

Бомба жарылысынан қаза тапқан журналист Павел Шереметтің автокөлігін зерттеп жатқан полиция қызметкері. Киев, 20 шілде 2016 жыл.

Киевте белгілі журналист Павел Шереметтің автокөлікке қойылған бомба жарылысынан қаза табуы жұртшылыққа төбеден жай түскендей әсер етті. Жаңарған Украина үшін бұл қылмысты ашу сынақ болғалы тұр.

Туған елі – Беларустағы саяси режимнің олқылықтарын әшкерелейтін журналистік материалдары үшін ірі халықаралық жүлделерге ие болған Павел Шеремет Қырымды аннексиялап алған Кремльдің саясатымен келіспей, Ресей телеарнасынан жұмыстан кеткен еді. Кейін Украинаға қоныс аударған ол Киевтегі үкіметке ұлтшылдықтың қаупі туралы ескертіп жүрген.

Шілденің 20-сы күні Киевте радиодағы таңғы шоу хабарына кетіп бара жатқанда көлігінде (алыстан басқарылған әлде таймер қойылған) бомба жарылып, адам құқықтары мен демократия үшін күресіп жүрген 44 жастағы журналист Павел Шеремет қаза тапты. Бұл оқиға тек бір адамның өмірін қиып қана қойған жоқ, бүкіл қоғамға қатты әсер етті.

Павел Шеремет қаза тапқан жерге марқұмды еске алушылар әкелген гүлдер мен журналистің портреті. Киев, 21 шілде 2016 жыл.

Павел Шеремет қаза тапқан жерге марқұмды еске алушылар әкелген гүлдер мен журналистің портреті. Киев, 21 шілде 2016 жыл.

Украин журналисі Екатерина Горчинская жалпы ахуалды «Украинаға сүреңсіз күндер қайтып келді» деп бір ауыз сөзбен сипаттады.

Жемқорлықпен күресіп жүрген саясаткер әрі билік партиясы атынан сайланған парламент депутаты Светлана Залищук бұл оқиғаны «әр украинға жасалған шабуыл әрі Донбастағы соғыс аймағынан тысқары жатқан бейбіт қоғамға соғыс жариялау» деп бағалады.

– Бұған мүлде сене алар емеспін. Жағымсыз түстен оянып, жаманат хабар болмағандай өмір сүре бергім келеді, - деді тағы бір депутат әрі Шереметтің досы, бұрынғы журналист Мұстафа Найем.

Полицейлер «жоғары кәсіби деңгейде жоспарланған» деп атаған жарылыс кезінде сол маңда болған қарт адамдар бұрынғы аласапыран заман қайта келгендей есеңгіреп қалған. Совет одағы тарағаннан кейінгі өліара кезеңде ойран салған қылмыстық топтарды есіне алған қария: «Мафияға ұқсайды, өте қорқынышты», - деді.

ЖАҢА ҮКІМЕТ ҮШІН СЫН САҒАТЫ

Бомба жарылғаннан кейін көп өтпей Киев аспанын қою бұлт торлап, нөсер жауды да, оқиға болған жердегі күл-қоқысты шайып кетті, ал қара түтін аспанда үрей шақырып біраз тұрды. Президент Петр Порошенко бұл қастандық «елдегі тұрақтылықты шайқау үшін жасалғанын, оның жалғасы болуы мүмкін» екенін ескертті.

Павел Шеремет – кісі қолынан қаза тапқан Украинадағы алғашқы журналист емес. Ол қызмет істеген «Украинская правданың» интернет-сайтының негізін қалаушылардың бірі болған, Грузиядан келген журналист Георгий Гонгадзені 2000 жылы әлдекімдер ұрлап әкетіп, азаптап өлтірген. Оның басы кесілген мәйіті арада бірнеше ай өткенде Киевтің шетіндегі орманнан табылып, тек биыл наурызда жерленді.

Украинада 2000 жылы қастандықпен өлтірілген оппозициялық журналист Георгий Гонгадзенің сүйегін жерлеу рәсімі. Киев, 22 наурыз 2016 жыл.

Украинада 2000 жылы қастандықпен өлтірілген оппозициялық журналист Георгий Гонгадзенің сүйегін жерлеу рәсімі. Киев, 22 наурыз 2016 жыл.

«Журналистерді қорғау комитеті» ұйымының деректеріне сүйенсек, 1992 жылдан бері Украинада алты журналист кәсібі үшін қаза тапқан, бұл қылмыстардың төртеуі әлі ашылған жоқ. Бұдан өзге жоғалып кеткен, соққыға жығылған немесе қорқыту-үркітуге тап болған журналистер де аз емес. Көбіне құқық қорғау органдары қылмыскерлерді тауып, жауапқа тарта алмаған.

Сондықтан, Шереметтің қазасы аса шешуші реформаларды қолға алып, ескі-жаңа үкіметтегі жемқорлыққа батқан лауазымды тұлғаларды аяусыз жазалап жатқан батысшыл үкімет үшін үлкен сынақ болғалы тұр.

Украина президенті қылмысты ашу үшін ресурстарды түгел жұмылдыруға пәрмен берді, бұл істе оларға АҚШ федералдық тергеу бюросы (ФБР) да көмекке келетін болды. «Тергеудің ашық жүргеніне мүдделіміз», - деді Порошенко.

Алайда әріптестеріне қастандық жасағандардың ешқашан табылмағанын білетін журналистер бұл істің ашылатынына да күмәнмен қарайды.

Қастандықпен өлтірілген журналист Гонгадзенің жесірі Мирослава Facebook-тегі парақшасына: «Георгийдің қазасына қатысты істі соңына жеткізеді деп көп үміттенген едім», - деп жазды. Ол Гонгадзе мен Шереметтің қазасының арасында көп ұқсастық бар деп есептейді.

ҰҚСАС ҚОЛТАҢБА

Кейбір сарапшылар Павел Шереметті өлтіргендердің «қолтаңбасы» Совет одағы тарағаннан кейінгі кезеңде үш журналисті өлтіргендердің стиліне ұқсайтынын айтады. Ол кезде қаскөйлер журналистердің бірін бетінен атса, екіншісін шоқпармен ұрған, ал үшіншісін бомбамен жарып жіберген.

– Өткен жылдан бері журналистерге қарсы шабуыл басталды, баяғы сүреңсіз күндер қайтып келді, - деді Азаттыққа берген сұхбатында Киевтегі Hromadske TV тәуелсіз телеарнасының атқарушы директоры Екатерина Горчинская.

Ол жақында болған журналистердің жеке мәліметтеріне қатысты оқиғаны мысалға келтірді. «Миротворец» деп аталған хакерлер тобы Шығыс Украинадағы сепаратистердің бақылауындағы аймаққа барып материал жинағандары үшін журналистерді «террористердің сыбайластары» деп айыптап, оларға қатысты жеке деректерді интернетте жариялаған. Украина ішкі істер министрі Арсен Аваковпен қоса басқа да лауазымды тұлғалар хакерлердің бұл әрекетін қолдады.

Суретші Олексий Кустовскийдің саяси карикатурасы.

Суретші Олексий Кустовскийдің саяси карикатурасы.

Бұған қоса Азат Еуропа/Азаттық радиосының Украин қызметі мен UA:First TV Channel телеарнасының «Схемы» деп аталатын бірлескен жобасына хабар әзірлейтін Михаило Ткач есімді журналистке шабуыл жасалды. Қылмыс жасалған сәт бейнекамераға түсіп қалғанына қарамастан, бұл іс әлі тергелген жоқ, қастандық жасаушылар жазаға тартылмады.

Киевте шығатын New Time журналына ықпалды олигархтар туралы материалдар жазатын Кристина Бердинских соңғы айларда өзін әлдекімдердің өлтіреміз деп бірнеше мәрте қорқытқанын айтады. Оған жіберілген SMS-хабарламалардың бірінде «Жақында Гонгадзенің қасында сенің ескерткішің тұрады» деп жазылған. Журналист Украина полициясы мен қауіпсіздік күштеріне арызданса да әлі ешқандай күдіктіге қатысты іс қозғалмапты.

Шереметтің қазасынан соң Кристина Бердинских «Тәртіп сақшыларына сенбеңдер» деген тақырыппен мақала жариялады.

«Журналисті күш құрылымдары емес, неғұрлым көп жариялау, әріптестердің қолдауы, басқа ақпарат құралдарының іс туралы көбірек жазуы ғана қорғай алатынын түсіндім», - деп жазды ол.

(Крис Миллердің материалы ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG