Accessibility links

«Таяныч» жеке кәсіподақ ұйымы жұмыс орнындағы әйел құқығын қорғау, соның ішінде әйелдерге төсек қатынасына мәжбүрлеу мақсатымен тиісу мәселесін зерттеді.

Азаматтық қоғам өкілдері Қырғызстанда жоғары оқу орнына түскенде, жұмысқа тұрғанда және қызметте жоғарылаған кезде көптеген қыздар мен әйелдердің сексуалдық қысымға ұшырайтынын айтады. Бірақ қырғыз қоғамында қалыптасқан моралдық-этикалық нормалар салдарынан әлгіндей әрекеттер туралы әйелдер ашық айта алмайды, өз құқын қорғап, сотқа дейін шағымдануға баратындар өте аз.

Eurasianet халықаралық онлайн басылым бетінде жарияланған журналист Әсел Қалыбекованың «Кездесу емес, сұхбатқа келді» деген мақаласында отандық журналист қыздардың шенеуніктерден сұхбат алуға барғанда да әлгіндей оқиғаларға жиі тап болатыны айтылған.

Сұхбат беріп отырған ер адамдардың әйелдерді қызмет міндетін атқарып отырған кәсіп иесі деп қарамай, оларға көңіл білдіріп, оңаша жерде кездесуді, т.б. ұсынатын кездері сирек емес. Қырғызстанда әйелге төсек қатынасы туралы емеурін білдіріп, сөз салу – қалыпты нәрсе саналады деп мәлімдейді мақала авторы. Бұл мақалаға байланысты әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас өрбіді.

БАҚ бетінде осы тақырыпты қозғаған Әселдің өзі түрлі себеп пен жағдайларды сылтау етіп, пікірталасқа қатысқан жоқ. Қызмет міндетін атқару кезінде ерлерден ерсі емеурін естіп-көргенін айтқан басқа журналист қыздар да аталған мәселе бойынша ресми пікір білдіруден бас тартты.

Тәжік молдасының «ем жасаған» әйелді аймалап тұрған сәті түсірілген әуесқой видеодан скриншот. (Көрнекі сурет)

Тәжік молдасының «ем жасаған» әйелді аймалап тұрған сәті түсірілген әуесқой видеодан скриншот. (Көрнекі сурет)

Ал бұрын ОТРК телеарнасында журналист болып істеген Лунара Мамытова кейде ер адамдардың көңіл білдіруіне қыздардың өздері себепкер болады деп санайды.

– Шенеуніктермен кездескенде ешқашанда қолайсыз жағдайға қалған емеспін. Әріптестерім де ондай жағдай жайлы айтқан емес. Мүмкін бұндай жағдай басынан өткендер бар шығар, бірақ бәрі журналист қыздың өзіне байланысты. Өзін сұхбатқа келгенде қалай таныстырып, қалай ұстады, соның бәрін ескеру керек, - дейді Лунара Мамытова.

«Таяныч» жеке кәсіподақ ұйымы Қырғызстанның оннан аса компаниясында жұмыс істейтін әйелдер арасында сауалнама жүргізген. Респонденттер – кафе, кондитер мекемелері, тігін цехтары, сауда орындары және басқа жұмыс орындарында еңбек ететін әйелдер.

Олардың бір бөлігі ерлердің әйелдің назарын өзіне бұруға дәмеленген кездері көп деп көрсеткен. Азаматтық қоғам өкілдері жұмысқа тұрғанда немесе қызмет мансабы өскенде ерлер тарапынан әйелдерге сөз айтып, етене жақын болғысы келген оқиғалар ондап, тіпті жүздеп кездеседі дейді.

«Таяныч» ұйымының жетекшісі Айсұлу Алымбекқызы «менталитет ерекшелігіне» байланысты әйелдер бұл жайында ашық айтпайды және ұлттық дәстүр де оған жол бермейді деп санайды. Әдетте, жапа шеккен әйелдің өзін кінәлі жасайды. Айсұлудың сөзінше, көптеген әйел бастарынан осындай оқиға өткенін айтқан, бірақ ешбірі «Таяныч» ұйымына ресми шағым бермеген.

– Кейбіреулері бұл жайында айтуға ұялады. Әдемі қыздарды еркінен тыс пайдаланған жағдайлар бар. Біз жүргізген сауалнамаға қатысқан 1200 әйел сұрақтарға анонимді түрде жауап берді. Олардың көбі заңды білмейді, өз құқықтарынан хабарсыз. Кафе-мейрамханаларда жас қыздар, 1-2 курс студенттері жұмыс істейді. Оларды күң сияқты жұмсайды, олар қожайындарынан қорқады. Дәмханаға келгендер ішкен тамағы мен сусындарына ақы төлемей кетсе, оны даяшылардың жалақысынан ұстап қалады. Сөйтіп, жалақы төлейтін мерзім келгенде, қолдарына ештеңе тимейді. Жұмыс берушіге шағымданса, ол «ұнамаса, кете бер» дейді. Жұмыс табу оңай емес, көбі осындай жағдайға көндігеді. Бірақ, өз құқықтарын қорғай алмайды, - дейді ол.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі қалалардың біріндегі кафе. (Көрнекі сурет)

Қырғызстанның оңтүстігіндегі қалалардың біріндегі кафе. (Көрнекі сурет)

Сауалнамаға қатысқан сегіз әйел өз басшылары оларды жыныстық қатынасқа мәжбүрлемек болғандарын айтқан. Тігін цехтарының ер қожайындары көбінесе тартымды әйелдерді жыныстық қатынасқа көндіру үшін түрлі амалдарды қолданады: келіссең – жалақыңды көтерем, келіспесең – жұмыстан шығарам дейді. Бұндай істің болғанын дәлелдеу өте қиын. Ал басшының айтқанына көніп, қызмет мансабы өрлегендер де аз емес.

Бұған дейін БАҚ бетінде Қырғызстан сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясының бұрын қызмет атқарған бір топ әйел жыныстық қатынасқа түсіру мақсатымен тиісті деп осы оқу орнының бұрынғы ректоры Жұмағұл Сааданбековты айыптаған ақпарат жарияланған еді. Сааданбековті қызметкерлердің біразын жұмыстан негізсіз шығарған деп кінәлаған.

Сааданбековтың өзі бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарып, қызметкерлер аттестациядан өтпеген соң жұмыстан шығарылған деп түсіндірген.

Қырғызстанда осындай жанжалдар жайлы әңгімелер мен қауесеттер көп айтылады, бірақ мұндай оқиғаның бұқараға жария болуы алғаш рет кездесіп отыр.

Бішкектегі шетелдік компанияның бірінде аудармашы болып істеген Элнура жұмысқа тұрған алғашқы айда-ақ өзінен көп жас үлкен компания басшыларының бірі оған ақша ұсынып, бірге түстік ішуге шақыра бастаған. Элнура әлгі бастықтың ұсынысын қабылдамай, ақыр соңында жұмыстан кетуге мәжбүр болған.

– Шетелдік компанияда аудармашы болып істедім. Ол маған қаржылай көмектесіп, түскі асқа шақырып жүрді. Тікелей басшым емес еді, басқа нысанды басқаратын. Университетті енді ғана бітірген қыз біраз ақша берсем келіседі деп ойлаған шығар, - дейді Элнура.

Әйелдер құқын қорғау жөніндегі сарапшы Нұржан Алымқанова қандай таңдау жасау – айтқанға көну немесе келіспеу қыздардың өз қолдарында дейді. Оның сөзінше, қоғамда сымбатты, қызмет жолы болғыш бойжеткеннің артында тұрған жебеушісі бар деген пікір қалыптасқан.

– Бәрі компанияға, оның қызметкерлері мен қыздардың өзіне байланысты. Кейбіреулер өзіне назар аударғанды қалап тұрады. Ондай қыздар да жетерлік. Барлығына ерлерді ғана айыптай берген дұрыс емес. Өкінішке қарай, қыз жас, ақылды және әдемі болса, үлкен табысқа жетіп жатса, көпшілік оны біреу қолдап отыр деп шығады. Мұндай пікірмен келіспеймін. Журналистикада, саясат пен басқа салаларда ешкімнің қолдауынсыз, өз еңбегімен табысқа жеткен таныстарым, құрбыларым көп, - дейді ол.

Бірақ Нұржан Алымқанова Қырғызстанда әйелдерге жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп, психологиялық қысым жасалғанын дәлелдеу қиын екенін айтады.

– Әйелдерді сексуалдық қатынасқа түсіру үшін алдап-арбау тек Қырғызстанда ғана бар жағдай емес. Батыс елдерінде де ондай жайттар кездеседі. Ерлердің шовинизмі туралы түрлі журналдардан көп оқыдым. Дамыған елдер оған тойтарыс бере алады. Ал білімге көңіл бөлмейтін, нашар дамыған елде ондай жағдай адамның түйсігіне тәуелді. Қырғызстанда дәл осындай жағдай үшін адамды бірден жұмыстан шығаратын бірнеше компания бар. Өкініштісі, тіпті журналист қыздардың өздері ондай жайттарды үн-түнсіз қоя салуды жөн санайды. Қысқасы, бұндай әрекеттерді жарияламайды, - дейді Нұржан Алымқанова.

Әйткенмен, сирек болса да, көмек сұрап келетін қыздар да кездеседі. «Сезім» дағдарыс орталығының заңгері Ракия Рақматова былай дейді:

– Бізге жәрдем сұрап келушілердің бірі өзі жұмыс істейтін фармацевтикалық компанияның қожайыны «егер қарсы шықсаң, жұмыстан қуамын» деп ашық айтқанын жеткізді. Көптеген жағдайлар жасырын қалады, оларды дәлелдеу қиын. Жас арулар үлкен компанияларда жұмыс істегісі келеді. Кейде соны пайдаланады. Қайткенде қаладан жұмыс табуды армандаған аймақтардан келген қыздар кейде әлгіндей қатынасқа келіседі, бірақ ол туралы тіпті туыс-туғанына да айтып, шағымданбайды, - дейді заңгер.

Сарапшылардың пікірінше, көбінесе ер адамдар даяшы, хатшы, жоғары лауазымды жетекшілердің көмекшісі, стюардесса, тігін цехында және басқа мамандықта істейтін қыздар мен әйелдерден өздерімен төсек қатынасына баруды талап етеді. Оны дәлелдеу қиын болғандықтан, бұл жемқорлықтың көзге көрінбейтін саласына айналып барады. «Таяныч» жеке кәсіподақ ұйымы бұл мәселені зерттеуді ары қарай жалғастырмақ.

Қырғызстанда әйелдерді жұмыс орнында сексуалдық сипаттағы ерсі әрекеттер мен қысымнан қорғайтын заң бар. Бірақ бұл заң іс жүзінде қолданылған емес. Кейбір елдерде мұндай іс-әрекетке барғаны үшін ерлерді түрмеге отырғызған оқиғалар бар.

(Қанымгүл Элкееваның мақаласын орысшадан аударған – Динара Әлімжан.)

XS
SM
MD
LG