Accessibility links

Ресей әлем чемпионатына қалай дайындалады?


Мәскеуде 1956 жылы салынған «Лужники» стадионы футболдан әлем чемпионатына дейін қайта жөндеуден өтеді.

Мәскеуде 1956 жылы салынған «Лужники» стадионы футболдан әлем чемпионатына дейін қайта жөндеуден өтеді.

Футболдан әлем біріншілігі аяқталысымен жұрт назары 2018 жылы келесі чемпионат өтетін Ресейге ауды. «Ресей бұған қанша ақша жұмсайды?» деген сауалды қазірден қойып жатыр.

2014 жылғы әлем чемпионаты 13 шілде күні аяқталды. Финалда Германия Аргентинаны қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңді. Ресей президенті Владимир Путин финалды Германия канцлері Ангела Меркель және халықаралық футбол федерациясы (FIFA) президенті Зепп Блаттердің қасында отырып тамашалады.

2018 жылы футболдан әлем чемпионатын өткізу құқын 2010 жылы жеңіп алған Ресей Шығыс Еуропада әлемдік футбол жарысын өткізетін алғашқы ел атанбақ. Азаттық тілшісі келесі әлем чемпионатына қатысты сауалдарға жауап іздеп көрді.

РЕСЕЙДІҢ ҚАЙ ҚАЛАСЫНДА ӨТЕДІ?

Жоспар бойынша, жарыс Ресейдің еуропалық бөлігінде өтпек. Мәскеу, Санкт-Петербург, Калининград, Нижний Новгород, Саранск, Волгоград, Сочи, Екатеринбург, Қазан, Самара мен Дондағы Ростов сияқты 11 қала қонақтарды қарсы алмақ.

Жеребе тартқан ФИФА бас хатшысы Жером Вальке "Ресей" деген жазу ұстап тұр. Желтоқсан, 2013 жыл.

Жеребе тартқан ФИФА бас хатшысы Жером Вальке "Ресей" деген жазу ұстап тұр. Желтоқсан, 2013 жыл.

12 стадионның екеуі Ресей астанасында орналасқан. Кейбір стадиондар қазірден дайын – Сочидегі Фишт стадионы 2014 жылғы олимпиадаға орай салынды. Бірақ басқалары ФИФА стандартына сай болу үшін қайта жабдықталады немесе жаңадан салынады.

Мәскеудегі "Лужники" стадионы 1956 жылы салынған еді, 1980 жылы олимпиада ойыны негізінен сонда өтті. Қазір оны 800 миллион долларға толықтай жаңалап жатыр. Стадионның тек сырт келбеті ғана сақталады.

ОЙЫНДЫ ТАМАШАЛАУ ҚОНАҚТАРҒА ҚИЫНҒА ТҮСПЕЙ МЕ?

Ресей спорт министрі Виталий Мутко 12 шілде күні «Әлем чемпионатына билет алған кез келген адам Ресейге төлқұжатымен кіре береді» деп мәлімдеп, Ресейдің виза талап етпейтінін айтты.

«Лужники» стадионындағы жұмысшылар. Мәскеу, 12 шілде 2014 жыл.

«Лужники» стадионындағы жұмысшылар. Мәскеу, 12 шілде 2014 жыл.

Ойын өтетін қалалардың ара қашықтығы едәуір, Санкт-Петербургтен батыстағы Калининградқа дейін, оңтүстіктегі Сочиден шығыстағы Екатеринбургке дейін созылып жатыр.

Мутко Мәскеу мен Қазан арасында жылдамдығы жоғары жүрдек пойыздар қатынасы қолға алынатынын айтты. Сондай-ақ, Ресейде ойын кезінде пойыз немесе автобуспен жүру тегін болады деп уәде берді.

ДАЙЫНДЫҚТЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Сочидегі олимпиада ойынына Ресей 51 миллиард доллар жұмсадық деді. 2018 жылғы футболдан әлем чемпионатына да бастапқы межеден артық шығындалмақ тәрізді. Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев 20 миллиард доллар бөлеміз деді, бұл 2010 жылы Владимир Путин атаған сомадан екі есе көп.

Сочидегі Олимпиада ойындарының жабылу шарасы «Фишт» стадионында өтті. 23 ақпан 2014 жыл.

Сочидегі Олимпиада ойындарының жабылу шарасы «Фишт» стадионында өтті. 23 ақпан 2014 жыл.

Сайысқа көп шығындалды деп қатты сынға қалған Бразилия небәрі 11 миллард доллар бөлген – бұл Ресей жұмсағалы отырған сомадан әлдеқайда аз. Стадиондарды қайта жөндеу мен жаңадан салу құнын олар Бразилиямен салыстырғанда 50 пайызға артық бағалап отыр.

Цюрих университетінің сарапшылары Мартин Мюллер мен Даниэль Вульфтің есебі бойынша, әр орынның бағасы 11600 доллардан айналмақ. Сол стадиондардың көбі болашақта артық өндірістік қуаттан зардап шегуі мүмкін. Себебі, ойынға ерекше көңіл бөлінген уақыттан басқа кезеңде ресейлік футболшылар ол стадионды толтыра алмайды.

ЖАРЫСТЫ БАСҚА ЕЛГЕ АУЫСТЫРУДЫ СҰРАҒАНДАР БАР МА?

ФИФА жетекшісі Зепп Блаттер (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Рио-де-Жанейро, Бразилия, 13 шілде 2014 жыл.

ФИФА жетекшісі Зепп Блаттер (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Рио-де-Жанейро, Бразилия, 13 шілде 2014 жыл.

Иә. Ресей Қырымды аннексия жасап, шығыс Украинадағы бүлікке себепкер болған соң АҚШ-тың екі сенаторы – республикалық партия өкілі Дэн Коутс (Индиана штаты) пен Марк Кирк (Иллинойс) FIFA ұйымына хат жазып, «2018 жылы Ресейде әлемдік жарыс өтпесін және Ресей 2014 жылғы чемпионатқа қатыспасын» деп сұрады.

Оған қоса, change.org сайты Ресейдегі гейлерді насихаттауға қарсы заңға қатысты ойынды басқа елде өткізуді сұрады. Оны 74 мың адам құптады, олардың ішінде британ актері және ЛГБТ құқын қорғаушы Стивен Фрай да бар.

FIFA РЕСЕЙДЕН БАСҚА ЕЛДІ ТАҢДАУЫ МҮМКІН БЕ?

Ол жағы екіталай. FIFA сенаторлардың ұсынысын қабылдамады, ойын командалары үкіметтің әрекетіне жауапты емес, себебі олар «футбол ойыны деп аталатын пирамидалық құрылымнан тысқары» деді. Ол бұрын-соңды болмаған оқиға саналар еді.

РЕСЕЙЛІКТЕР ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ ТУРАЛЫ НЕ ОЙЛАЙДЫ?

Қоғамдық пікірді зерттейтін бүкілресейлік орталық (ВЦИОМ) Ресей тұрғындарының 54 пайызы 2014 жылы әлем чемпионатын көруді жоспарламағанын анықтады. Респонденттердің 19 пайызы ғана матчты үздіксіз көреміз десе, 22 пайызы тек ресейліктер ойынын көретінін айтқан. Үш пайызы әлем чемпионаты туралы ештеңе білмейді.

Ресей мен Бельгия құрамаларының футбол матчында «Қош бол, Ресей» деген жазуы бар планшет ұстаған жанкүйер. «Маракана» стадионы, Рио-де-Жанейро, 22 маусым 2014 жыл.

Ресей мен Бельгия құрамаларының футбол матчында «Қош бол, Ресей» деген жазуы бар планшет ұстаған жанкүйер. «Маракана» стадионы, Рио-де-Жанейро, 22 маусым 2014 жыл.

2018 жылғы ойынға қатысты дерек аз, бірақ Цюрих университеті сауалнама алған ресейліктер оған айтарлықтай қуаныш білдірмейді. «Әлем чемпионаты мені еш толғандырмайды» дейді Сочидің бір тұрғыны. «Ол жайында ойлауға әлі ерте. Олар бұрын салған ғимараттарды қолданатынына қуаныштымын. Бізге енді құрылыс жұмыстары керек емес».

Санкт-Петербургтегі «Зенит» футбол командасының белгісі бар мойын орамалды таққан орта жастағы әйел: «Стадион салу – олигархтар мен бюрократтардың ақша қымқыруына арналған амал екенін екінің бірі біледі» дейді. Православтық дін қызметкері Александр Шумский бұл спорт түрін «гомосексуалдардың жиіркенішті әрекеті» деп атап, ойыншылардың түрлі-түсті аяқ киім кигенін меңзеді.

Люк Джонсонның мақаласын аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG