Accessibility links

Forbes: Қазақстан байларының дәулеті ортайды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жиынында сөйлеп отыр. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жиынында сөйлеп отыр. (Көрнекі сурет)

Forbes тізіміндегі Қазақстан байларының табысы кеміді. Биыл әлемдегі байлар саны да, олардың жиынтық байлығы да азайған. Forbes жаңалығы Facebook негізін қалаушы Марк Цукерберг болып отыр.

Forbes журналы жариялаған 2016 жылғы әлемдегі ең бай адамдар тізіміндегі қазақстандық бес миллиардердің табысы кеміген. Өткен жылғы рейтингте қазақстандық бизнесмендердің табысы көбейіп, рейтингтері де жоғарылаған еді. Биылғы тізімде бизнесмен Болат Өтемұратов 771-орында, Динара Құлыбаева мен Тимур Құлыбаев 906-орында, Алиджан Ибрагимов және Владимир Ким 1198-орында тұр.

Forbes мәліметінше, 2015 жылы 2,6 миллиард доллар болған Өтемұратовтың табысы биыл 2,3 миллиард деп көрсетілген. Ол өткен жылы тізімде 714-орында болған еді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (төменгі қатарда) шетелдік инвесторлармен және күйеубаласы Тимур Құлыбаевпен (екінші қатарда жалғыз тұр) түскен суреті. Астана, 18 мамыр 2011 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (төменгі қатарда) шетелдік инвесторлармен және күйеубаласы Тимур Құлыбаевпен (екінші қатарда жалғыз тұр) түскен суреті. Астана, 18 мамыр 2011 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың әрқайсысының жеке табысы былтырғыдан сәл азайып, 2 миллиард доллардан деп көрсетілген. Өткен жылы олардың әрқайсысының байлығы 2,1 миллиард доллардан деп есептеліп, 894-орында тұрған еді.

ERG (ENRC) корпорациясы иелерінің бірі Алиджан Ибрагимовтың табысы 2,2 миллиард доллардан 1,5 миллиард доллар болып, яғни 700 миллионға азайған. Ибрагимов өткен жылы 847-орында тұрған болатын.

Өткен жылы 1,8 миллиард доллармен 1054-орында тұрған мыс магнаты Владимир Кимнің табысы да биыл азайып, тізімде 1,5 миллиард доллар деп көрсетілген.

ГЕЙТС ТІЗІМ БАСЫНДАҒЫ ОРНЫН БЕРМЕГЕН

Журнал биыл да әлемдегі ең бай адам деп Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтсті атады. Оның табысы өткен жылғы 79 миллиард доллардан 75 миллиардқа азайғанына қарамастан әлемдегі ең бай атағын сақтап қалған. Одан кейінгі әлемдегі ең бай адамдар тізімінде Zara компаниясының негізін салушы, 67 миллиард доллар байлығымен Амансио Ортега тұр. Үшінші орында 60,8 миллиард доллар байлығымен инвестор Уоррен Баффет тұр.

Биыл әлемдегі ең бай 10 адамның тізіміне Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаған Марк Цукерберг (44,6 миллиард доллар) пен Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос (45,2 миллиард доллар) кірген.

Болат Өтемұратовтың Назарбаевпен селфиге түскен видеосы (2015 жылдың қазан айында түсірілген):

Forbes тізімінде биыл байлар саны да, олардың біразының (892 миллиардер) байлығы да кеміген. 2015 жылмен салыстырғанда журналда байлар саны 16-ға кеміп, 1810 болған. Миллиардерлер байлығының жалпы сомасы 570 миллиард долларға азайып, 6,48 триллион доллар болған. Әлемдегі байлар саны мен олардың табысы 2010 жылдан бері бірінші рет азайып отыр.

Forbes тізіміндегі 66 миллиардердің жасы 40-қа толмаған. 221 адам миллиардерлер тізімінен шығып қалып, жаңадан 198 адам қосылған.

Журнал тізіміне өткен жылдан бастап азаматтығы Израиль деп енген, ERG корпорациясы иелерінің бір Александр Машкеевичтің де табысы 2,2 миллиард доллардан 1,5 миллиард долларға азайғаны көрсетілген. Өткен жылы 847-орында тұрған Машкеевич 1198-орынға түскен. ERG корпорациясы иелерінің бірі, тізімге Бельгия азаматы ретінде енген Патох Шодиевтің табысы өткен жылғы 2 миллиард доллардан 1,4 миллиардқа азайған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG