Accessibility links

Charlie Hebdo шабуылына күдіктілер атыста өлді


Даммартен-ен-Гоэльдегі күдіктілер жасырынған маңда жүрген полицейлер. Франция, 9 қаңтар 2015 жыл.

Даммартен-ен-Гоэльдегі күдіктілер жасырынған маңда жүрген полицейлер. Франция, 9 қаңтар 2015 жыл.

Париждегі Charlie Hebdo журналына жасалған шабуылға күдіктілер - ағайынды Шериф пен Саид Куачидің арнайы операция кезінде мерт болғаны хабарланды.

Франция басылымдарының мәлімдеуінше, ағайынды күдіктілер Шериф пен Саид Куачи 9 қаңтарда Парижден солтүстік-шығысқа қарай 35 шақырым жердегі Даммартен-ен-Гоэль аймағында болған арнайы операция кезінде полиция оғына ұшқан.

Полиция қаңтардың 7-сінде Парижде Charlie Hebdo сатиралық журналына шабуыл жасады деген күдікке ілінген ағайынды Шериф пен Саид Куачилерді үш күннен бері ұстай алмай жүрген. Күдіктілердің бүгін Даммартен-ен-Гоэль қаласындағы баспахана қоймасына бекініп алғаны белгілі болған соң ол маңды полиция көлігі қоршап, тікұшақтар шолып, көршілес аудандардың тұрғындарына көшеге шықпау ескертілген. Кешке таман Кучилер жасырынған ғимарат маңында атыс және жарылыс дауысы естілген.

Қаңтардың 7-сінде Парижде Charlie Hebdo сатиралық журналы редакциясына автоматпен қаруланған үш адам шабуылдап, соның салдарынан 12 адам қаза тапқан, 11 адам жараланған. Мерт болғандар қатарында журналдың шеф-редакторы Стефан Шарбонье, карикатуристер Жан Кабу, Жорж Волынски, Бернар Верлак пен екі полицей болған. ​

Тергеу деректері бойынша, ол шабуылға күдіктілер Шериф Куачи мен Саид Куачи - "радикалды исламшыл содырлар, олар журналдың Мұхаммед пайғамбарды карикатуралағаны үшін кек қайтарған".

Журналға шабуыл жасалған күннің ертеңінде, 8 қаңтарда Парижде қарулы ер адам мен полиция атысып, екі полицей мерт болған.

Бүгін Парижде тағы бір қарулы ер адам дүкендердің бірінде кемінде бес адамды кепілге алған еді. Кейін оның өзі өлтіріліп, кепілдегі адамдар босатылды.

Франция Charlie Hebdo сатиралық журналына жасалған шабуылды теракт деп бағалап, қаңтардың 8-ін аза тұту күні ретінде жариялаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG