Accessibility links

Қаңтардың 9-ы күні Франция соты қазақстандық оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты Ресейге немесе Украинаға экстрадициялау туралы үкім шығарды.

Францияның Экс-ан-Прованс қаласының соты Ресей мен Украинаның қазақстандық қуғындағы олигарх, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырды. Сот шешіміне сәйкес Әблязов осы екі елдің біріне жөнелтілуі мүмкін. Судья экстрадициялауға қатысты Ресейге басымдылық берілетінін мәлімдеді.

Сот Әблязовтың қорғаушыларына Ресейге экстрадициялау бойынша апелляциялық шағым беру үшін 7 күн, Украина бойынша 5 күн уақыт берді.

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға шығып кетті.

2011 жыл - Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оппозициялық тұлғаға Ұлыбритания саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов бұл істердің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Осы жылы Қазақстан Ұлыбританияға Әблязовті экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон жоғарғы соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бұл елден де кетіп қалып, бой жасырып жүрді. Қараша айында Лондон соты Мұхтар Әблязовтен БТА банк пайдасына 2,1 миллиард АҚШ долларын өндіріп алу туралы үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияның оңтүстігінен табылып, Украина сотының талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялау туралы үкім шығарды. Сәуірде Францияның кассациялық соты экстрадициялау туралы үкімді тоқтатып тастады. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьер-министрі Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Францияның мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы күні Мұхтар Әблязов абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Мұхтар Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген жаңа айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. Коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросы 2017 жылы оны тергеуге шақырды. Әблязов келмеді.


50 жастағы Әблязов былтырғы шілде айында Канн қаласына жақын Ривьера курорттық аймағында ұсталып, содан бері франциялық құқық қорғау орындарының қамауында отыр.

Оны сотқа тартқысы келетін Қазақстан Франциямен тұтқындарды экстрадициялау туралы келісім-шарт жасаспаған.

Бірақ Украина мен Ресей оны экстрадициялау туралы өтінішті қатар түсірген.

Әблязовтың заңгері сот шешіміне қатысты апелляциялық шағым түсіретінін айтады.

Бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік, қуғындағы олигарх және оппозициялық тұлға Қазақстандағы БТА банкті басқарып тұрған кезде 6 миллиард АҚШ долларын қаржылық алаяқтық жасау арқылы жымқырды деп айыпталады.

Әблязов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл істен саяси астар көреді.

Былтырғы желтоқсан айында соттан Әблязовты қаржылық алаяқтық бойынша Украинаға экстрадициялауды сұраған франциялық прокурор оны диссидент емес, "ірі қылмыскер" ретінде тануға шақырған.

Бірнеше жыл бойы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көпке белгілі саяси дұшпанына айналған Әблязовқа қатысты кең ауқымдағы іздеу шаралары жасалып келген еді. Сондай операциялардың бірі ретінде олигархтың Италияда тұратын әйелі мен қызы Қазақстанға күшпен қайтарылған.

Былтырғы желтоқсанның соңында оның отбасы мүшелерін Қазақстан билігі Италияға кері қайтарды, ал кезінде экстрадициялау ісіне септескен италиялық билік орындары бұл әрекеті үшін қатаң сынға ұшырады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG