Accessibility links

Ниццадағы шабуылда қаза тапқандар 80-нен асты


Шілденің 14-і күні Францияның Ницца қаласында жүк көлігінің жүргізушісі Бастилияның алынған күнін тойлап жатқан жұртты таптап өтті. Ниццадағы шабуылдан 84 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланды.

Жүк таситын көлікке мінген жүргізуші Ниццадағы әйгілі Ағылшын жағалауында Бастилияны алу күні мерекесінде отшашуды (салют) тамашалап тұрған қалың жұртқа келіп кірген, екі километрдей жерде тұрған халықты таптап өткен.

Ницца мэрі Кристиан Эстрозидің мәлімдеуіне қарағанда, көлік жүргізуші ер адам жұртқа оқ жаудырған. Оны полиция атып өлтіргеннен кейін көліктен қару-жарақ пен гранаталар табылған. Эстрози "Бұл қаламыздың тарихындағы ең жантүршігерлік қасірет болды. 70-тен көп адам өлді" дейді.

Ниццадағы шабуыл орнында жүрген француз полициясы. 14 шілде 2016 жыл.

Ниццадағы шабуыл орнында жүрген француз полициясы. 14 шілде 2016 жыл.

Шабуылдан кейінгі бірнеше сағатта көшеде ондаған мәйіттер жатты. Олардың бетін ақ матамен жауып қойған. Париж прокуратурасы шабуыл бойынша терроризм оқиғасын тексеру шарасы басталғанын хабарлады.

Ел билігі теракт жасаған адамның кім екені анықталғанын хабарлады. Ол - Тунисте туып-өсіп, бірнеше жыл бұрын Францияға келген 31 жастағы Мохамед Лахуж-Бохлель есімді азамат. Тергеу дерегінше, жүк көлігін жүргізетін Лахуж-Бохлель бір айдай уақыт бұрын төбелеске қатысқаны үшін полицияға шақыртылған. Франция барлау қызметі оның терроризмге қатысы бар деп іс қозғаған.

Әзірге ешқандай террористік топ шабуылды мойнынан алған жоқ.

Қала тұрғындарына үйден шықпау ескертілген. Франция президенті Франсуа Олланд "шабуылдың анық террористік әрекет" екенін мәлімдеді. Олланд "бұл - француз жерінде бір жарым жыл ішінде болған үшінші теракт" деген.

Олланд таңертең телеарна арқылы жасаған үндеуінде "Франция жантүршігерлік оқиға куәсі болды, ондаған адамды таптау үшін жүк көлігін мініп келу - жауыздық. Франция бұл жанкештілерді талқандайды. Терроризм алдында шегінбейміз. Ирактағы және Сириядағы әрекеттерімізді, бізге өз жерімізде шабуыл жасағандарға соққыларымызды күшейтеміз" деген.

АҚШ президенті Барак Обама Twitter-де бұл оқиғаны «жантүршігерлік теракт» деп атап, қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты. Ол Ақ үй «шабуылды тексеруге, айыптыларды жазалауға барлық көмегін аямайтынын" жазған.

Астана Ниццадағы террорлық шабуылды айыптайды. Қазақстан сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде «Біз Ниццадағы терактіні қатаң айыптаймыз. Франция халқына көңіл айтамыз. Терроризм — әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген қатер" деп жазылған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі таңертең Twitter арқылы Ниццадағы шабуылдан қаза тапқандар арасында қазақстандықтар бар-жоғын анықтап жатқандарын, әзірге қазақстандықтар зардап шеккені туралы мәлімет жоқ екенін хабарлады.

Жұртты таптап өткен жүк көлігі. Ницца, 14 шілде 2016 жыл.

Жұртты таптап өткен жүк көлігі. Ницца, 14 шілде 2016 жыл.

Сегіз ай бұрын Франция мен Бельгияда "Ислам мемлекеті" (ИМ - Қазақстанда тыйым салынған) содырлар ұйымы жасаған шабуылдан 130 адам қаза тапқан еді. Алайда кейінгі айларда Еуропада терактілер болмаған, футболдан Еуропа біріншілігі тыныш өткен.

Бастилияны алған күн мерекесі қарсаңында Францияда қауіпсіздік шаралары күшейтілген еді. Парижде өткен дәстүрлі шерудің қауіпсіздігін 11 мың 500 полиция қызметкері қамтамасыз еткен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG