Accessibility links

Парижде Курамшинге аталған сыйлық табысталды


Құқық қорғаушы Вадим Курамшин Азаттық бюросында. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин Азаттық бюросында. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.

Қамаудағы құқық қорғаушы Вадим Курамшин Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлықтың иегері атанды. Курамшиннің орнына сыйлықты алуға Францияға оның анасы мен інісі барды.

Желтоқсанның 5-і күні кешке Парижде Людовик Трарье атындағы халықаралық құқық қорғау сыйлығын иеленген қазақстандықтың есімі ресми түрде аталып, табыс ету салтанаты өтті.

2013 жылғы сыйлықтың иегері - қазақстандық құқыққорғаушы Вадим Курамшин. 1984 жылы құрылған белгілі француз адвокаты Людовик Трарье атындағы сыйлық Нельсон Мандела мен Чжоу Гоцян сияқты әлемдік деңгейде танылған қайраткерлерге де берілген. Қазақстандағы түрмеде жазасын өтеушілердің құқығын қорғаушы ретінде танылған белсенді Вадим Курамшин 2012 жылы желтоқсанда «бопсалау» деген айып бойынша 12 жылға сотталған еді. Азаттық Курамшинге халықаралық сыйлық тапсырылған күні оның зайыбы Екатеринамен сөйлесті.
Біз де, Вадимнің өзі де халықаралық деңгейде қолдау тапқанына өте қуаныштымыз.

- Францияға сыйлықты алуға Вадимнің анасы – Ольга мен інісі – Олег ұшып кетті. Біз де, Вадимнің өзі де халықаралық деңгейде қолдау тапқанына өте қуаныштымыз. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен қолдау, күш беретін жайт, - деді Азаттыққа Екатерина Курамшина.

Екатерина күйеуін соңғы рет биылғы маусым айында көрген, келесі қысқа мерзімді – 2 сағаттық кездесу желтоқсанның аяғында өтуі тиіс екен.

- Ұзақ мерзімді – 3 күндік кездесу келесі жылғы наурыз айында болуы тиіс. Вадимге айына бір рет телефонмен хабарласып тұруға рұқсат, екі аптада бір рет хат алысып отырамыз, - деді Екатерина.
Вадим Курамшин түрмеде жазасын өтеушілердің туыстарымен кездесіп тұр. Астана, 1 сәуір 2011 жыл
Вадим Курамшин түрмеде жазасын өтеушілердің туыстарымен кездесіп тұр. Астана, 1 сәуір 2011 жыл

Вадим Курамшин 2012 жылғы желтоқсанның 7-і күні «бопсалау» айыбы бойынша 12 жылға сотталған. Қазір ол жұрт «Жамансопка» деп атап кеткен тәртібі қатал ЕС 164/4 түрмесінде отыр.

Биыл қазақстандық бірнеше құқық қорғау ұйымы Курамшинді саяси тұтқын деп таныды. Ол еркіндікте жүргенде түрмедегі тұтқындардың құқығын белсенді түрде қорғап келді.

Биыл жазда Женевада бас қосқан 29 еуропалық заңгерден тұратын жюри қазақстандық Вадим Курамшинді Людовик Трарье сыйлығына лайық деп тапқан болатын.

Ұйымның баспасөз мәлімдемесінде: «Вадим Курамшин Қазақстандағы сотталғандардың өлімі мен оларға қатысты зорлықты зерттегені, түрмедегілердің құқығын қорғағаны үшін марапатталады» деп жазылған.

1984 жылы құрылған Людовик Трарье атындағы құқық қорғаушы сыйлығы «ұлтына немесе заңдық қызметіне қатыссыз қызмет барысында адам құқығын қорғаған, заңның басымдылық қағидаларын алға жылжытқан, сол сияқты нәсілшілдікпен және қатыгездіктің кез-келген түрімен күрескен адвокатқа» беріледі. Бұл марапат француз құқық қорғаушысы, 1898 жылы «Адам және азамат құқығын қорғау лигасын» құрған Людовик Трарьенің (1840-1904) құрметіне аталған.

Алғашқы сыйлық 1985 жылы Нельсон Манделаға берілген.

Сыйлықтың ұйымдастырушыларының қатарында Бордо, Париж, Брюссель мен Римдегі адвокаттық палаталар және адам құқықтары институттары, Берлиннің заңгерлер ассоциациясы, Люксембургтің адвокаттар коллегиясы және Польшаның ұлттық адвокаттар палатасының өкілдері бар.
XS
SM
MD
LG