Accessibility links

Исламнан қорықпауға шақырған суреттерге тыйым салынды


«Біз де ұлтпыз» атты шараның Жак-Луи Давидтің «Теннис залындағы ант» картинасына ұқсас етіп салынған бір баннері.

«Біз де ұлтпыз» атты шараның Жак-Луи Давидтің «Теннис залындағы ант» картинасына ұқсас етіп салынған бір баннері.

Париж қаласында жоспарлаған «мұсылмандарға деген теріс көзқарасты өзгерту» шарасына тыйым салынып, мұсылмандар құқығына қатысты жаңа даудың шеті көрінді.

Францияның исламофобиямен күресетін қоғамдық ұйымы (ССІF) Париж қаласында «Біз де ұлтпыз» ("Nous sommes la Nation") атты шара ұйымдастыруды жоспарлаған.

Осы шара арқылы мұсылмандар «Франциядағы исламнан қорқумен күресіп», «мұсылмандарға қатысты теріс пікірді өзгертуге» тырыспақ болған.

КЕЛІСПЕУШІЛІК

Франциядағы қоғамдық көліктер мен метро, әуежай, аялдамалардағы жарнамаға жауап беретін мемлекеттік Media Transports агенттігі суреттердің астарында «саяси және діни көзқарас жатыр» деген себеппен бұл плакаттарды Париж метросына ілуге тыйым салды.

Ал суреттерді дайындаған CCIF қоғамдық ұйымының өкілдері агенттіктің бұл тыйымымен келіспейді. Белсенділер «Бұл секталық шара емес, біздің мақсат - француз азаматтарының дініне қарамастан тең дәрежелі екенін көрсету» дейді.

CCIF ұйымы соңғы уақытта Францияда мұсылмандарды кемсіту оқиғаларының көбейгенін айтады. Ұйымның пікірінше, «сондықтан исламға қатысты теріс көзқараспен мемлекеттік органдар да күресуі керек».

Жак-Луи Давидтің "Tеннис залындағы ант" картинасы.

Жак-Луи Давидтің "Tеннис залындағы ант" картинасы.

CCIF ұйымы Париж метросында үш түрлі плакат ілмек болған.

Біріншісінде хиджаб киген әйел екі баланы жетектеп бара жатыр. Бұл плакатта «Француздық жаңа отбасы – 2012» деп жазылған.

Екінші плакатта хиджаб киіп, бетін бүркеген әйел бейнеленген.

Үшінші баннер Жак-Луи Давидтің «Tеннис залындағы ант» картинасына ұқсас: оранған әйелдер, православ шіркеуінің адамдары, ортадоксальды еврейлер бар. Көп адам бейнеленген бұл плакатқа Франция туы да салынған.

Media Transport агенттігі «плакаттарда Франция туы мен «Біз де ұлтпыз» ұраны дұрыс қолданылмаған» дейді.

Плакатты дайындаған CCIF ұйымының өкілі Марван Мухаммадтың айтуынша, «Францияда мұсылмандарды кемсіту әрекеттері 50 пайызға өскен».

- 2011 жылы мұсылмандарды қорлау және кемсітуге қатысты 298 акт толтырылған. Оның 80 пайызы - әйел мұсылмандарды кемсіту, - дейді ұйым өкілі.

ЕУРОПАДАҒЫ ИСЛАМ ДІНІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ

Еуропалық мұсылман қауымының діни сенім-нанымына қатысты шеттетілуі туралы деректер халықаралық ұйымдар тарапынан бұған дейін бірнеше рет сыналған еді.

2012 жылы сәуірде Amnesty International («Амнести интернэшнл») ұйымы «Еуропадағы мұсылмандарды кемсіту: таңдау мен жаңсақ пікір» деп аталған зерттеуінде Бельгия, Франция, Голландия, Испания мен Швейцариядағы мұсылмандар жағдайына назар аударған. Ұйым Еуропада мұсылмандардың жұмысқа тұруы мен оқу мәселесі қиындағанын мәлімдеген.

2012 жылы Германияда балаларды сүндеттеуге қарсылық өршіді. Кельн қаласының жергілікті соты «ұл балаларды сүндеттеу - бала денесін жарақаттау» деген шешім шығарған. Сот «ата-ананың діни парызын орындауға деген құлшынысынан бала құқығы жоғары тұрады» деген пайымға сүйенген. Бұл шешім төрт миллионға жуық мұсылман мен жүздеген мың еврей тұратын Германияда наразылық тудырды.

2010 жылы Франция үкіметі қоғамдық орындарда мұсылман әйелдерінің бет-жүзін жауып тұратын киіммен жүруіне тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Үкімет «Ниқаб – Францияның ұлттық дәстүріне қайшы» деді. Осы жылы Бельгия да хиджаб мен ниқаб киюге тыйым салатын заң қабылдаған.

2009 жылы Голландияда малды діни жолмен союға тыйым салған заң ел парламентінде бірінші оқылымда қабылданды. Голландия мұсылмандары бұл заң жобасының діни салттарға қарсы екенін айтып айыптады.

(Мақаланы жазуда Азаттық тілшісі Антуан Блуаның материалдары пайдаланынды).
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG