Accessibility links

Саясаттанушы Фрэнсис Фукуяма либерал-демократияға балама тапқысы келетін Ресей президенті Владимир Путин мен «Ислам мемлекеті» тобының іс-әрекеттерінен ештеңе шықпайды деп санайды.

Ресей президенті Владимир Путин мен «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы – бір-бірімен еш ұқсастығы жоқ қас жаулар. Әйткенмен екеуі де мемлекет құру ісінде либералды демократияны алмастыратын саяси балама іздеуге тырысып жатыр. «Бірақ екеуінің де талпынысы сәтсіз аяқталады», - дейді америкалық ғалым Фрэнсис Фукуяма.

Тбилисиге биылғы сапары кезінде Азаттық тілшісіне сұхбат берген белгілі саясаттанушы: «Модернизация процесі барлық елдерді нарықтық жүйесі бар либерал-демократиялық қоғамға алып келетіні тарихтан мәлім. Ал, кей басшылар құрғысы келетін балама модельдер тұрақсыз әрі керітартпа болып келеді», - деген пікір білдірді.

Путиннің Ресейде авторитарлық режимге негізделген «басқарылатын демократия» құру жоспары осыған жақсы мысал бола алады.

РЕСЕЙДЕ ҚАЛЫПТАСҚАН ЖҮЙЕ

Стэнфорд университетінің халықаралық қатынастар бойынша профессоры Фрэнсис Фукуяма 1991 жылы Совет одағы құлаған соң жұрттың көбінде Ресей коммунизмнен демократияға жылдам қадам басады деген үміт болғанын айтады. Ғалымның өзі де сол кезеңде жазылған «Тарихтың соңы» атты әйгілі еңбегінде Батыс пен Шығыс арасындағы идеологиялық күрестің аяқталғанын, Батыстың либерал-демократиясы жеңіске жеткенін айтқан еді.

Ресей президенті Владимир Путин.

Ресей президенті Владимир Путин.

Бірақ, Борис Ельциннің тұсында біраз уақыт либерализм сынақтан өткізіп көрген Ресей ақыр соңында демократиядан тартынып, Путиннің авторитарлық жүйесіне келіп тірелді. Бейресми түрде «путинизм» деп аталатын бұл жүйеде парламенттік демократияның аз-маз нышаны болғанымен, іс жүзінде мұнда жоғарыдан төменге пәрмен беретін иерархиялық жүйе үстемдік құрған, билік те, байлық та президент пен оның айналасындағылардың қолына шоғырланған.

– 1991 жылдан соң мұнда жылдам өзгеріс болады деп күткеніміз қателік болды, - дейді Фукуяма.

Дегенмен, Путиннің авторитарлық жүйесі - либерал-демократияға балама болатындай сәтті модель емес дейді сарапшы. Оның үстемдік құруының бір себебі – әдетте билікті бөлісуді талап ететін орта таптың дұрыс қалыптаспауында. Өйткені, елдегі ең табысты бизнес түрлеріне, әсіресе энергетика және басқа да табиғи ресурстар экспортына мемлекеттік монополия орнаған.

«ПУТИНИЗМНІҢ ІШІ ҚУЫС»

– Бұл көбінесе экономикалық өсіммен байланысты нәрсе, себебі орта табы ауқымды, білімді азаматтары көп жоғары дамыған елдерде халық саясатқа көбірек қатысуды талап ете бастайды. Ресей мен Шығыс Еуропаның кей жерлерінде путинизмнің қанат жаюының себебі – шын мәнісінде ауқымды орта табы бар қоғамды қалыптастыратын модернизацияның жүрмей жатуында, - деді Фукуяма.

Бірақ, Ресейді уысында ұстап отырғанына қарамастан, путинизм режимінің іші қуыс дейді сарапшы.

Ресей президенті Влаимир Путиннің суреті салынған баннер алдында тұрған адамдар. Ялта, Қырым, 17 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ресей президенті Влаимир Путиннің суреті салынған баннер алдында тұрған адамдар. Ялта, Қырым, 17 қаңтар 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

– Оның жүйесі энергетикаға тәуелді экономикалық модельге негізделген, ал мұндай модель қазір күйреп жатыр. Әлемде тауар бағасы құлдырап, Ресейдегі жүйенің іші қуыс екендігі бірден байқалды. Тағы он жыл экономикалық дағдарыстан соң ресейліктер мұны еркін де бақуатты Шығыс Еуропаға балама жүйе дей ала ма, жоқ па, ол жағын көреміз, - деді америкалық сарапшы.

Фукуяма Батыс Еуропада либерал-демократиялық жүйе 150 жыл ішінде қалыптасқанын, жаңа тарихтағы жиырма жылдың нәтижесіне қарап, «Ресейде мұндай саяси өзгеріс ешқандай болмайды деп тұжырым жасау – жаңсақтық» болатынын айтады.

«ИМ» ӨМІРШЕҢ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРА АЛМАЙДЫ»

Сарапшы сонымен бірге радикал ислам да либерал-демократияға бәсеке бола алмайды деп санайды.

– «Ислам мемлекеті» тобы – мемлекет емес және олар өміршең өкімет қалыптастырмайды деп сенімді түрде айта аламын. Күн құрғатпай адамдардың басын кесіп, әйелдердің құқығын тым қатты шектейтін ел – миллиондаған адам онда тұру үшін басын өлімге тігетіндей мемлекет емес, - деді Фрэнсис Фукуяма.

Сириядағы Тел-Абияд қаласында ілінген "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының туы. 24 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Сириядағы Тел-Абияд қаласында ілінген "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының туы. 24 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет.)

Араб әлеміндегі авторитарлық билеушілер заңдылықты қалыптастырып, азаматтардың экономикалық қажеттіліктерін өтей алмағандықтан, онда «Ислам мемлекеті» ұйымы мен басқа да радикал топтар бас көтеріп отыр дейді сарапшы.

– Әлемнің осы бөлігінде либерализм дамымай тұрғаны рас. Бірақ, радикалды ислам Еуропа, Солтүстік Америка және Азиядағы (демократиялық) режимдерге ұзақ мерзімді өркениет тұрғысынан балама бола алады деп ойламаймын, - деді Фрэнсис Фукуяма.

ЛИБЕРАЛ-ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ҮЛГІСІ

Сарапшының айтуынша, «тарихи процесс ретінде модернизация қоғамның өз ішінде жүреді», сөйтіп ол нарықтық жүйесі бар либерал-демократияның қалыптасуына алып келеді. Батыс Еуропадағы қазіргі демократиялық жүйелер осыған айқын мысал бола алады. Ол елдерде халық билікті бөлісіп, баюға мүмкіндік алады, ал мемлекет экономикалық теңсіздіктің тым артып кетпеуін қадағалайды.

– Нарықтық капитализм болғанымен, шынайы демократиялық жүйе қалыптастыра алмаған елдерде теңсіздік артатыны рас. Сондықтан қазіргі капиталистік жүйелердің бәрінде бақуатты мемлекет қалыптасқан, Еуропада мұндай бақуатты мемлекеттер жалпы ішкі өнімнің 50 пайызын тұтынады әрі оны әділетті түрде бөледі, - деді сарапшы.

– Мен үшін Еуропа одағы әрдайым «тарихтың соңы» дегеннің іс жүзіне асқан үлгісі болып келеді. АҚШ моделі біршама либералдау, сондықтан ол, айталық Голландия не Швеция сияқты байлықты көбірек бөліске салмайды, - дейді Фрэнсис Фукуяма.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG