Accessibility links

Халықаралық ұйым Роза Төлетаеваны қудалауды тоқтатуды сұрады


"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы мұнайшысы, қоғамдық белсенді Роза Төлетаева ереуілде отыр. Жаңаөзен, маусым 2011 жыл. Фото "Голос Республики" газетінен алынды.

"Өзенмұнайгаз" компаниясының бұрынғы мұнайшысы, қоғамдық белсенді Роза Төлетаева ереуілде отыр. Жаңаөзен, маусым 2011 жыл. Фото "Голос Республики" газетінен алынды.

Адам құқықтарын қорғаумен айналысатын халықаралық Front Line Defenders ("Фронтлайн дефендерс") қоры Қазақстан билігінен 7 жылға сотталған Жаңаөзен мұнайшыларының белсендісі Роза Төлетаеваның үстінен қозғалған істі тоқтатуды сұрап, мәлімдеме таратты.

Ұйымның ресми сайтында жариялаған мәлімдемесінде Төлетаеваның ереуілдеген мұнайшылардың құқықтарын заңды түрде қорғағанын айтып, оған және оның туыстарына физиологиялық және психологиялық тұрғыдан қысым жасауға қарсы екендерін білдірген.

Front Line Defenders Төлетаеваға "жасалып жатқан қысым мен қылмыстық қудалауды" да тоқтатуды талап еткен.

Төлетаеваның қызы бірнеше күн бұрын БАҚ арқылы анасының бірнеше айдан бері қысымға ұшырап отырғанын хабарлаған еді. Ақтау абақтысында отырған анасы оның ешқандай БАҚ өкілімен сөйлеспеуін сұраған. Төлетаева қызына өзін абақтыда азаптаған адамның "тыныш жүрмесе, бала-шағаңа да жәбір көрсетемін" деп қорқытқанын айтқан.

Бұдан бөлек, Төлетаеваның бауырының үйіне келген екі полицей одан "ешқандай белсенді әрекет жасамаймын, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысқа түспеймін" деген қолхат жазып беруді талап еткен.

Тамыздың 6-сы күні Маңғыстау облыстық соты Жаңаөзен оқиғасына байланысты сотталған 15 адамның апелляциялық шағымын қарап, олардың арасынан тек Роза Төлетаеваға кесілген үкімді 7 жылдан 5 жылға дейін азайтқан еді.

Роза Төлетаеваға Жаңаөзен оқиғасына байланысты сотта «2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктердің ұйымдастырушысы» деген айып тағылған еді.

Қор бұған дейін, Лондон олимпиадасы басталар тұста әлемнің түрлі еліндегі он бес құқық қорғаушының тағдыры туралы жазды. Олардың арасында Роза Төлетаева да құқық қорғау қызметі үшін қудаланып отыр деп сипатталған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG