Accessibility links

Геннадий Головкиннің кәсіпқой рингтегі 35-жеңісі


Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин.

Лос-Анджелесте өткен жекпе-жекте қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин америкалық Доминик Уэйдті екінші раундта нокаутқа жіберді. Ол орта салмақ дәрежесінде WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды.

АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында 23 сәуірде кешке (Қазақстанда 24 сәуір күні таңертең) өткен жекпе-жекте бірінші раундта екі боксшы бірнеше соққы алмасып, бір-бірінің күш-қайратын байқасты. Ал раунд соңына қарай Головкиннің қатты соққысынан есеңгіреген Уэйд рингке жамбастай шоқиып отырып қалды. Төреші санай бастаған кезде Уэйд жекпе-жекті жалғастыра алатынын меңзеп, басын изеді. Осы сәтте гонг соғылып, бірінші раунд аяқталды.

Екінші раундтың басында америкалық боксшы бәселесінің және бір күшті соққысынан рингтің шетіне бүйірлей құлады. Төреші сегізге дейін санағанда Уэйд орнынан тұрып, кездесуді жалғастыруға беттеді. Бірақ кезекті рет басынан тиген Головкиннің соққысынан рингке сұлап түсті. Төреші онға дейін санап біткенде америкалық боксшының аяғынан тік тұруға шамасы келмеді. Бұдан соң төреші кездесу жекпе-жектің аяқталғаны туралы белгі берді.

Кездесуден кейін Геннадий Головкин бапкерлеріне, жанкүйерлеріне алғыс айтып: «Мен кез келген боксшымен кездесуге дайынмын» деп мәлімдеді.

Бұл – 34 жастағы Геннадий Головкиннің кәсіпқой рингтегі 35-кездесуі. Оның барлығында жеңіске жеткен Головкин соның 32-інде нокаутпен ұтқан. Бұл жолы Головкин қатарынан 22-кездесуде бәсекелесін нокаутпен жеңіп, әлемдік бокс тарихындағы рекордты тағы жаңғыртып отыр.

Геннадий Головкин орта салмақ дәрежесінде WBA (Super) тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын 16-рет, IBO чемпионы атағын 13-рет және WBC (Interim) чемпионы атағын төртінші рет, ал IBF чемпионы атағын бірінші рет қорғап қалды. Ал осыған дейін кәсіпқой бокста өткізген 18 кездесуінің бәрінде жеңіске жеткен Доминик Уэйд алғаш рет жеңіліп қалды.

Бұған дейін Головкиннің проумоутері Абель Санчес 2016 жылдың соңына дейін қазақстандық боксшы үш-төрт кездесу өткізетінін айтқан.

Геннадий Головкин алдағы мамыр айында мексикалық Сауль Альварес пен британиялық Амир Хан жекпе-жегінде жеңіп шыққан боксышмен міндетті кездесу өткізуі тиіс. Себебі, WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағы Альвареске тиесілі. 7 мамырда өтетін кездесуде Альварес басым түссе, ол өз атағын қорғап қалады. Осы кездесу жеңімпазы WBA, IBO және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинмен кездесу өткізуі керек. Егер Головкин ол кездесуде жеңіске жетсе, WBC тұжырымы бойынша толық әлем чемпионы атағын иеленіп, орта салмақта әлемнің абсолютті чемпионы атанады.

Уйэдпен кездесуден кейін Головкин: «Альварес пен Хан кездесуінде кім жеңсе де маған бәрібір. Маған тиесілі белбеуді (WBC белдігі) беріңдер» деді.

2015 жылы Геннадий Головкин үш кездесу өткізіп, британиялық Мартин Мюррейді, америкалық кіші Вилли Монроны және канадалық Давид Лемьені жеңген.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG