Accessibility links

Грузия президентін түсінбейтіндер көбейіп келеді


Грузия президенті Геогрий Маргвелашвили AFP арнасына сұхбат беріп отыр. Тбилиси, 19 мамыр 2015 жыл.
Грузия президенті Геогрий Маргвелашвили AFP арнасына сұхбат беріп отыр. Тбилиси, 19 мамыр 2015 жыл.

Желтоқсан айының соңында Грузия премьері Ираклий Гарибашвилидің кенеттен қызметтен кетуі ел президенті Геогрий Маргвелашвилимен арадағы екі жылға созылған алауыздыққа нүкте қойды.

Маргвелашвили қайшылығы көп тұлға. Сайлау жүйесін реформалау тәрізді маңызды саяси мәселелерде оның позициясы биліктегі «Грузин арманы» коалициясынан ерекшеленеді.

ЖАҢА ҮКІМЕТ БАСШЫСЫМЕН «ДОСТАСУ»

Гарибашвилидің ізбасары – Георгий Квирикашвили Маргвелашвилимен бірге әрекет ету үшін позициясынан ауытқыды. Қаңтар айының соңында Маргвелашвили шақырған Ұлттық қауіпсіздік кеңесі отырысына қатысуды міндетім деп білді. Ал Гарибашвили Маргвелашвилидің төрағалығымен өткен мұндай үш сессияның біреуіне ғана қатысқан еді.

Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили Reuters агенттігіне сұхбат беріп отыр. Тбилиси, 11 ақпан 2016 жыл.
Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили Reuters агенттігіне сұхбат беріп отыр. Тбилиси, 11 ақпан 2016 жыл.

Қаңтардың 29-ы күні өткен жиынға Квирикашвилидің қатысатыны жайлы оның кеңсесі мәлімдеме жасап, «үкімет басшысы институттарды сыйлау керектігіне сенеді және биліктің өзара талқылауы қажет маңызды мәселелері тұрғанда мұндай сауалдар (Ұлттық қауіпсіздік кеңесі отырысына қатысу-қатыспау мәселесін айтады – ред.) туындауға тиіс емес» деп санайтынын айтты.

Бірнеше күннен соң Маргвелашвили парламентте «Елдің жағдайы туралы» жыл сайынғы жолдауын жасаған кезде Квирикашвили бұл шараға да қатысты. Республикалық партия жетекшісі Давид Бердзенишвили Квирикашвилидің парламентке келгенін құптап, бұл оқиғаны «саяси тәртіптің қалпына келуі» деп атады.

Бұл «жаңа саяси шындық» Маргвелашвили айтқан және айтпаған сөздерден байқалады. 2015 жылғы жолдауында ол қызметтері бір-бірін қайталайтын «комитет, кеңес және мекемелердің» көптігіне шағымданып, «шын мәнінде бұған кім жауапты?» деген сауал тастаған еді.

Ол кезде Маргвелашвили 2013 жылдың соңында Гарибашвили құрған Қауіпсіздік және дағдарысты басқару жөніндегі кеңесті меңзеген еді, бұл мекеменің қызметі көбіне Ұлттық қауіпсіздік қызметі міндетімен ұштасады және Сыртқы саясат бойынша мекемеаралық кеңес Сыртқы істер министрлігі қызметін қайталайтынын тұспалдаған болатын.

Маргвелашвили айқындықтың болмауы мекемелердің шешім қабылдауын әлсіретеді және жұмыстарының тиімділігіне кедергі келтіреді дегенді айтып, бұл жағдай Грузияның инвесторлары мен халықаралық серіктестерін шатастырады деп ескертті.

Ол Гарибашвили үкіметін «халық сөзіне құлақ асады» деп мақтағанымен, экономикаға қатысты әрекетін сынаған еді, атап айтқанда экономикалық өсімнің төмендеуі мен ұлттық валютаның құлдырауына наразылық білдірген болатын.

Грузия президенті Геогрий Маргвелашвили парламентте сөйлеп тұр. Тбилиси, 3 ақпан 2016 жыл.
Грузия президенті Геогрий Маргвелашвили парламентте сөйлеп тұр. Тбилиси, 3 ақпан 2016 жыл.

Биыл Маргвелашвили ондай сын айтпады, керісінше Квирикашвилидің инфрақұрылым жобаларының тиімділігін арттыру, бизнеспен өзара әрекетті белсенді түрде жүргізу және білім жүйесін реформалау туралы ұсыныстарын мақтады.

Маргвелашвили мемлекетке қатысты негізгі мәселелерді жалпылама атап өтті, оның ішінде демократияны нығайту, қазанда өтетін парламент сайлауын әділетті өткізуге күш салу, ғаламдық экономика дағдарысына төтеп беру, Грузияның Ресеймен қайшылықты қарым-қатынасы, НАТО-ға кіру туралы ұсыныстарының шешім таппай тұрғаны қамтылды.

Парламент спикері Давид Усупашвили «мемлекеттегі қысқа және ұзақмерзімді басым мақсаттарға қатысты көзқарасымыз бір жерден шыққанына ризамын» деді. Бірақ «Грузия арманы» коалициясының басқа өкілдері оның кейбір ұсыныстарына келіспеді.

СЫН

«Грузин арманы» фракциясы жетекшісі Георгий Вольский Маргвелашвилидің парламенттен тыс партиялар қолдаған сайлау реформасын сынады, реформаны бұрын билікте болған Біртұтас ұлттық қозғалыс (БҰҚ) қолдаған еді, бұл жобаға сай қазіргі 75 жеке мандат округындағы сайлау дауыс берудің аймақтық-пропорционалдық жүйесімен ауыстырылады,

«Грузия арманы» коалициясының басқа мүшелері (оның ішінде Гарибашвили де бар) сайлауға дейін мұны жасап шығу мүмкін емес десті.

Оппозициялық депутаттар, әсіресе Біртұтас ұлттық қозғалыстың екі өкілі қатқыл сөйледі. Серго Ратиани Маргвелашвилидің негізгі мәселелерге қатысты тым бұлыңғыр сөйлегенін, «жүйелі сыбайлас жемқорлық» пен «Грузия арманының» негізін қалаушы, миллиардер Бидзина Иванишвилидің рөлі мен үкіметке ықпалы туралы ештеңе айтпағанын сынады.

Бидзина Иванишвилидің (сол жақта) Грузия премьері болған кезіндегі ел президенті Геогрий Маргвелашвилидің қасында отырған суреті. Тблиси, 28 қараша 2013 жыл.
Бидзина Иванишвилидің (сол жақта) Грузия премьері болған кезіндегі ел президенті Геогрий Маргвелашвилидің қасында отырған суреті. Тблиси, 28 қараша 2013 жыл.

Біртұтас ұлттық қозғалыс өкілдерінің пікірінше, үкімет билігі шын мәнінде Иванишвилидің қолында. Георгий Габашвили Ратианиге қарағанда нақты сөйлеп, Маргвелашвилидің «Грузия заңға ғана бағынатын ел болады» деген мәлімдемесін «арсыздық» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, өйткені «елді бейресми түрде бір ғана адам – Иванишвили билеп отыр, ол тек өз мүддесін ойлайды».

Бірақ «Грузия арманы» фракциясы ішінен де Маргвелашвилиді сынаушылар табылды. 1995 жылдан бері парламентте көп орын алып келе жатқан «Өнеркәсіп Грузияны құтқарады» партиясы жетекшісі Гоги Топадзе Маргвелашвилидің Иванишвилиді сынағанына кейіп, «жақсылықты бағаламадың», «өзіңді президент етіп сайлаған үкіметке алғыс айтпадың» деп ренжіді.

Бұдан бөлек, Топадзе Маргвелашвилидің Тбилисидегі президент сарайын босатудан бас тартқанына да наразы. Ол сарайды бұрынғы президент Михаил Саакашвили мол қаржыға салдырған еді. Топадзе Маргвелашвилидің грузин халқын «Дауна сырқатына шалдыққан жандарға» теңегенін де сынады.

Бірнеше жыл бұрын Dro Mshvidobisa (Бейбіт заман) журналына жариялаған мақаласында бұрынғы философия профессоры Маргвелашвили грузин халқын «психикалық тұрғыда дамымаған, өскісі келмейтін халық» деп сипаттаған. Бұлайша ол халқының жауапкершілікті мойнына алғысы келмейтінін меңзесе керек.

Кейіннен бұл сөзі үшін ақталғысы келген Маргвелашвили мен оның әйелі 2015 жылдың наурыз айында президент сарайына Дауна синдромына шалдыққан сәбилерді шақырып, қонақ етті.

Кабинеттің екі мүшесі – әділет министрі Тей Цулукиани ханым мен еңбек, денсаулық және әлеуметтік қауіпсіздік министрі Давид Сергеенко ауыр сөз үшін көпшілік алдында кешірім сұрады, кейін Топадзе де ол пікірді құптамайтынын мәлімдеді.

Тбилисидегі президент сарайы.
Тбилисидегі президент сарайы.

Бірақ парламент мүшелері Маргвелашвилиді президент сарайын босатпағаны үшін сынаған соң, тұрғындар наразылық білдіріп, ақпанның 12-сі күні шеруге шықты. Оған қатысушылар экономикалық тоқырау кезінде мемлекет екі бірдей ресми президент резиденциясын қамтамасыз ете алмайды деген позицияларын айтты. Тіпті кейбіреулер Маргвелашвилидің биліктен кетуін талап етті.

Шын мәнінде бұл шеруге 30 шақты адам ғана қатысқан еді. Алайда елдегі экономикалық жағдай нашарлай берсе, Маргвелашвили халықтың мүшкіл хәліне биліктің немкетті қарауының символына айналуы ғажап емес.

Сайлау реформасына қатысты пікірталастар қыза берсе, Маргвелашвили парламентте көп орынды иеленіп отырған «Грузин арманы» коалициясымен де қақтығысқа келіп қалуы мүмкін. Партия мүшелері «реформаны 2016 жылғы парламент сайлауынан соң ғана жүзеге асырған жөн» деп мәлімдеген еді.

Лиз Фуллердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG